ОРАЛ. 18 қазан. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті БҚО бойынша басқармасы 20 қызметкерінің 18-і өз лауазымына лайық деп табылды.
Аталмыш басқарманың ұйымдастыру-кадр жұмысы бойынша аға прокуроры Аида Ниязованың айтуынша, қызметкерлер бірнеше тест және әңгімелесу сынды үш кезеңнен тұратын сынақтан өтті. Соның қорытындысына сәйкес өз лауазымына сәйкес келмеген екі жас қызметкер төмен қызметке ауыстырылды.
Аталмыш басқарма бастығының міндетін атқарушы Асқар Қапуловтың сөзіне қарағанда, биылғы жыл басынан бері құқық қорғау органдары өздеріне түскен барлық арыз-шағымды толық тіркеп, электронды жүйеге түсірді. Сондай-ақ органдардың қызметін қылмыстардың ашылу деңгейімен бағалаудан бас тартылды. Соның нәтижесінде бұрын тіркелмей, көлеңкеде қалып келген ұрлық-қарлық, бұзақылық қылмыстар санаққа ілікті.
Биылғы тоғыз айда облыста 7186 қылмыс тіркелген, бұл өткен жылғыдан 73,4 пайызға көп. Еліміз бойынша қылмыс саны 52,5 пайызға артты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).