«Күлдіреміз деп, бүлдіріп жүрген жоқ па?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 5 қыркүйек, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Бүгін және ертең Ресейдің Санкт-Петербург қаласында «Үлкен жиырмалықтың» саммиті өткелі тұр. Қазіргі күндері мұнда G20 елдері қаржы министрлері орынбасарларының кездесулері жүріп жатыр. Кеше кешкісін аяқталған жиындардың негізгі мақсаты ертең қыркүйек күні жарияланатын болып жоспарланған «Жиырмалық тобы» мемлекет және үкімет басшыларының қорытынды мәлімдемесінің жобасын дайындау болып табылады. Ал саммиттің өзінде әлемдегі дамыған және дамушы елдердің көпшілігіндегі экономика дамуының тежелісі мен оларды ұзақ мерзімді өсімге бастайтын тетіктерді табудың жайы кеңінен талқыланады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, Әлемнің ең дамыған елдер ібас­шы­ларының алғауымен керуен керетін бұл ұлы жиынға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады. Біздің Елбасы мұнда Ресей Федерациясының Президенті және «Үлкен жиырмалық» тобының іс үстіндегі төрағасы Владимир Путиннің арнайы шақыруы бойынша баратын болады. Күн тәртібіне қазіргі таңдағы аса маңызды халықаралық экономикалық және қаржылық мәселелерді ұсынатын бұл жолғы G20 саммитінің салмағы мен сапасы жоғары болып отырғаны сондай, АҚШ-тың Президенті Барак Обама өзі үшін кезек күттірмейтін келелі іс саналған Сирияға әуеден шабуыл жасаудың жайын Конгресте талқылауға қалдырып, осында арнайы келмекші. Себебі, бүгінгі күндері Жер шарындағы көптеген елдерде, соның ішінде Құрама Штаттар да бар, қалыптасып отырған экономикалық ахуал кім-кімді де алаңдатпай қоймас еді. Мақала «Тежеулі істердің тетігін іздеу» деген тақырыппен берілген.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында ауыл ахуалы кеңінен талқыға түсті. Талқыланған мәселе бойынша Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин баяндады. Ол бүгінгі күні республикамыздағы елді мекендерде 7,6 млн. адам тұратынын, барлық ауылдардың ішінде 1310-ының даму әлеуетінің жоғары, 5192-сінің орташа болып табылатынын атап өтті. Ауылдық аумақтарды инфрақұ­ры­лымдық дамыту бойынша ша­ралар білім беру, денсаулық сақ­тау, «Ақ бұлақ», коммуналдық шаруашылықтарды жаңғырту және басқа да бағдарламалар бойынша іске асырылуда. «Отырыс қорытындысы бойынша, Өңірлік даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және облыстар әкімдерімен бірлесіп үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейін «Ауылдық аумақтарды дамыту» деген жеке тарау қоса отырып «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына түзетулер енгізу, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, кенттер және ауылдар әкімдерімен жергілікті өзін өзі басқару және мемлекеттік функцияларды орталықсыздандыру мәселелері бойынша әдістемелік және түсінік жұмыстарын жалғастыра беру тапсырылды», - деп жазады басылым «Ауыл ахуалы қашан жақсарады?» деген тақырыптағы мақаласында.

***

Кеше өз Ақордасында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа елшілерді қабылдады. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінің бейсенбілік нөмірінде «Екі елші қазақша сөйледі» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, бұл күні Елбасыға Словакияның елшісі Петер Юза, Грузияның елшісі Зураб Патарадзе, Моңғолия елшісі Жагир Сухээ, Қытай елшісі Лэ Юйчэн және Финляндия елшісі Илкка Унто Калерво Райсанен сенім грамоталарын тапсырды. «Бір сүйсінткені, Финляндия мен Моңғолияның жаңа елшілері Қазақстан көшбасшысына таза қазақ тілінде қайырылды. Бұл - мемлекеттік тілге, сол арқылы мемлекетке көрсеткен зор құрмет, ыстық ықылас болса керек. Бір қызығы, моңғол мемлекетінің Қазақстандағы жаңа елшісінің өмірбаянында оның ағылшын, орыс, корей тілдерімен қатар, қазақша да білетіндігі ресми жазылған», - делінген мақалада.


Ұлыбританиядан бастау алған скетч-шоулар бүгінгі қазақ телеарналарын да жаулап алды. Бірнеше шағын көріністерден тұратын кішігірім бағдарламаларды скетч-шоу деп атайды. Мұндай бағдарламалардың мақсаты біреу - көрерменді күлкіге қарық қылу. Бүгінде отандық телеарналардан 5-6 скетч-шоуды көре аласыз. Әйткенмен, аталмыш бағдарламаларды көре отырып, күлкіге кенелу мүмкін емес. Өйткені барлығы да қазақтың өмірін, қазақы тіршілікті мазаққа айналдырғандай. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Күлдіреміз деп, бүлдіріп жүрген жоқ па?» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Күле білу - өмір, күлдіре білу - өнер, ал күлкі болу - өлім» деген сөзді жиі қолданамыз. Атам қазақ: «Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз» деп үш арсызды бейнелейді. Дегенмен, қайсыбір телеарнаны тамашалап отырған көрермен көбіне езуіне күлкі үйіртетін бағдарламаларды іздейді. Бұл - әлде Америкадан, әлде көршілес Ресейден келген дәстүр болса керек. Жә, шынайы күлкіге, әдемі әзілге ештеңе жетпесі анық. Бірақ телеарналар көрермен назарына ұсынатын скетч-шоулар езуіңізге күлкі емес, көңіліңізге күдік, көзіңізге жас үйіртеді. Неге?» - деп жазады басылым.