18:25, 02 Сәуір 2009
Құлшылық амалдарының бір болуы жат пиғылдың тууына жол бермейді ? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы
АЛМАТЫ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Орталық Азия халықтарының діни алауыздық пен ұрыс-керіс, дау-жанжалдан іргесін аулақ салуының да бірден-бір сыры құлшылық амалдарының бір болуында. Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы және қазіргі заман» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі қоғамда діни сауаттылық пен танымның жеткіліксіздігінен түрлі ағымдар мен топтар жетегінде кеткен қайсыбір қандастарымыздың аузынан Әбу Ханифа мазһабын ұстаудың қажеті қанша деген қыршаңқы сауал ішінара болса да естіліп қалады. Бұл сауалды қоюшыларға ең алдымен әбу Ханифа мазһабының ерекшеліктері мен мән-маңызын зерттеуге кеңес беремін. Екіншіден, бұл құқықтық мектепті ата-бабаларымыз неге ұстанған деп, оның өмірі мен қоғамымызда алар орны мен рөлін бағамдауы ләзім. Қазіргі мақсат - халқымыздың имандылығын, рухани деңгейін өсіру үшін адамгершілікке, тәлім-қасиеттерге жетелейтін, әділдікті, шындықты, адалдықты уағыздайтын ислам дінінің құндылықтарын сауаттылық, әділ-парасаттылықпен насихаттау деп білеміз», - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі. Оның айтуынша, биыл Имам Ағзам Әбу Ханифаның туғанына 1350 жыл толып отыр. Сол себепті де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осындай айтулы оқиғаны халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен атап өтуді ұйғарды. Бұл шараның мәні мен маңызы Әбу Ханифа мазһабын тереңнен талдап, ғылыми құндылығын халыққа насихаттауда жатыр.