Бүгін қазақ поэзиясының «Аққуы» атанған көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марфуға Айтхожа 90 жасқа толды. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынға құттықтау жеделхатын жолдады.
Президент өз құттықтауында Марфуға Айтхожаның ғибратты ғұмырын ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытуға, қазақ поэзиясының өрісін кеңейтуге арнағанын атап өтті. Ақын жырларында қазақ даласы мен тарихы, елдің ынтымағы мен салт-дәстүрі кең көрініс тапқанын айтты.
Айдынын адаспай тапқан «Аққу»
«Қазақ поэзиясының «Аққуы» деген атау – оның болмысын дәл танытатын теңеу. Оның мәнін ақын Ұлықбек Есдәулет тарқатып айтты.
- Марфуға Айтхожина – өзінің өміршең өлеңдерімен жұртының жүрегін жаулаған, нәзік сырлы жырлары халыққа кең таралған ХХ ғасырдың сонау алпысыншы жылдарынан күні бүгінге дейін жырының жарқылымен жүректерді жылытып келе жатқан елдің сүйікті ақыны. Біз Марфуға апайдың өлеңдерін бала кезімізден оқып келе жатырмыз. Оның алғашқы «Балқұрақ» деп аталатын, сонау 1962 жылы шыққан жинағы бүкіл әдеби қауымды елең еткізген. Сол заманның өзінде жас толқынның алғашқы легінде болған. Ол кісінің Жазушылар одағына өткен кезде өзіне таңдап алған бүркеншік есімі «Аққу» екен. Өзі өскен жердегі Сайрам деген көлдің аққуларына қызығып өссе керек. Жалпы, қазақ поэзиясында мынадай жақсы үрдіс болған. Хадиша апайымыздың «Сандуғаш», Ақұштап апайымыздың «Шағала», Марфуға апамыздың «Аққу» деген бүркеншік есімі болған.
Апайдың «Марфуға» деген атының өзінің ар жағында үлкен наным-сенім бар. Меккеде Сафа, Мәруа деген таулар бар. Сол Мәруа тауы жатаған болса да, биіктік деген мағынаны береді екен. Сол таудың атын атасы Айтқожа қажылықтан келгенде туған немересіне қояды, – дейді ақын.
Марфуға Айтхожа 1936 жылғы 25 тамызда Қытайдың Құлжа қаласында дүниеге келген. Атасы Айтқожа елге белгілі би, шешен, суырып салма ақын болған. Кеңестік қуғын-сүргін кезінде ол жазықсыз жазаланып, «Итжеккенге» айдалды. Әкесі Ғали да қуғын-сүргіннің зардабын тартты. Қарағаш мектебінде еңбек етіп жүрген жерінен Алматыға сексен адаммен бірге айдалған ол кейін Қытайға өтуге мәжбүр болған. Аштық пен қуғын-сүргін әулеттің тағдырын талқандап, туған жерден жыраққа тықсырды.
Марфуға осындай саясаттың суық көлеңкесі түскен әулетте дүниеге келді. Анасы Би-Фәтиманың тағдыры да қызының жүрегіне өшпес із қалдырды. Оның да ел басына түскен ауыртпалықтарды бастан өткергенін, туған жерге деген сағынышын баса алмай жат топырақта дамыл тапқанын жиі еске алады. Ақын Құлжадағы гимназияда мұғалім болып жүрген 1957 жылы сол анасы қайтыс болды. Кейін туған жеріне барған сапарында анасының қабіріне арнайы барып, сол сәтті өлеңге айналдырды.
Бұл – ақынның шығармашылығындағы сағыныш жай ғана көркем тақырып емес екенін көрсететін өмір шындығы. Анасының қабіріне барған сол сапардан «Жапырақ сілкінген кеш» атты жыр жинағын жазып қайтты.
Осы бір ғана өмір үзігінің өзінен Марфуға Айтхожа поэзиясының табиғатын тануға болады. Өмір жолы жанына жамаған жара өлеңге айналып, өзгелердің жүрегіне жетеді.
Ол 1956-1958 жылдары Құлжа қаласындағы қыздар гимназиясында мұғалім болып еңбек етті. 1958 жылы әйгілі көшпен бірге атамекенге келгеннен кейін қазақ әдебиетінің кәсіби ортасына араласты. 1965 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. 1961-1968 жылдары «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде жұмыс істеді. 1971 жылы Мәскеудегі Жоғары әдеби курстарды тәмамдады.
Оның әдебиеттегі жолы «Балқұрақ» жинағынан басталды. 1962 жылы жарық көрген алғашқы кітабынан кейін ақынның ондаған жинағы оқырманға жол тартты. «Аққуым менің», «Қаракөз айым», «Баянжүрек», «Ақ бесігім», «Сағыныш сазы», «Аңсау», «Аққу жүрек» секілді кітаптары қазақ поэзиясының қорына қосылды.
Бүгінде Марфуға Айтхожаның 40-тан астам жинағы жарық көрген. Өлеңдері мен поэмалары әлемнің 40-тан астам тіліне аударылған. Оның жырларына Қазақстанның ғана емес, шетел композиторларының да ән жазуы ақын сөзінің шекарадан асып, өзге жүректерге де жол тапқанын көрсетеді.
«Аңсау»
2001 жылы жарық көрген осы жинақ үшін ақын 2002 жылы Мемлекеттік сыйлық алды.
Құлжада туған қыздың тарихи Отанына деген сағынышы, әулетінің туған жерден амалсыз алыстауы, анасының туған елге деген аңсары, кейінгі өміріндегі ауыр қазалар – бәрі оның поэзиясындағы осы сезімді тереңдете түсті.
Ақынның өзі де өміріндегі ең ауыр сәттерді жасырмай айтқан. Жеке сұхбаттарының бірінде өмірлік жарының да мезгілсіз қайтыс болғанын, кейін ұлының өмірден озғанын өзегі өртене отырып еске алады. Оның шығармашылығындағы нәзіктік осындай сынақтардың арасынан шықты.
Ал қайсарлығы осындай тағдыр тауқыметінен шыңдала түскенінен көрінеді. Марфуға Айтхожа Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі болды. Әлем қазақтарының көптеген халықаралық форумдарына, конференциялары мен құрылтайларына белсенді қатысты. 1995-1998 жылдары Президент жанындағы Республикалық әйелдер құқықтары және демографиялық саясат жөніндегі кеңестің басқарма мүшесі болды. Ол «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталды. 2009 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Түрксой таққан алтын медаль
Түрксой Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ақынның бүгінгі мерейтойы қарсаңында оны «Хакім Абай» алтын медалімен марапаттайтындарын мәлім етті.
- Апамыз жас кезінде шабандоз болған. Кейін поэзия дейтін арғымақтың да жалынан тартып мініп, бүгінге дейін арынын, екпінін бәсеңдеткен жоқ. «Шыңдағы жазу», «Жастық шақ», «Аққуым менің», «Қаракөз айым», «Баянжүрек» деген сияқты көптеген жыр жинақтары жарық көрді. Бұл кісі өлеңді қиналмай, табиғи қалпында тамшыдай мөлдір етіп құя салатын өнерін халқынан аяған жоқ. Бұл кісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Апамыздың 90-ға толған мерейтойы құтты болсын! Апамызға жүзден асқанша қаламын еркін сілтейтіндей шабыт, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейміз. Сонымен қоса Түрксой Жазушылар одағының атынан, күллі түркі тілдес қаламгерлердің атынан апамызды мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, «Хакім Абай» алтын медалімен марапаттаймыз және төсбелгісін өңіріне тағамыз, - деді ол.
Бірнеше буынның жүрегін өлеңмен жылытып, жанына жырдан шуақ төккен ақынның әлемі сондықтан құнды.
Оның жанының нәзіктігі – өлеңдерінде. Ал болмысының қайсарлығы – тоқсан жылдық ғұмырында.