Министр Айдарбек Сапаровтың Үкімет отырысында айтқан мәліметі бойынша, өткен 11 айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 8,4 пайыз төмендеп, 8,2 трлн теңге болған.
«Өндіріс көлемінің төмендеуіне өсімдік шаруашылығының қолайсыз ауа райы салдарынан азаюы әсер етті. Салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі төмендеп, олардың сапасы нашар болды. Бұған қарамастан, диқандардың адал еңбегінің арқасында 16,6 млн тонна дәнді дақыл, 2,1 млн тонна майлы дақыл, 5 млн тонна жемшөп жиналды. Бұл жиналған өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті», - дейді ведомство басшысы.
Агроөнеркәсіп саласының ішінде мал шаруашылығындағы тұрақты өсім биыл да жалғасқан.
«11 айда өнім көлемі 3,3 пайыз өсіп, 3,8 трлн теңгеге жеткен. Мал мен құс саны 3 пайыздан 9,5 пайызға дейін өсті. Ал азық-түлік өндірісінің көлемі 1,9 пайыз өсіп, 2,9 трлн теңге болды. Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік кешенде 207 инвестициялық жоба іске асырылды. 11 айда ауыл шаруашылығына 855 млрд теңге инвестиция тартылып, жылдық өсім 11%-ды көрсетті. Бір жылда азық-түлік өнімдерін өндіруге 130 млрд теңге тартылды», - делінген министрлік мәліметінде.
Биылғы жаз, әсіресе Жамбыл өңіріндегі диқандарға ауыр болды. Бұл өңірде қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға қаржылай көмек ретінде Үкімет резервінен 3,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, астық кептіруге жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Үкімет резервінен Азық-түлік корпорациясына 350 мың тонна көлемінде бидайды тікелей сатып алуға 31 млрд теңге бөлінді. Бұл келесі жылы алқаптарға неғұрлым сапалы тұқым себуге септігін тигізуі керек. Аталған шара келесі маусымға 400 мың тоннаға жуық бидай тұқымының қорын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Субсидиялау жүйесін реформалау биыл да жалғасты. Биылғы өзгертулердің көбі саладағы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге бағытталған. Министрлік биыл іске қосылған Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі осы үдеден шығатынына сенімді.
Шағын және орта шаруа қожалықтарына арналған субсидияға қол жеткізудің «күту парақтары» енгізілді. Бұл субсидия кезегінің әділдігін қамтамасыз етеді деген есеп бар.
Биыл сүт фермаларын салып, сүт өндіру көлемін арттыруға 100 миллиард теңге бөлінді. 2024 жылы да бағдарламаға 100 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында салаға 100 млрд теңге бөлінді. Бұл ақша 17 мың микрокредит ретінде үлестіріледі. Ондағы мақсат – 18 мыңға жуық жұмыс орнын құру.
Президенттің тапсырмасына сәйкес пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы, 2022 жылдың басынан бері 10 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Министрлік агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын қайта өзекті етпек. Атап айтсақ, алқаптарға себілетін дақылдардың түрін әртараптандыру, тұқым сапасын жетілдіре түсу, техника паркін жаңарту, жоғары өңделген өнімдердің үлесін арттыру мәселелері тұр.