- Медицина саласын таңдауыңызға не себеп болды?
- 1988 жылы Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Сарыбел ауылында дүниеге келдім. Мектеп бітірген соң Өскемендегі медициналық колледжге оқуға түсіп, 2009 жылы аяқтадым. Міне, осы уақыттан бері қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында жұмыс істеп келемін. 13 жыл шақыртуларға барып, халыққа алғашқы көмек көрсетіп жүрдім. Енді биылғы шілде айынан бастап фельдшер қызметін атқарудамын. Қазіргі міндетім – жедел жәрдем қызметкерлерінің шақыртуларға уақтылы барғанын және жұмыс сапасын қадағалау.
Шынын айтқанда, бала күнгі мақсатым басқа еді. «Өскенде кім боласың?» деп сұрағанда «Ұшқыш» деп жауап беретінмін. Бірақ ауылда жүрген бізге ұшқыш болу үшін қайда барып қандай білім алу керектігін ешкім көрсетпеді. Сосын ата-анаммен ақылдаса келе, медицина қызметкері боламын деп шештім. Себебі ауылда үнемі дәрігер жетіспейтін. Осы мамандықты меңгерсем жұмыссыз қалмайтын шығармын деп ойладым. Бұл таңдауыма өкініп көрген емеспін.
- Қала бойынша қанша жедел жәрдем бригадасы бар?
- Күн сайын 25 бригада шақыртуларға барады. Бір бригадада – 3 адам, нақты айтқанда жүргізуші, дәрігер мен фельдшер болады. Олар ауысыммен жұмыс істейді. Бір тәулік қызмет етіп, 3 күн демалады. Таңертең сағат 08.00-де келіп, келесі күні осы уақытта жұмысын аяқтайды. Яғни, 24 сағат жұмыста болады.
- Сонда ұйықтауға да уақыт болмай ма?
- Түнгі сағат 02.00-де шақыртулар саябырлағанда бір сағаттай мызғып алады. Бірақ ол да жағдайға байланысты. Бізде осы кезде үзіліс немесе тамақтану уақыты дегендей жұмыс кестесі жоқ. Мәселен, таңертең 7-8 шақыртуға барған қызметкер түске қарай жұмысқа келіп, 15-20 минут ішінде ас ішіп, таусылып қалған керек-жарақтарын, яғни шприц немесе дәрі-дәрмектерді толтырып алып, қайтадан жолға шығады.
Шақыртулар үздіксіз түсіп отырады. Қоңырауларды диспетчерлік бөлім қабылдайды. Ал жәдел жәрдем қызметкерлері халыққа дамылсыз көмек көрсетуге аттанады.
- Көбінесе қандай шақыртулар түседі?
- Қан қысымы көтерілген қарттар, ыстығы бар немесе іші ауырған балалардың ата-аналары жиі хабарласып жатады. Айтылған мекенжайға табан тіреген соң әуелі науқастың шағымын сұраймыз. «Қай жеріңіз ауырып тұр?», «Нақты қашаннан ауыра бастады?» деген секілді сауалдар қойылады.
Қан қысымы болса, максималды қаншаға дейін көтерілгені, күнделікті ішетін дәрілерін қабылдап жүр ме, өзі тіркеуде тұрған емханаға уақтылы барып қарала ма, сол жағын анықтаймыз. Содан кейін диагноз қойылып, дәрі беріледі. Егер одан пайда болмаса, екпе салынады. Ал сонда да нәтиже байқалмаса, ауруханаға алып кетеміз.
- Осыншама уақыт жәдел жәрдем сапында қызмет етіп жүріп, түрлі оқиғаларды бастан кешірген шығарсыз. Солардың бірнешеуін еске алсақ...
- Әрине. Сан алуан жағдай болды. 2020 жылы толғағы келген әйел жедел жәрдемге хабарласты. Құстай ұшып діттеген жерге жеттік. Келіншекті көлікке салып, перзентханаға қарай бағыт алдық. Алайда оның жеткенше шыдамайтындығы байқалды. Сөйтіп, жарты жолда тоқтап, әйелді көлік ішінде босандыруға тура келді.
Құдайға шүкір, бәрі ойдағыдай болып, балапан аман-есен жарық дүние есігін ашты. Кестетігердің кіндігін сол жерде кестім. Қазір өзім 3 ұл тәрбиелеп отырмын. Кейде қалжыңдап «менің тағы бір қызым бар» деп қоямын.
Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Қателеспесем, 2012 жыл ғой деймін. Славский атындағы жағалау көшесінде жаппай төбелес болып, 6 адамды пышақтап кеткен. Соның екеуі өте ауыр жағдайда еді. Олардың барлығына алғашқы көмек көрсетіп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізіп, хирургтардың қолына тапсырдық. Әйтеуір, бәрі аман қалды.
Қазір пышақ жарақатын алып хабарласатындар азайды. Мен алғаш жұмысқа тұрған жылдары мұндай шақыртулар әлдеқайда көп-тұғын.
- Ұлдарыңыз өскенде өзіңіз секілді медицина қызметкері боламыз демей ме?
- Үлкен ұлымыз 11-де, екіншісі 10-да, кенжеміз 5-те. Әйелім мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. Ортаншысы «әкем сияқты жедел жәрдем қызметкері боламын. Адамдарды құтқарамын» дейді.
Біздің әулетте медицина қызметкері атанған алғашқы адам мен екенмін. Әке-шешем қарапайым еңбек адамдары. Қазір осы саланы таңдап жатқан бауыр-қарындастарым аз емес.
- Жұмысқа жаңадан қабылданған жас мамандарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
- Оларға әрдайым тәжірибеммен бөлісіп, көрген-білгенімді, санаға түйгенімді айтуға дайынмын. Жұмыстың қиындығына шыдамай кетіп қалатын жастар да кездеседі. Жедел жәрдем қызметкерлерінің жүктемесі жеңіл еместігі рас. Шақыртулар да бұрынғыдан көбейіп келеді.
Осы саланы таңдаймын десеңіз, жұмысыңызды сүйе біліңіз. Ауыртпалықты көтеріп, стреске шыдап, бәріне дайын болуыңыз шарт. Бір тәулік бойы қауырт қызметті атқарып болған соң әріптестермен сол ауысымда болған келеңсіз жайттарды талқыға салған соң, бірден ұмытып кету керек. Негативті үйге өзіңмен алып келудің қажеті жоқ.
Біздің жұмыс іш пыстырмайды. Бір тәулікте 20-ға жуық шақыртуға барамыз. Соның барлығы бір-біріне ұқсамайды. Әр адам әртүрлі ғой. Шұғыл жағдайларда көмекке ұмтылғанда өзіңнің бұл дүниедегі миссияңды орындап жүргендей сезінесің. Себебі бірінші Құдайдың қалауымен, екінші өзің себепші болып бір адамның жаны сұм ажалдан арашаланып жатады. Осындай сәттерде науқастар алғысын жаудырып, шынайы ризашылығын білдіргенде өне бойыңды ерекше сезім билейді.
- Бүгінгі мерекеге орай әріптестеріңізге айтар тілегіңіз?
- Ең бірінші зор денсаулық тілеймін. Себебі түрлі жағдайларды көргеннен кейін денсаулықтың қадірін шын түсінеді екенсің. Ақ халаттылар аман болса, халықтың да денсаулығы жақсы болады. Барша әріптестеріме жұмыстарыңыз табысты, әулеттеріңіз берекелі, бала-шағаларыңыз аман болсын деймін!
- Әңгімеңізге көп рахмет!