Күн, Жер және Марс бір қатарға тізіледі

АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат - Бүгін, жұма күні кешке Жер мен Марс ғаламшардары Күнмен бір қатарға тізіледі - яғни, екі ғаламшардың қарсы тұру үдерісі орын алады,

деп хабарлайды «РИА «Новости» агенттігі.

Өткен сәрсенбі күні Марс Жерге 99 миллион шақырымға дейін жақындап, соңғы 2,5 жылдағы ең минимальды қашықтықты көрсетті. Егер екі ғаламшардың орбиталары бір жазықтықта болып, дәлме-дәл айналма қозғалыста болса, аталмыш екі оқиға қатар келген болар еді. «Ғаламшарлардың орбиталары айналма емес, эллипсті болғандықтан және бір жазықтықта жатпағандықтан, осындай екі күндік айырмашылық бар», - деп түсіндіреді бұл құбылысты астроном, Келдыш атындағы Қолданбалы математика институтының ғылыми қызметкері Леонид Еленин.

Ғаламшарлардың қарсы тұру құбылысы шамамен мәскеу уақыты бойынша сағат 22.00-да орын алады. Бұл аптада Марс ғаламшарын Шаян шоқжұздызынан - Егіздер мен Арыстан шоқжұлдыздарының арасынан іздеу керек, дейді маман.