«Құнанбай» ғаламторда жүр. Бұл заңға томпақ емес пе?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 4 ақпан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Аумағы бойынша Қазақстанда алғашқы орындарды алмаса да, саяси-экономикалық, әлеуметтік маңызы жағынан алғаш ауызға түсетін аймақтардың бірі - Атырау облысы қазір үлкен өзгерістерге бет бұрды. Агроөнеркәсіп саласында соңғы 3 жылда 16 кәсіпорын ашылған. Алғашқыларының бірі - сиыр сүті фермасы, 1179 асыл тұқымды сиыр сауылып отыр. Қазір күніне 7 мың литр сүт өнімдерін шығарады. Облыста жылына 12 миллион дана ет консервісін шығаратын өндіріс іске қосылған. Осы өндірістің өнімдері қазір Астана дүкендеріне дейін сатылуда. Екі құс фермасы ашылған. Ал облысты осындай жағымды өзгерістерге бастап отырған әкім - Бақтықожа Ізмұханбетовтің өлең жазғанын, кезінде қазақтың аяулы ақыны Төлеген Айбергенов Б.Ізмұханбетовке «өлеңді тастама» деп ақыл айтқанын біреу білсе, біреу білмейді. «Өзімнің ешқашан ақын бол­майтынымды да білемін. Ал ақын болу­ға ұмтылу, еліктеу, ақынжандылық деген болады. Өмір жолымда, жалпы, елік­теу­дің үлгілері аз болған жоқ. Бір кездері математик те болғым келді, журналист те болғым келді. Музыкадан да жақсы хабарым бар. Айналып келгенде, мұнайшы болдым...Өмірімде адам таңғаларлық оқиғалар аз болмаған шығар. Мысалы, Уфаға институтқа түскен бойда 1966 жылы Қазақстан Жазушылар одағынан көп жазушы келді. Оларды башқұрттың Жазушылар одағының төрағасы Мұстай Кәрім күтіп алды. Айтулы мәдениет сарайының ішінде әсерлі кездесу өтті. Сонда мен сұранып, сахнадан жазушылар алдында өлең оқыдым. Түсіп келе жатқанымда ақ көйлек, қара костюм киген, шашы бұйра, шалбары тар әрі қысқалау (дәл қазіргідей есімде), бойшаң бір жігіт «Бері кел» деп шақырып алды. Мән-жайымды сұрады. Содан кейін айтқаны: «Мұнай институтында оқысаң, сенен ақын шықпас. Бірақ ақынжанды адамдардың жаны нәзік болады, осыны тас­тама», - деді. Ол Төлеген Айбергенов екен. 1967 жылы, арада бір жыл өткенде қайтыс болып кетті. Мұндай сәттердің өмірімізде талайы өтті. Жазған-сызғандарымды өз алдына жеке кітап етіп шығарғаннан гөрі осындай сұрақтарға естелік айтқанды жөн санаймын»,-деген облыс әкімі «Егемен Қазақстан» газетінің журналистеріне сұхбат бере отырып. Саяси-экономикалық сұрақтардан басқа, адамгершілік пен қазақтың кешегі-бүгінгі тағдыры туралы Б.Ізмұханбетовтің ойларын «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы «Ақылымның асқанынан емес, көргенімнің көптігінен айтамын...» атты сұхбатынан оқыңыздар.

Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, ежелгі Жібек жолын жаңғыртып, Шығыс пен Батысты төте жолдармен байланыстырып, екі құрлықтың ықпалдастығын арттыруды көздеп отырған Қазақстан әлемдегі тасымалдау бойынша жаһандық ойыншылардың қатарынан орын алуға талпынып отыр. Мамандардың нақты болжамдарына сүйенсек, жоспарланған осынау мақсатқа қол жетсе, тағы 5-6 жылдың көлемінде еліміздің транзиттік жолдарындағы жүк тасымалы бүгінгіден екі есеге көбейіп, 36 миллион тоннаға дейін артады екен. Ол жағдайда еліміз жаңадан қолға алып жатқан логистикалық қызмет көрсету саласының қарыштап алға жылжитынына дау жоқ. Тасымалдағы тауарды бір есіктен екінші есікке дейін мұқият жеткізіп беру қызметі өріс алса, өндірістің өркен жаяры кәдік. «Республика орталығы Астанадан тарайтын жолдар ел аумағымен ғана шектелмей, көрші мемлекеттердің күретамыры іспетті транзиттік жолдарына жалғанып, әлемдік тасымал ағындарына әр тараптан барып қосылуды көздеген Қазақстан расында тасымалдың ғаламдық ойыншыларының қатарына еніп келе жатқаны шүбәсіз. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай - Батыс Еуропа, Астана - Алматы; Астана - Өскемен, Астана - Ақтөбе - Атырау, Алматы - Өскемен, Қарағанды - Жезқазған - Қызылорда, Атырау - Астрахань. Сондай-ақ, елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажет. Батыс бағытында Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткел және Боржақты - Ерсай теміржол желісі ықпал ететін болады. Ендігі Қазақстанның тасымал әлеуетін арттыру үшін алда атқарылар жұмыс көп. Бірінші кезекте, көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған кешенді жобалар жүзеге асырыла бас­тады»,-деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ газеттің бүгінгі нөміріндегі «Транзиттік тасымал табысқа бастайды» атты мақаладан оқыңыздар.

Бас басылым бүгінгі санында тағы бір «сүйінші» жаңалықты жазып отыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ бан­кі биылдан бастап жаңа бағдар­ла­маны қолға алды. Ол «Өз үйім» деп аталады. Бағдарламаның аты айтып тұрғандай, банк қолже­тім­ді, ағайынның қалтасына ар­тық салмақ салмайтын тұрғын үй­лер сала бастайды. Ал жаңа бағ­дар­лама бойынша ең алғашқы үй Қызылорда қаласында басталды. «Егемен Қазақстан» газетінің ақпаратына сүйенсек, аталған жоба аясында Қызыл­орда қаласында 40 мың шаршы метрді құрайтын 12 көпқабатты тұрғын үй салынатын болады. Жаңа бағдарламаны бірлесіп жү­зеге асыру мақсатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Кө­шер­баев пен Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкінің басшысы Айбатыр Жұмағұлов меморандумға қол қойды. Бұл бағдарлама мен Қызылорда өңіріндегі жоспар туралы «Өз үйім» - өлең төсегің» атты ақпараттан оқыңыздар.

***

2015 жылдың көктемінде «Құнанбай» көркем фильмінің тұсаукесері өткен еді. Көп ұзамай, жалпы халықтың прокатқа шығады дегенмен, «Қазақфильм» де, еліміздің кинотеатрлары да «Құнанбай» фильмін тұсаукесерінен кейін жуық арада тарата қоймайды. Фильмнің сценарийін жазған марқұм Таласбек Әсемқұловтың жары, қоғам белсенділері бұл мәселені көтерген соң, фильм прокатқа шығып, еліміздің өңір-өңірінде кинотеатрлардан көрсетіле бастады. Фильм кинотеатр экраннынан алынбайынша оны интернетке жүктеу - негізінен заңсыз әрекетке жатады. Бүкіл әлем бойынша резонанс тудырған фильмдер, бюджеті көп фильмдер, халықаралық фильмдек кинотеатрдан касса жинағаннан кейін ғана интернетке жүктелетіні белгілі. Алайда, «Құнанбай» фильмі «пираттық» жолмен ғаламторға жүктелген екен. Бұл туралы «Айқын» газеті жазады. «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Құнанбай» фильмін жарыққа шығарды. Фильмнің режиссері - белгілі өнер қайраткері, Қазақстанның Халық артисі Досхан Жолжақсынов. Құнанбай образын режиссердің өзі сомдады. Құнанбай - өте күрделі тұлға. Ол ел басқарған, қазақты ел қыламын деп күрескен, өмірі қарама-қайшылыққа толы кейіпкер. Құнанбай образын алғаш Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» романында көрсетті. Бірақ бұл фильмнің «Абай жолы» романына түк қатысы жоқ. «Құнанбайдың» сценарийін жазған жазушы Таласбек Әсемқұлов. «Қазақфильм» бас­шылығы прокат мәселесіне ұзақ дайын­дық жүргізілгенін айтып, ақталған еді. Сөй­тіп, фильм өткен жылдың 3 желтоқ­са­ны­нан бастап үлкен экранға жол тартты. Ал жыл басында «Құнанбай» фильмі жап­пай интернет желілерінде тарала бас­та­ды», -деген басылым «бұл қаншалықты заңды?» деген сұрақтың жауабын іздеген.Расымен де, фильм өз бюджетін ақтай алды ма? Бұл фи­льм қанша қаржы жинады? Әлде, жинай ал­мады ма? Бұл фильмнің насихаты неге кем­шін түсті? Бұл сұрақтардың жауабын «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Құнанбай» ғаламторда жүр. Бұл заңға томпақ емес пе?» атты мақаладан оқыңыздар.

Соңғы жылдары телевизия, кино мен музыка саласында қыз тектес еркектер мен еркекшора әйелдер саны көбейіп барады. Отандық БАҚ-тар мен әлеуметтік желі мәліметтеріне сенсек, Алматыдағы ЛГБТ (лесбиянка, гей, бисексуал, трансгендер) қауымдастығы сонау «Тамашадан» бастап, «Бауыржан шоу», «Алдараспан», «Екі езу», «Нысана», «Базар жоқ», т.б. әзіл-сықақ театрларында төбе көрсетіп, әйел кейпін сомдайтын артистерді қатты сыйлайды екен. Себебі бұл арқылы қоғамдық нормадан тыс нәрселер халық бойына сіңіріліп, біртіндеп мойындалып жатқанға ұқсайды. Бұл туралы «Айқын» газеті жазып отыр. Негізінен, Еуропа елдері мен Америкада әйел боп өнер көрсететін артистер дәстүрлі өнер театрларында емес, жеке «Травести шоу» деп аталатын жынойнақтың ордаларында «артистік шеберлігін» көрсетеді. Өкінішке қарай, Алматыда да «Травести шоу» театры бар екен. Бұл қоғамның азғандығы ма, әлде ақырзаманның белгісі ме?! Ұлттық санамыз бен тәрбиемізге қайшы келетін бұл «қылмысқа» қалай төтеп бермекпіз? «Айқын» газеті «Нәзік еркектер мен еркекшора әйелдер кімге үлгі?» атты мақаласында осы мәселені қозғап отыр.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, бүгінде жоғары сыныптарда оқитын 15 мыңнан астам оқушы кәсіптік білімді игере бастаған. «Мыңнан бір мамандықты таңдау үшін оқушы әр саладан хабардар болуы керек. Өзінің бейімі мен талабын байқап көру үшін жоғары сынып оқушыларына кәсіптік білім алуға мүмкіндік беріледі»,-деп жазады басылым. Бұл туралы газеттің бүгінгі нөмірінде жазылған «Проба профессии» атты ақпараттан оқыңыздар.