Күнделікті өмірдегі, бизнестегі және халықаралық қатынастағы қазақ тілін жаңғырту керек - Мәулен Әшімбаев

АЛМАТЫ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ тілінің барлық байлығы әдебиетте сақталу керек. Бұл туралы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Мәулен Әшімбаев бүгін Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын талқылауға арналған кездесуде айтты.

«Елбасының Жолдауда тілге байланысты айтқан ойларынан негізгі үш мәселеге айрықша тоқталғым келеді. Біріншісі, қазақ тілін барлық салаларда кеңірек пайдалану және қамтамасыз ету. Екіншісі, латын әліпбиіне көшуге байланысты жұмысты бастау. Жолддауда 2025 жылдан бастап деп көрсетілген. Бұл 2025 жылға дейін отыру деген сөз емес әрине. Оған қазірден бастап ақылдасып, ойланып, дайындалып, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен баруымыз керек. Үшінші, қазақ тілін қазіргі заман талаптарына сай жаңғырту. Бұл туралы мемлекеттік органдарда да, зиялы қауым ортасында да әртүрлі пікірлер бар. Тілді жаңғыртуға бола ма, ол өндіріс емес қой деген сияқты», - дейді М.Әшімбаев. Мәжілісменнің айтуынша, тіл - тірі организм. Ол өсіп, өркендеуі керек. Мәселен қазіргі таңда әлемдегі ең жиі қолданылатын ағылшын тілінде күн сайын 5-6 сөз туып жатыр. Тілді үйрену үшін ықшам сөздер керек екенін олар жақсы біледі. Бұл бағытта күнделікті жұмыс жасап жатыр. Біз де күнделікті өмірдегі, бизнестегі және халықаралық қатынастағы қазақ тілін жаңғыртуымыз керек.