— Бүгінде әлеуметтік желі баланың бос уақытын өткізетін орта ғана емес, оның психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқына және білім алуына ықпал ететін факторға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тамыз конференциясында және Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейтінін айрықша атап өтіп, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу бастамасын қолдады. Сайлаушылармен кездесу барысында да жиі көтерілді, — деді депутат.
Оның мәліметінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы жүргізген зерттеуі 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірімді қамтыды. Нәтижесінде әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланушының үлесі 2018 жылғы 7 пайыздан 2022 жылы 11 пайызға өскені анықталған. Бұл — мәселенің ауқымы жыл сайын артып бара жатқанын көрсетеді. Мұндай тәуелділік ұйқының бұзылуы мен психологиялық әл-ауқаттың төмендеуімен байланысты.
— 2023 жылы ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлесіп жүргізілген зерттеу нәтижесінде, Қазақстандағы 9–10 жастағы балалардың 60 пайызы және 11–12 жастағы балалардың 66 пайызы әлеуметтік желілерде аккаунттары тіркелген. Ал, балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар және олар ең танымал TikTok, YouTube және Instagram платформаларын еркін пайдаланып отыр деген сөз. Бұл балалардың цифрлық ортаға жоғары деңгейде тартылғанын, алайда ата-ана тарапынан бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сондай-ақ, балалар әл-ауқаты индексіндегі 10–18 жас аралығындағы әлеуметтік желілер арқылы жасалатын буллингке ұшыраған балалардың көрсеткіші екі еседен асып, 2024 жылы — 15 пайызға, 2025 жылы 33,5 пайызға көтерілген, — деді ол.
Құрылтай депутатының пайымынша, мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруында ғана емес, оның уақыты мен жадын жоғалтуында. Әлеуметтік желіге шамадан тыс әуестік баланың кітап оқуына, спортпен айналысуына, отбасымен қарым-қатынасына және сабаққа дайындалуына бөлінетін уақытты қысқартады. Соның салдарынан зейін қою, ақпаратты терең қабылдау және өздігінен ойлау дағдылары түбегейлі әлсірейді.
— Бұл мәселенің өзектілігін әлем елдерінің тәжірибесі де көрсетіп отыр. Ашық дерек көздеріне қарағанда, 2026 жылы 25 елде балалардың әлеуметтік желідегі жасына қатысты заңнамалық шаралар нақты қаралған. Мәселен, Аустралия алғашқылардың бірі болып 16 жасты шек ретінде бекітті. Мұндай шектеулер Бразилия, Индонезия және тағы басқа елдерде де күшіне енген. Көптеген ел 15-16 жасты негізгі шек ретінде қарастырып отыр. Қазақстан да осы бағытта нақты әрі тиімді модель қалыптастыруы қажет. Алайда заң қабылдаумен мәселе шешілмейді. Баланың жасын қалай анықтаймыз? Жеке деректерін кім және қалай қорғайды? Шектеуді айналып өтетін жалған аккаунттарға тосқауыл қалай қойылады? Ал білім алуға қажетті цифрлық платформаларға қолжетімділік қалай сақталады? Мемлекет басшысы да заң қабылдаумен қатар, оның нақты орындалу тетігін алдын ала ойластыру қажеттігін атап өтті. Біздің басты мақсатымыз — балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, — деді Жанарбек Әшімжан.
Осыған байланысты ол Құрылтай депутаттарының атынан Үкіметтен:
1. 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылауды;
2. балалардың жеке және цифрлық деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
3. мектептерде цифрлық гигиена, медиасауат және әлеуметтік желіні қауіпсіз пайдалану дағдыларын жүйелі оқытуды;
4. әлеуметтік желінің балалардың психологиялық денсаулығына, ұйқысына және оқу үлгеріміне әсерін тұрақты зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізуді сұрады.
Айта кетейік, Құрылтай отырысында жоғары заң шығарушы орган регламентінің жобасы талқыланды.