- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысында Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерін азаматтарға кеңінен түсіндіруге және оның маңызын насихаттауға ерекше назар аударды. «Әділет» партиясы Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы барлық құзырлы мемлекеттік органдар жұмысының маңызды бағыты болуы тиіс деп есептейді. Бүгінде азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты көптеген нормативтік құқықтық актілер қабылданып жатыр. Алайда, заң нормаларын халыққа жеткізумен ғана шектелмей, олардың мазмұнын қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіріп, іс жүзінде қолдану тәртібін көрсету маңызды, - деді ол.
Депутаттың атап өтуінше, заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде нормативтік-құқықтық актілерге түсіндірме береді. Алайда бұл жұмысты жалпы үйлестіріп, бірыңғай тәсіл қалыптастыратын мемлекеттік орган нақты айқындалмаған. Соның салдарынан құқықтық түсіндіру жұмысы әртүрлі нысандар мен тәсілдер арқылы жүргізіледі.
- Сондықтан бірыңғай үйлестіруші органды айқындап, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға ортақ әдістеме әзірлеу орынды деп санаймыз. Сонымен қатар құқықтық түсіндіру жұмысының тиімділігі өткізілген кездесулердің, жарияланымдар мен іс-шаралардың санымен ғана өлшенбеуі керек. Негізгі көрсеткіш – азаматтардың заң нормаларын қаншалықты түсінетіні, өз құқықтары мен міндеттерін білуі және қажетті құқықтық ақпаратты қолжетімді түрде ала алуы. Алайда бүгінде азаматтардың құқықтық ақпараттану деңгейін, ақпараттың қолжетімділігін және берілген түсіндірмелердің сапасына қанағаттануын тұрақты бағалайтын бірыңғай тетік жоқ, - деді Берік Беркімбаев.
Құрылтай депутатының пайымынша, бұл мәселені ортақ әдістеме бойынша тұрақты әлеуметтік зерттеулер жүргізу арқылы шешуге болады. Оның нәтижелері түсінуге қиын заң нормаларын анықтап, құқықтық түсіндіру жұмысындағы проблемаларды нақтылауға және тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты ол:
- құқықтық түсіндіру жұмысын үйлестіретін бірыңғай мемлекеттік органды айқындап, мемлекеттік органдар үшін ортақ әдістеме әзірлеу мәселесін қарастыруды;
- азаматтардың құқықтық ақпараттану деңгейін, құқықтық ақпараттың қолжетімділігін және түсіндіру сапасына қанағаттануын бағалайтын тұрақты әрі объективті әлеуметтік зерттеулер жүргізу тетігін енгізуді;
- зерттеу нәтижелері негізінде азаматтарға түсіну қиын заң нормаларын анықтап, оларды түсіндіру сапасын арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдауды сұрады.
Бұған дейін депутат Нұрлан Дулатбеков университеттердің корпоративтік басқару тетіктерін күшейтіп, олардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін айтқан еді.