ҚР Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымының депутаты Айдос Сарымның сөзінше, конституциялық реформа елдегі саяси жүйенің архитектурасын, экожүйесін жобалау кезеңін аяқтады. Алдағы Құрылтай сайлауы – жаңа Конституцияның практикалық тұрғыдан жүзеге асыру кезеңі.
– Жаңарған мемлекеттік, қоғамдық институттар, саяси өкілдік институттары және қоғамдық қатынас институттары шын мәнінде жүзеге аса бастайтын кезеңге келе жатырмыз. Сондықтан алдағы кампания біз үшін өте маңызды. Конституцияның жүзеге асуындағы ең алғашқы институционалдық шара – Құрылтай сайлауы. Ол болашақта үлкен бастамаларға жол ашады: Вице-президент тағайындалады, жаңа Үкімет, бүкіл басқарушы орган – сот, Жоғары сот, Сайлау комиссиясы т.б. келеді. Осының барлығын қамтамасыз ету үшін алдағы Құрылтай сайлауы шын мәнінде адал, таза, абсолютті легитимді түрде өтуі керек. Легитимділік – болашақта Конституцияның шын мәнінде жүзеге асу кезеңдерін қамтамасыз ететін алғышарты, – деді ол.
Сонымен бірге, Айдос Сарым әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижесіне жүгініп, халық реформалардан гөрі, реформалардың жүзеге асуын күтіп отырғанын атап өтті. Ал саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай алдағы сайлауға және Құрылтайдың рөлі қандай болатынына баға берді.
– Сайлау науқаны ғана емес, Қазақстанда жаңа жүйенің саяси қалыптасуы жүріп жатыр. Конституциялық реформа заң қабылданған кезде аяқталмайды. Ол жаңа институттар жұмыс істей бастағанда, ары қарайғы өміршеңдігін дәлелдейді. Сондықтан Құрылтай сайлауы – конституциялық реформаның қорытындысы емес, керісінше, оның практикалық кезеңінің бастауы, – деді ол.
Сарапшының сөзінше, реформаның ең маңызды ерекшілігі – жекелеген мемлекеттік органдар емес, қазір еліміздегі жария биліктің тұтас архитектурасы өзгеріп жатыр.
– Саясаттану ғылымында ең алғашқы құрылған институт ары қарай құрылатын институттардың легитимділгі мен тұрақтылығына әсер етеді. Сонымен бірге, кейінгі құрылған институттар алғашқы құрылған институттың тиімділігіне қарай бой түзейді. Бұл өте маңызды. Конституциялық реформадан кейін ең алғашқы құрылатын институт Құрылтай болғалы отыр. Сондықтан оның қалыптасқалы жатқан саяси архитектураның сызбасында маңызы зор. Құрылтай сайлауы өткеннен кейін, Вице-президент, Үкімет, Халық кеңесі секілді институттар іске кіріседі. Демек, Құрылтай барлық мемлекеттік институттың легитимділігінің бастауы болады, – деді Бақытжан Бұқарбай.
Саяси партиялар нені ескеруі керек
Алдағы Құрылтай сайлауы алдында, саяси науқанда саяси партиялар қалайда Парламентке өтуді мақсат етіп, ар жағы бос отты ұрандарға үйір болудан қашуы тиіс. Керісінше, халыққа мемлекеттің дамуына шын мәнінде үлес қосатын бағдарламалары мен бастамаларын таныстыруы керек. Мұндай пікірді саясаттанушы Ғазиз Әбішев айтты.
– Саяси партияларды үгіт-насихат жұмыстары күтіп тұр. Олардың қазір популизмге салынбауы маңызды. Елді дамытуға бағытталған көзқарасы мен ұстанымдарын қорғап шығуы керек, – деді ол.
Саясаттанушы Индира Рыстина да осы тақырыпқа кеңінен тоқталды. Оның сөзінше, конституциялық реформалар партиялардың жұмыс істеуі үшін белгілі бір нормативтік жүйені қалыптастырып береді. Бірақ партиялар ары қарай жемісті жұмыс істеуі үшін өзгеруі, жаңа форматқа сай жұмыс стилін қалыптастыруы тиіс. Бұл ретте, саяси партиялар үшін ең басты дүние – идеология.
– Саяси партиялардың идеологиялық негізі өте маңызды. Саясаттану ғылымында идеологиялық өлшемді анықтағанда, дәстүрлі түрде үш ұғым қолданылады: орталық партиялар, оңшыл партиялар және солшыл партиялар. Қазақстанда саяси партияларға «оңшыл» не «солшыл» деп нақты баға беру қиын. Себебі бізде таза солшыл не таза оңшыл партиялар жоқ. Оларды ұстанымдарына байланысты орташа солшыл немесе орташа оңшыл орталық партиялар деп атауға болады. Еліміздегі партиялардың бағдарламаларын сараласақ, барлығы ұқсас екенін байқаймыз. Бәрі де ортақ индикаторларға негізделген. Мысалы, барлығы әлеуметтік жағдайды жақсартып, экономиканы ары қарай дамытқысы келеді және адами капиталға назар аударады. Жалпыға ортақ ұстанымдар саяси партияларда әлі күнге дейін бар. Олар иделогиялық негізін, ұстанымдарын құрастырмайынша, дәстүрлі, тұрақты электоратын да қалыптастыра алмайды, – деді саясаттанушы.
Сонымен қатар оның сөзінше, қазақстандық қоғам біртұтас емес, сегменттелген. Дауыс берушілердің арасында қоғамның әртүрлі табы мен тобынан шыққан өкілдер бар. Сондықтан партиялар әр аймаққа, әр буынға, т.б. қоғам өкілдеріне ұсыныстарын дайындағаны жөн.
Одан бөлек, егер партия осы сайлауда бір ұстанымын жариялап, келесі сайлауда басқа ұстанымдарды ұстанса, онда дауыс берушілерін жоғалтып алады. Сондықтан саяси партия идеологиялық ұстанымдарын қалыптастырған кезде ортақ құндылықтар жүйесін қамтуы керек.
– Екіншіден, саяси партиялар кадрлық әлеуетін дамытуға аса назар аударып, жұмысын, бағдарламасын атқаратын жастарды тәрбиелеуі керек, – деді Индира Рыстина.
Сонымен бірге, партиялар қоғаммен үздіксіз жұмыс жүргізуі қажет. Осы сайлау кампаниясынан келесі сайлауға дейін электоратпен тұрақты әрі тығыз байланыста болуы шарт.
– Бізде кейбір партиялар тек қана электоралдық кезеңде ғана белсенділік танытады. Сайлауалды үгіт-насихат, PR кампаниясын жасайды. Бірақ ұзақ мерзімді партия болу үшін сайлау кезінде ғана емес, қоғаммен әрдайым тығыз жұмыс істеу керек, – деді саясаттанушы.
Бұдан бөлек, оның пікірінше, өсіп келе жатқан буынмен байланыс орнату да аса маңызды. Өйткені қазіргі жастар саяси партияларға, олардың үгіт-насихатына мүлде қызықпайды. Сол себепті саяси партиялар сайлауда жас толқынның дауыс беруін қаласа, олармен жұмыс істеудің жаңа форматын ұсынуы қажет.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ сарапшысы конституциялық реформа инвесторлардың Қазақстанға деген сенімін арттыратынын айтқан еді.