НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының 2020/2021 жылғы кезеңі басталатын мерзім анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі лига сайтына сілтеме жасап.
Құрлықтық хоккей лигасы алдағы маусым 2020 жылдың 2 қыркүйегінде басталады деп жоспарлап отыр. Бұл мерзім Ресей хоккей федерациясымен келісілген. Жылма-жыл дүбірлі додаға ресейлік және өзге де елдердің командалары қатысып келеді. Сондықтан жаңа маусымның басталуы сол елдердегі коронавирус инфкциясына байланысты эпидемиологиялық жағдайға тікелей қатысты.
Естеріңізге сала кетелік, аталған турнирдің 2019/2020 жылғы кезеңі плей-офф сатысының жартылай финалында тоқтатылды. Елордалық «Барыс» ширек финалда Магнитогорскінің «Металлург» командасын орта жолда қалдырып, жартылай финалға жолдама алған еді. Дегенмен қатерлі індеттің таралуына байланысты оған қатысудан бас тартты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.