ОРАЛ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қыркүйектің 9-ында «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының залында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрі Оралда қорытынды концертін қойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл құрылғанына 75 жыл толған атақты оркестр Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Дина сынды халық композиторларының күйлерін орындады. Сондай-ақ шетелдік классикалық шығармаларға, жеке орындаушыларға да кезек берілді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, Қазақстан халық әртісі Тұяқберді Шәмелов домбырадан күй төгілтті.
Концертті тамашалауға қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов оркестр ұжымына ризашылығын білдіріп, Қазақстанға әйгілі күйшілер мен әншілер шыққан Ақ Жайықта өнерді жылы қабылдай білетін жұртшылық қатары да сиремейтінін атап көрсетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).