ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында өткен хор әуендерінің «Жұбанов көктемі-2014» халықаралық фестивалінен Құрманғазы атындағы Орал музыкалық колледжінің хоры табыспен оралды.
Аталмыш өнер додасына Ресейден, Қырғызстаннан және еліміздің әр түкпірінен 15-ке тарта өнерпаздар ұжымдары қатысты. Байқаудың бас жүлдесін Ақтөбе гуманитарлық колледжінің өнер ұжымы жеңіп алса, оралдық студенттер - бірінші, Өскемен мен Қырғызстаннан келген өнерпаздар екінші және үшінші орындарды еншіледі.
Хор жетекшісі, осы оқу орнында отыз жылдан астам уақыт бойы еңбек ететін Игорь Шмидтің айтуынша, жетпіс жылдық тарихы бар колледж үшін бұл үлкен табыс. Хорда 30-дан астам адам өнер көрсетеді. Небәрі 16-17 жастағы жастар музыкамен кәсіби түрде айналысып жүрген үлкен ұжымдардан оқ бойы озып шықты. Айта кетейік, бұл хор қазақстандық, сондай-ақ шетелдік композиторлардың шығармаларын да орындайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).