Әлемнің 40-тан астам еліне шашырап кеткен қазақтар бір тілде сөйлегенімен әртүрлі ұлттың жазуын пайдаланатындығы, соның салдарынан бір-бірімізді түсіну қиын екендігі ескеріліп, латын әліпбиіне көшу процесін жеделдету, оны 2025 жылға дейін созудың қажеті жоқтығы айтылды. Сондай-ақ Елбасымыз гуманитарлық бағыттағы ең үздік жүз оқулықты қазақ тілінде шығару керектігін айтты. Бұл қандастарымыз қай елде тұрса да ең таңдаулы осы 100 оқулық арқылы ана тілінде сусындай алады.
Бұл құрылтай аясында ерекше мән берілген мәселелердің бірі көші-қон мәселесі екендігін көпшілік біледі. Көші-қон мәсе¬лесі төңірегінде заңдарға бірнеше рет өзгертулер мен толық¬тырулар жасалды. Соның арқасында атажұртқа ағылған көш легі әлі толастаған жоқ. Ішінара кейбір кішігірім мәселелер болмаса, жалпы, қалған өзектілерінің барлығы бір арнаға түсті. Шеттен келіп кәсіпкерлікпен айналысам десеңіз де, жоғары білім аламын десеңіз де -барлық жағдай жасалған.
Президентіміздің сындарлы саясатының арқасында қазір елімізде шетелден келіп кәсіп көзін ашып жатқан мыңдаған азаматтарды көресіз. Олардың әрбірі аз болса 10 шақты, көбі мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Құрылтай аясында қандастарымыз көтерген мәселелердің бірі медициналық туризмді дамыту айтылды. Қандастарымыз бәсекеге қа¬бі¬летті, қуатты мемлекет құру үшін ондағы халықтың дені сау, рухы асқақ болу керектігін атап көрсетті. Қазіргі таңда, өз Отанымыздың денсаулық саласын менсінбей, бар табысымызды шетелде емделуге, саяхаттауға жұмсасақ, еліміздің экономикасына айтарлықтай зиян болары сөзсіз.
Бұл өз ырысымыздың өзгенің қалтасына салып берумен бірдей. Қазір Қазақстанның медицинасы әлемдегі озық елдердің емдеу саласынан еш кем емес. Денсаулық қорғауға қажет барлық озық жабдықтар бізде де бар. Енді біз өз халқымызды өзімізде емделуге үйретуіміз қажет. Шетелдерге медицина саласындағы озық жетістіктеріміз бен емдеу нәтижелерімізді жиі көрсетіп, жүйелі жарнама жасай білу маңызды.
Осы бағытта мықты медициналық мекемелер шетелдік азаматтарды елімізде емделуге тарту бойынша жұмысты қолға алса, бұл отандық экономикаға тамшыдай болса да үлес болар еді. Әрбір келген турист келген қаласын, ондағы халықтың мәдениетін, дәстүрін біледі. Сөйтіп, қазақ елі шын мәніндегі Мәңгілік ел болудың даңғыл жолына түседі.
Бұл құрылтайдың тағы бір ерекшелігі жастар көп. 80 пайызға жуық жас мамандар қазақ даласына ат басын тіреді. Әлемнің 7-8 тілінде сайрап тұрған жалынды жастар сөз бастады. «Елге ел қосылса құт» деген бар. Елімізге көшіп келіп жатқан жастар Қазақстанда кемшін соғып жатқан әртүрлі салаларды қолға алып, ел дамуына отаншылдық үлес қосса, ал ел азаматтары оларды шын көңілмен күтіп алып, орналасып кетуіне көмек көрсетсе, бұл игі іс болар еді.
Елбасымыздың көреген саясатының арқасында әлем қазақтары осымен бесінші рет бас қосты. Әр басқосуда талай күрделі мәселелер шешімін тауып, қордалы ойлар ортаға салынды. Нәтижесінде елге жас мамандар, білікті кәсіпкерлер ат басын бұрды.