Құрылыс нысанын мерзімінде тапсырмаған «Семей Мега Строй» ЖШС-ға 450 мың теңге көлемінде айыппұл салынды - ШҚО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов құрылысы бітпеген нысандарды пайдалануға беру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Отырыс барысында Күршім ауданының Үшбұлақ ауылында салынып жатқан 80 орындық мектеп және Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылындағы спорттық модульдің құрылысы мәселелері қарастырылды.

Бұл екі әлеуметтік нысанның пайдалануға беру уақыты өтіп кеткендігіне қарамастан, құрылыс жұмыстары әлі күнге бітпеген.

Спорт модулінің құрылысы 2014 жылы маусым айында басталған және ағымдағы жылдың наурыз айына дейін аяқталуы тиіс болатын. Облыс әкімі шілде айында Тарбағатай ауданына жұмыс сапарымен барған кезде атқарылған жұмыстар көлемін өз көзімен көріп, көңілі толмай қайтқан. Сол кезде «Семей Мега Строй» ЖШС-нің директоры А. Шайхинов аймақ басшысына нысанды биылғы жылдың қазан айына дейін тапсыратындарын айтып, уәде берді. Бүгінгі отырыста ол өзін сөзін растап, уақытында тапсыру үшін, бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Нысанды пайдалануға беру уақытын кешіктіргендері үшін, «Семей Мега Строй» ЖШС-на 225 айлық есептік көрсеткіш (445950 т) көлемінде айыппұл салынды. Техникалық бақылаушы «Обжилкомхозстрой» ЖШС мәселесіне байланысты №49 протокол жасалып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып қана қоймай, аталмыш компанияның техникалық бақылау құқығы 6 айға тоқтатылды.

Екінші нысанда бүгінгі күні ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Мектеп құрылысын «Восток Капитал Строй» ЖШС 2011 жылы бастаған. Қазіргі таңда компанияның директоры Е.Игенге байланысты сот істері жүргізіліп жатыр.

-3-4 жыл көлемінде нысандарды тапсырмай жатқан құрылыс компанияларына байланысты, құрылыс басқармасы лицензияларын алу және конкурстарға қатыстырмау сынды тиісті шараларды атқару керек. Прокуратура мен мемлекеттік кіріс департаменті де бұл іске атсалысып, қажетті шаралар қолдануларын сұраймын, - деп отырысты қорытындылады Даниал Ахметов.