Құсбегілікті ұлттық спортқа айналдыру үшін, оған ұлттық құндылық ретінде қарап, тиісті деңгейде қолдаған абзал

амырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Біз осы өзінде бар құндылықтарды әлемге паш етуде, сол арқылы мақтан болуда кімнен кембіз?! Ешкімнен кем болмасақ, қолда тұрған ұлттық брендтерімізді неге қастерлей алмай, өз дәрежесінде көрсете алмай келеміз? Ұлттық бренд демекші, бұл туралы талай толғау баспасөзде кеңінен айтылды, қазаққа ғана тән дүниелерді әлемге таныту туралы үлкен мәселелер де қозғалды. Бірақ, іс жүзінде көңілден шығатын шара біткен жоқ.

Сондай ұлтымыз үшін ұлық брендттің бірі һәм бірегейі - құсбегілік. Олай болатын себебі, қазақтың ұлы рәмізінде - Туында қыран бүркіттің бейнеленуі де бекер емес, оны киелі деп санайтындықтан, қазақтың рухын көтеретіндіктен киелі құс бейнесі рәмізден орын алды. Ендеше, қазақтың қанына жақын құсбегілік өнеріне тиісті қолдау жасаудың маңызы да мәнісі де зор. Дәл осы мәселені бүгінгі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Нұрлан Өнербай көтерді.

Расында, «бүркіт бір сілкінсе, мың пәле кетеді» деп, аталы құсын қастерлеген қазақ, бір кездері құсбегіліктің отын өшіре, сөндіре жаздағаны белгілі. Елі үшін қызметте жүрген ел ағаларының араласуымен бұл бағытта оңды жұмыстар атқарылды. Мәселен, Қуаныш Сұлтанов, Мұхтар Шаханов, Камал Смайылов, Құсман Игісінов секілді ұлттың ұлтжандылары 1970-80 жылдары қазақтың құсбегілік өнерін қалайда сақтап қалу амалы үшін - Қазақстанда тұңғыш рет Мәдениет үйі жанынан «Қауырсын» құсбегілер клубын құруға атсалысқан екен. Құсбегілік өнерді терең дәріптеуге, шетке танытуға қатысты біршама шаралар да сол кезеңде өткір жүзеге асқаны белгілі. Бұндай ұлағатты жұмыстың арқасында құсбелігік өнері әлі де қазақтың жанынан қалмады. Дегенмен де, одан кейінгі жылдары бірқатар шаралар атқарылғанымен, көңіл толмайтын тұстары да жеткілікті болып отыр. Құсбегілікті көненің көзіндей сақтап келе жатқан саятшыларымыздың «бұндай өнер соңғы жылдары билік тарапынан еске­русіз қалып келеді», деген өкініштері де соның дәлелі.

«Есі кірген - ескісін іздейді» деген қағидаға сүйеніп, құсбегіліктің әңгімесін алдыға тартқан депутат Нұрлан Өнербайдың пайымдауынша, құс салу өнері кәсіптен гөрі, серуен, сейілге, спортқа жақын. Бұл өнерді кейде «салбұрын», кейде «саятшылық» деп аталуы да содан екен.

«Кезінде Италия саяхатшысы Марко Поло, орыс тарихшысы Николай Карамзин, поляк зерттеушісі Адольф Янушкевич секілді көптеген шетелдіктердің осынау тамаша өнер жайында көргендерін тамсана жазғандары қаншама. Осыларды ой елегінен өткізе келе, халықпен бірге жасап келе жатқан қанында бар ғажайып құндылығының үш мың жылдық қана тарихы бар деп, кесіп айту қисынсыз да қиянат болар. Ақиқатында, қазақ жұртының күнкөріс кәсібі болған аңшылық, хан - төрелердің, би-шешендердің, сал-серілердің көңілін аулап, сейіл құрғызар, сән-салтанатын асырар ақсүйек өнері болғаны аян. Бұл ретте Жошы ханның айналасында 3 мың қыран, Абылай ханда - 500 бүркіт, 300 қаршыға мен сұңқар ұстағаны, Ақсақ Темір мен Алтын Орданың ханы Тоқтамыстың бүркіттің бір жұмыртқасына бола, жауласқандары жайында деректер бар. Ал Шоқан мен Шәкәрім, Абайдай асылдарымыз, Жаяу Мұса, Біржан сал, Мәди, Ақан мен Сегіз Серілердің, Сәкен мен Мұхтардай аяулыларымыздың айнымас серігі болған шоқтығы биік мұра әлі күнге бір ізге түсіп жинақталмай, зерделеніп, зерттелмей тұрғаны шындық. Туған жерін, еркіндігін аңсаған Иманжүсіптей асқақ әншінің: «Бүркіт ұстап, басыңа бір шығар ем, Көзіме бір көрінші, Ерейментау!» - деп келетін толғаныс тұнған өлең жолдарында бүркіттің еркіндіктің символы, сері көңілдің серігі екенін анық аңғарамыз», деді Н. Өнербай.

Оның айтуынша, бір жылдары қазақ зиялылары осы айтулы өнердің жинақталып, бір ізге түспей, әр жерде шашылып жүргендігіне қынжылыс білдірсе, әйгілі академик, зерттеуші Әлкей Марғұлан да саятшылық өнердің тарихи ескерткіш екендігіне айрықша тоқталған, аса назарға ілінбей жүргендігіне алаңдаушылық танытқан екен. Ал өткен ғасырдың елуінші жылдары жазылған бір еңбегінде, жазушы Сәбит Мұқанов та құсбегілікті ұлттық спортымыздың ең биік шыңы деп бағалаған. Осындай мәселелерді айта келе депутат Н. Өнербай ата-бабадан қалған асыл мұраның ұрпақ санасынан өшіп қалмауына қолдау көрсету қажеттігіне назар аудартады. Қазақстанды алыс-жақын шетелдерге осындай ұлттық құндылықтарымыз арқылы танытуға ат салысу керектігін баса айтады.

«Осы бағытта құсбегілер көп шоғырланған, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ұлы Жібек жолы бойындағы «Нұра» ауылын Құсбегілердің республикалық ғылыми орталығы деп танып, Үкімет тарапынан этнографиялық ауыл ретінде қолдау көрсетілсе болар еді. Сонда құлашын кеңге жая алмай, сырттан келетін қомақты қаржының көзін таба алмай отырған отандық туризм саласы біршама дамыр еді. Сондықтан бірқатар мәселелерді ұсынамыз. Біріншіден, «Нұра» ауылында республика бойынша Құсбегілердің арнайы мектебі ашылып, ғылыми-зерттеу орталығын құру. Екіншіден, шет елдерді қоспағанда, республика аумағында түрлі мәдени-спорттық шараларға қатысу үшін ұшақта, пойызда, автокөлікте қыран құстарды алып жүру өте қиын, сол себептен оларды тасымалдау ережесі, оның төлем ақы тарифі, тәртібін бекіту. Үшіншіден, бүгінде халқымыздың тарихи, мәдени мұрасы ретінде құсбегіліктің орыны нақтыланбаған. Сол себептен, ілеспе заңдарға өзгертулер енгізіліп, «Ұлттық спорт түрлері туралы» Заң қабылдануы тиіс. Енді көкірегі ояу, көзі қарақты ұлт жанашырлары табылып жатса, туған халқының етенеден егізі, жігерін жанитын асыл тасы, қайтпас рухының белгісі - Қыранның қанатын қайырмас деген үкілі үміт қана бар. Шет елге босқа жалтақтап, солардың айтқан заңына, ережесіне бас изеуден гөрі, ежелден табиғатпен үндес халықтың өз ұстанымдарын әуелі ұрпақ санасында қалыптастырып, құсбегілікті өзімізде өз деңгейінде көтерілуін ойлауымыз қажет», деп аяқтайды Үкімет басшысының атына жолдаған сауалын депутат Н. Өнербай.

Депутаттың айтқанына қоспағымыз, арнайы заң демекші өркениетті елдерде аң-құстардың құқығын қорғайтын, оларды қолдайтын нормалар да, арнайы бағыт-бағдарлар да жеткілікті қамтылған. Ендеше өз Туымызға бейнесін белгілеген қыран құсты қастерлеу, оған мемлекеттік қолдауды тиісті деңгейге жүргізу үлкен парыз. Сондай қолдаудың арқасында ғана ұлтымызға тән саятшылық, құсбегілік дәстүрін еліміздің абыройын әлемге паш ететін деңгейге, жазушы ағаларымыз айтпақшы нағыз ұлттық спорт биігіне көтере аламыз.