Күшті желдің салдарынан Жамбыл облысында 77 елді мекенде электр жарығымен қамту бұзылған

ТАРАЗ. 13 января. КАЗИНФОРМ - Жамбыл облысында күшті желдің салдарынан 77 елді мекенде электр жарығымен қамту бұзылған, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

12 қаңтар күні Жуалы ауданында секундына 25-35 метр жылдамдықпен соққан желдің салдарынан Күйік және Шақпақ асуларындағы республикалық жолдар жабылды. 41 елді мекенде электр энергиясы жоқ. 7 мектеп шатырлары жартылай ұшып түскен. Күртік қардан 3 автобус, 11 жүк автотранспорты, 20 жеңіл машина шығарылған. 72 адам көшірілген, 32 адам поездбен Таразға жіберілген, Шымкент қаласы бағытына 85 адам жіберілген.
Жамбыл ауданындағы ВЛ 114,115 (110 КВТ) жоғары вольттік желінің зақымдалуына байланысты 48442 адамды құрайтын 28 елді мекен энергиясыз қалған. Аудандық РЭС-пен 16 адамды құрайтын бригада құрылған.
7 мектеп пен 2 ауылдық клуб, орталық аудандық аурухананың шатырлары жартылай зақымдалған. Газ бен су тұрақты түрде беріліп тұр. Орталық аудандық аурухана, мектептер мен балабақшаларда резервтік генераторлар іске қосылған.

Байзақ ауданында орналасқан Мұратбаев атындағы мектептің 280 шаршы метрді құрайтын шатыры жұлынған, 4 елді мекенде электр энергиясы жоқ, 4 елді мекенде подстанциялар үзілген.

Жаңасаз ауылындағы мектептің, Сейфуллин, Дихан орта мектептерінің шатырлары жұлынған. 4 авариялық бригада жұмыс істеуде, оның ішінде 16 электрик пен 6 механизм бар.

Шу ауданында -3 температурасы сақталып, жел орын алып тұрған жоқ. Аудандағы ауылдарға, әлеуметтік нысандарға, мектептер мен медицина мекемелеріне электрэнергия мен жылу үзіліссіз жіберілуде, автомобильдік жолдар ашық. Тас жолдарды қардан тазалау жұмыстары бақылауға алынған. Шу ауданы арқылы өтетін барлық республикалық және облыстық жолдар ашық.

Аудан әкімі аппаратында, ауылдық округ әкімінің аппаратында және әлеуметтік нысандарда тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған.
Келтірілген зақымды анықтайтын комиссия жұмыс істеу үстінде.