Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан "Қазақстан Республикасының қылмыстық саясаты: жай-күйі және оны либерализациялаудың негізгі бағыттары" деп аталатын дөңгелек үстел жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Біз сотталушыны бас бостандығынан айырып қамап жібереміз де, жәбірленушінің мәселесі сол бойынша ашық қалады. Ұрланған мүлкі орнына келмесе, одан не пайда? Бұл мәселе қарашаның 18-інде өткен 5-ші сьезде де айтылды. Біз енді қылмыстық әрекеттен келген зиянды қалпына келтіру мәселесіне көңіл бөлуіміз керек. Өйткені, мемлекет барлық азаматтардың құқығын қорғауға кепілдік береді. Қылмыскер сол кепілдікті бұзып отыр. Осындай жағдайда бірінші келген зиянды қалпына келтіріп, одан кейін қылмыс жасаған адамды жазалау керек. Бұл жөнінде көптеген ұсыныстар бар", дейді Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков. Жалпы қылмыс жасаған азаматтардың мүліктері тәркіленіп, олардан түрлі айыппұлдар өндіріледі. Бүгінгі күні бұл қаражаттардың бәрі мемлекет бюджетіне кетеді. Мұсабек Тұрғынбекұлының айтуынша, ол салық болмағандықтан қазір мынандай ұсыныстар бар. Мәселен, қылмыстық әрекеттен болған шығындардың бәрін бір топқа, бір қорға жинау. Сондай-ақ жапа шеккен адамның шығынын қордан өтеп беріп, қылмыскерге бұл шығынды қорға төлету керек.