Бұл ақпаратты ҚР Бас прокуратурасы таратып отыр.
Осы мәселемен тікелей айналысқан Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті қылмыстық қудалау органдарындағы есепке алу-тіркеу тәртібінің жай-күйіне талдау жасады. Оның барысында кейбір құқық қорғау органдарында арыз-шағымдарды қарау мерізімін созып жіберу фактілері орын алғаны байқалды.
Электронды тіркеуді енгізу бірінші кезекте 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының қылымыстық сот өндірісінде адамдардың құқығын қорғау жөніндегі талаптарына сәйкес қолға алынған жәйт. Азаматтардың арыз-шағымдарын қарауға байланысты қылмыстық процесс кезеңінде заң бұзушылық көбірек орын алатынын талдау көрсетіп берді. Ал ол болса өз кезегінде азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік органдарға және жалпы заңға деген сенімін азайтатыны анық.
Арыздарды электронды тіркеу оны жоюға жәрдемдесіп, азаматтардың арыз-шағымдарын қарауды жеделдетуге, құқық қорғау органдарының жұмысының ашықтығын қамтамасыз ететін және олардың өздері қабылдаған процессуалдық шешімдеріне деген жауапкершіліктерін арттыратын болады.
Осыған байланысты, есепке алу-тіркеу тәртібін жақсарту мақсатында Комитет ішкі істер органдарында арыз-шағымдарды электронды тіркеу жүйесін енгізген болатын.
Бұл жүйе алдымен сынақ ретінде Астана, Алматы қалалаларының және облыс орталықтарының ішкі істер органдарында енгізілді. 2010 жылдың екінші жартыжылдығына жасалған талдау осы шаралардың арқасында оң өзгерістер болғанын байқатты: арыз-шағымдардың негізінде қозғалған қылмыстық істер саны едәуір артты (әсіресе, Ақмола облысында - 30,1 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысында - 28,3 пайыз). 2009 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тіркеуден кейінгі 3 тәулік ішінде қаралған арыз-шағымдардың өзіндік шамасы 5,4 пайыз өскен.
2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап қылмыстар туралы арыз-шағымдар мен хабарламаларды электронды тіркеу еліміздің барлық ішкі істер органдарында енгізілді.
Сондай-ақ, осындай электронды тіркеу сынақ ретінде 2010 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Астана, Алматы қалаларының және Қарағанды қаласының қаржы полициясы органдарына да енгізілген болатын.
Бұл ретте осы ілкі жобаны жүзеге асырудағы негізгі міндеттің бірі кәсіпкерлерді қаржы полициясы және басқа да бақылаушы органдардың сұраулары мен тапсырмалары бойынша жүргізілген заңсыз тексерудің жолын кесу болып табылады.
Бұл үшін арыздарды электронды тіркеу мен есепке алу бағдарламалары біріктірілді. Енді органдардың тексеру жүргізу туралы тапсырма беруі тек тергеу алды тексеру шеңберінде ғана мүмкін болмақ.
Бұл талаптың орындалмауын бүгінгі күні тексеру алдында анықтауға мүмкіндік бар. Тексеру арыздарды есепке алу кітапшасында болмаса Комитет оны тіркеуден бас тартады.
Арыздардың тіркелгені туралы мәліметтердің арқасында прокуратура органдары бүгінде қаржы полициясы қызметкерлері тарапынан болатын негізсіз қимылдарды жүргізуді барынша азайтып, мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу жөнінде уақытылы шаралар қолдануда.
Өткен жылы Комитет бақылаушы мемлекеттік органдардың 2265 заңсыз және негізсіз тексерулерін болдырмады, бұл өткен жылдарғы көрсеткіштерден екі еседен астам көп.
Сонымен қатар, Комитет арыздарды қабылдау мен қарауға бақылауды қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылдады.
Мәселен, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 183-бабына сәйкес, құқық қорғау органына жүгінген арыз иесіне 14 таңбалы нөмір беріліп, арызы қабылданғаны туралы талон тапсырылуға тиіс.
Комитет қабылдаған шараларға сәйкес, болашақта арыз иесі өз шағымының одан арғы тағдыры және ол бойынша қабылданған шешім жөнінде Интернет, CALL-орталығы немесе кәдімгі SMS-хабарлама арқылы біліп отыратын болады.