Қымыздың бәсі сырадан неге төмен? - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 13 маусым, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Естеріңізде болса, 2012 жылғы 12 қыркүйекте Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханада тұңғыш рет бір уақытта бүйрек пен ұйқы безін ауыстыру операциясы жасалып, Қазақстан бүйрек пен ұйқы безіне трансплантация жасайтын әлемдегі төртінші ел атанған болатын, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санындағы «Трансплантация» атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, бұған дейін медицинадағы мұндай үлкен жетістікке АҚШ, Оңтүстік Корея, Италия елдері ғана қол жеткізгенін ескерсек, аталмыш трансплантациялар өткізу - елімізде медицина саласының даму жағдайының интегралды көрсеткіші екенін атап айтуымыз керек. Міне, осындай күрделі операция жасалған қалалық ауруханада, кеше елімізде тұңғыш маманданған трансплантация бөлімшесі салтанатты түрде ашылды. Айтулы оқиғаға отандық медицина саласының корифейлері, республикалық ғылыми орталықтар, емдеу мекемелерінің басшылары, сондай-ақ медицина қауымдастығының өкілдері қатысып, ортақ қуанышымызды бөлісті.

Бөлімшеде кез келген уақытта операциядан кейінгі болатын асқынулар болса ауруханаға қайта жатқызылып, емделеді, әрі бақылауда ұстайды. Өйткені, қазіргі кезде шетелге барып мүшелерін ауыстырып келген пациенттер елге келгеннен кейін қандай да бір жағдай болса, өзімен өзі қалады. Оларға ота жасаған мемлекетке бару - тағы да қыруар ақша. Қазір бөлімше жағдайында оларға да көмек көрсете алатын мүмкіндік туып отыр. Өйткені, біздің мамандардың барлығы дерлік шетелде оқып келген және бөлімше заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Қымыздың емдік қасиетін бұл күнде күллі әлем мойындап болды. Атам қазақ қымыздың қырық түрлі дертке ем екенін әлдеқашан білген. Ресей, Германия, Франция қымыз ашытуды игеріп, қазір оны рынокқа шығаруға қызу кірісіп жатыр. Бұл жөнінде аталған басылымның «Қымыздың бәсі сырадан неге төмен?» деген мақаласында жазылған.

Еуропа елдерінің өзі қымыздың адам ағзасына пайдалылығын түсініп, оны жасаудың әдіс-тәсіліне қызығушылық танытып отырған кезде ұлттық брендті ұлықтамай, бағаламай жүрген біз ғана. Шынын айту керек, біздің өңірде осы қымыз дайындау кенжелеп қалған сыңайлы, деп мәселе көтереді газет.

«Қалалықтар облыс орталығында қаптаған сыраханалардан сусындарын басады, қымызхана деген атымен жоқ. Рас, аудандық жерлерде бірен-саран қымызхана ашып отырғандар бар. Бірақ, ол кімге жеткендей. Қазір жас жігіттерді былай қойғанда, қазақтың қолаң шаш сұлулары да сыраны сылқытып отырғанын көресің. Және сондай қаракөз қандастарымыздың қатары көбейіп бара жатқаны қынжылтады. Мұны айтып отырғанымыз, ұлттық сусынымыз - қымыз бен шұбаттың қадіріне жете алмай жүрген жоқпыз ба деген ой келеді санаңа», - деп мақала авторы ұлтқа төнген қасіретті тілге тиек етеді. Осыдан кейін Ақтөбеде қымыз өндірісін жолға қоюға мүмкіндіктер бар ма? деген сауалға жан-жақты талдау жасап, шағын зерттеу жүргізеді. Оның жазуынша, облыс өңірінде де қымыздың қадір-қасиетін жете бағалап, кәсібін нәсібіне айналдырып отырғандар бар. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша 400-500 тонна қымыз өндірілген. Ақтөбе қаласында, Алға, Әйтеке би, Байғанин, Қарғалы, Ойыл, Шалқар, Ырғыз аудандарында бие байлап, қымыз ашытып отырған отбасылар бар. Бұл облыс халқына шаққанда не болады. Көңілге медеті, әйтеуір, қымыз өндіруді қолға алушылар қатары жыл санап көбейіп келе жатқаны.

Мақалада бүгінде жылқы ұстап, қымыз өндіріп отырған шаруашылықтардың мемлекет субсидияларына қалай қол жеткізуге болатындығы, тағы да басқа мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалады.

Басылымның жазуынша, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде АҚШ-та алғаш рет Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың қолдауымен шыққан «The Stories of the Great Steppe. «The Anthology of Modern Kazakh Literature» атты қазақ әдебиеті антологиясының тұсаукесері өткен.

Бұл Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Колумбия университеті қызметкерлерінің бірігіп қолға алған алғашқы басылымы болып табылады. Қазақ көркемсөзінің айтулылары топтастырылған кітап­қа Ғ.Мүсіреповтің «Этно­графиялық әңгімесі», Ә.Ке­кілбаевтың «Күй» (повесть), Т. Әб­діковтің «Парасат майданы» (повесть), М.Мағауиннің «Тазының өлімі» (повесть), Р. Сейсенбаевтың «Әлем құлаған күн» және Д. Амантай мен О. Бөкейдің әңгімелері еніпті. Оған қоса, поэззия өкілдерінен ақиық ақын М.Мақатаевтың, О.Сүлейменовтің, Ф.Оң­ғар­сынованың, Иран-Ға­йыптың, Ж.Әбдірашевтің, Б.Қана­пия­новтың, Ш.Сариевтің өлеңдері де орын алыпты.

***

Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде «Бәйтен Омаров» атын­дағы ІІ-Республикалық кол­леджаралық театр фестивалі өтті. Бұл туралы «Айқын» газеті жазып отыр.

Үш күнге созылған фестиваль мәресіне жетіп жеңімпаздар да аталды. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің актерлік өнер бөлімінің екінші курс студенттері Г.Хугаевтің «Қара шекпен» атты спектаклімен «Гран При» иеленді. Көркемдік жетекшісі - Е.Кәрібаев. Петропавл қаласындағы «Өнер колледжі» дарынды ба­лаларға арналған ма­мандан­ды­рылған мектеп-интернат ке­шенінің төртінші курс студенті Бегалина Жанар «Ең үздік ер адам» және «Ең үздік әйел адам» мара­патына ие болды. Көркемдік же­текшісі - Б.Шамбетов. Қа­рағанды қаласының Тәттімбет атын­дағы өнер колледжінің «Кітап назы» атты қойылымы «Шы­ғармашылық ізденіс» үшін ма­рапатталды. Көр­кемдік же­текшісі - Б.Киекбаев. Се­мей қа­ласынан келген М.Тө­лебаев атын­дағы колледжінің «Қалталы күйеу қайдасың», Көкшетау қаласынан келген Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің «Алғашқы махаббат», Дулати атындағы Тараз мемлекеттік уни­верситетінің көпсалалы колледжінің «На­ша­қорлар жайлы новелла» қойы­лымдары лауреат атанды.
Айта кету керек, 2016 жылы Бәйтен Омаровтың 90 жылдығына орай, қазылар алқасының ұсынысымен ұжым ІІІ-ші колледжаралық театр фестивалін Халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.

Басылымның жазуынша,Астананың 15 жылдығы қарсаңында «Шәмші» деректі фильмі «Қа­зақстан» Ұлттық те­леар­насынан алғаш рет көр­сеті­леді. Түсірілуі 20 жылға созылған осынау фильмде Шәмші өмі­рінен жазып алынған құнды кадрлар бар. «Вальс патша­сы­ның» жа­нында оның күнделікті өмірін бейнетаспаға түсірген Тілеген Ахмет - осы фильмнің режис­сері.
1991 жылы басталып, кейін түрлі себептермен түсірілуі тоқ­­таған деректі лента 2011 жылы монтаждалған. Кейбір бөліктері ғана көрермен на­зарына ұсы­нылған.
- Шәмші мүлдем зерттел­меген. Ол туралы дерек жоқ. Сон­дықтан деректі фильм деп ата­ғанымызбен, онда көр­кемдік-қойылымдық эпи­зод­тарды ен­гізуге тура келді. Өйткені халық композитор туралы неғұрлым көбірек мағлұмат алғысы келеді, - дейді Тілеген Ахмет.