Тау мен тасы да, өзен-көлінің сағасы да тұнған шежіре Сарыарқа төсінде қанат жайған үшінші мыңжылдық қаласы - абат Астана тарихы көне өркениет пен ежелгі дәуір мәдениетіне сабақтасатындығы дәл қазір талассыз ақиқат. Оған дәлел бүгінде елордамыз қоныс тепкен кеңістікте сонау бір Дешті-Қыпшақ заманында бой көтерген Бозоқ қаласы. Астана қаласы төңірегінің толық археологиялық картасын жасауға бастамашы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соңғы ұрпағы қазіргі Қазақстанның елордасы Астана деп есептеуге болады» деп атап көрсетті. Осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын гүлденген ортағасырлық қаланың археологиялық деректерін білу мақсатымен «Егемен Қазақстан» газеті 1998 жылы Бозоқ қаласын алғаш ашқан академик Кемел Ақышевтің ізін жалғастырушы, К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулинаны әңгімеге тартқан. Сұхбат «Астананың атасы - Бозақ» деген тақырыппен берілген.
***
«Биылғы жылы «ТМД-ның мәдени астанасы», «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болу құрметі жүктелген Қазақ елінің бас қаласы кеше өз төрінде осы қос әлемді - Түркі елдері мен посткеңестік кеңістік мемлекеттерін қауыштырды. Бұл күні елордада, Бейбітшілік және келісім сарайында, Қазақстан бастамашы болған «Жаңа әлемдегі Еуразиялық мәдениет» атты халықаралық форум дүркіреп өтті», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Бұл форумның Астанада өтуінің символдық мәні бар» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бұл жиын осы аймақтың шартарабынан жиылған зиялы қауым өкілдеріне күйзеліс тұсындағы күйіп тұрған тақырып - мәдени, рухани дағдарыстан аман қалу жайында кең отырып кеңесуге, тұсаулы аттай, кібіртіктемей, емен-жарқын әңгімелесуге, өзара ашық пікір алмасуға мүмкіндік туғызған мінберге, нағыз диалог алаңына айналды.
***
Ресми деректер дүниежүзілік мұнай-газ нарығында газ өнеркәсібінің дамуы энергия тасымалдаушылардың басқа түрлеріне қарағанда оқ бойы алда келеді деп сендіреді. Сонымен қатар дүниежүзілік энергия балансындағы көмірсутекті газ тәріздес отынның үлесі ХХІ ғасырдың ортасында 30 пайызды құрауы мүмкін деген болжам да батыл айтылған. Сарапшылар энергетика дамуындағы алдағы кезең «метан дәуірі» болады дейді. Расымен, солай ма? Бұл жайында тереңірек «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Метан мұртымызды қашан майлайды?» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.
«Қымызды дертке дауа, жанға шипа десек те, бүгінгі қазақ осы бір ежелден келе жатқан ұлттық сусынымыздың мәні мен маңызы, һәм қасиетін қажет етпеуге айналған ба деген ой мазалайды. Себебі сонау замандарда халқымыздың негізгі сусыны болған ұлық дәмнің елімізде қасқалдақтың қанындай қат болғаны көңілімізді қынжылтпай қоймады», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақала «Қымызхананы сыраханаға айырбастайтындай қазаққа не күн туды?!» деген тақырыппен берілген.
***
Алматы метросының құрылысы тағы да тоқтап қалуы ықтимал. Бірінші желінің екінші кезегін қазуға тиісті жұмысшылар өз қызметтерін атқарудан бас тартып отырған көрінеді. Бұл жайында «Время» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Проходчики дошли до точки» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның атап өтуінше, дәл осындай оқиғалар құрылыстың бірінші кезегі жүргізілген 2007 жылдың тамызы мен 2009 жылдың сәуірінде орын алған болатын. Сол кезде метрополитен басшылығы жұмысшылардың маңдай терімен тапқан табысын уақтылы төлемей қойған еді. Міне осы жайт бүгінде тағы да қайталанып отыр.
***
«Экспресс-К» газетінің жазуынша, Ақтаудың мәслихат депутатттары қаланы абаттандырудың жаңа ережесін әзірлепті. Аталған құжатқа сәйкес, аулаларда қой союға, көлігіңді жууға, сонымен қатар болконы көшеге қарайтын пәтерлерге жуған кірлерін кептіру үшін ілуге тыйым салынбақ. Аталған ережелер әзірше қабылданған жоқ. Қалалық мәслихат депутаттары оны халықтың талқылауына ұсынып, ақтаулық ақпараттық сайттарға орналастырған. Толығырақ «Иго выдающихся джентльменов» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.