Бұл туралы бүгін елордадағы баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Қуанышбек Жұманов мәлім етті.
«31 қаңтарда арнайы операция өткізу барысында ІІМ Криминалдық полиция комитеті Оңтүстік өңірлік ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қырғызстанның азаматы Заур Магомедовті ұстады. Жедел деректер бойынша ол қырғыз қылмыстық тобының мүшесі болып табылады», - деді ресми өкіл.
Оның атап өтуінше, қылмыскер 2004 жылы көршілес елдің аумағында кісі өлімдеріне әкеп соққан 4 қарақшылық шабуыл жасағаны үшін мемлекетаралық іздестіруде болған. 2006 жылы Магомедовтің ҚР азаматы Магомед Гаджиевтің атына жасалған жеке басын куәландыратын куәлікті заңсыз пайдаланғаны да анықталып отыр. 2009 жылғы желтоқсанда Гаджиев сыбайласымен бірге Алматының тұрғынына қарақшылық шабуыл жасап, осы қылмыс үшін сотталған болатын. 2010 жылдың маусым айында сот-психиатриялық сараптама қорытындысының негізінде ол есі дұрыс емес деп танылып, сот органы оны қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.
«Сондай-ақ мәжбүрлеп емдеу үшін ол Алматы облысына қарасты Талғар қаласындағы психиатриялық стационарға орналастырылған. Қылмыскерді полиция қызметкерлері сол стационарда ұстады. Қазіргі уақытта Магомедовтің Алматы мен Алматы облысы аумағында ашылмаған басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Қ.Жұманов.