Қырғызстан гуманитарлық апаттың алдында тұр

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат - Қырғызстанның уақытша үкімет басшысының орынбасары Әзімбек Бекназаров көрші мемлекеттерден ұн мен жанар-жағармай материалдары контрабандасы үшін жазаны алып тастауды ұсынып отыр.

Осынау шара республикаға, шекараның жабылуы салдарынан туындап отырған ұн мен отынның жетіспеушілігін шешуге мүмкіндік береді, деп санайды ол. Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы шекара сәуірдің 7-сінен бері жабық тұр, деп хабарлайды РБК агенттігі.

Ә.Бекназаровтың пікірінше, контрабанда үшін жаза алып тасталса, мұнай өнімдері мен ұн республикаға жекеменшік кәсіпкерлер арқылы «мотоциклмен болсын, есекпен болсын» жеткізіледі.

Өзбекстан Қырғызстанның оңтүстік өңірлеріне газ жеткізілімін шектегеннен кейін, елдегі жағдай одан бетер ушығып отыр. Қазір елге бұрынғы 2,5 мың текшеметрдің орнына 800 текшеметр ғана «көгілдір отын» келуде.

Ресми Ташкенттің мұндай шараға баруына Бішкектің газ үшін қарызының 2 миллион долларға жетуі себеп болып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Қырғызстандағы төңкерістен кейін, көрші Өзбекстан мен Қазақстан шекараларын жауып тастады.