Қырғызстан қазынасынан барлық дерлік ақша жоғалып кетті

АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат - Биліктен ығыстырылған Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев пен оның отбасы мемлекеттің қазынасын бос дерлік қалдырды. Онда небәрі 16 миллион ғана еуро қалған, деп хабарлайды РБК агенттігі «Маяк» радиосына сілтеме жасап.

Қ.Бакиев бақылайтын банктер қаржыны елден шығарып әкетпес үшін, уақытша үкімет Қырғызстанның банк жүйесінің жұмысын уақытша тоқтатты. Қазіргі уақытта президенттің жақын туыстары - оның екі ұлы мен бауырына қатысты қылмыстық істер қозғалуда. Үшеуіне де іздеу жарияланды. Куәгерлердің айтуынша, Қ.Бакиевтің дәл осы үш туғаны адамдарға оқ атуға бұйрық берген.

Қ.Бакиев, уақытша үкіметтің ол президенттік өкілеттігін өз еркімен тапсырса, оның қауіпсіздігіне кепілдік бергеніне қарамастан, өз өміріне алаңдаулы екенін мәлім етті.

Айта кету керек, президенттің уақыты аз қалды, себебі жақын арада оппозиция биліктің ауысқаны туралы декретке қол қоймақ, ал бұл құжат ескі конституцияны алмастырады. Нәтижесінде, Қ.Бакиев тағынан тайдырылып, президенттік қолсұғылмаушылық мәртебесінен айрылады.

Кейбір мәліметтер бойынша, жаңа үкімет Қ.Бакиевке қатысты қылмыстық іс қозғап та қойған.