Қыркүйектің 1-інде Алматы облысында 8 жаңа мектеп іске қосылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Бүгін Талдықорғанда физика-математикалық бағыттағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» ашылды.

Мектептің бүгінгі салтанатты жиналысына облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов пен бірқатар ресми тұлғалар қатысты.

«Бұл Талдықорғандағы ең үздік мектеп. Ол физика-математикалық бағыттағы білім ошағы - біздің еліміздің болашағы үшін нағыз керек мектеп. Сіздерге сәттілік тілеймін», - деді облыс әкімінің орынбасары салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.

Әкім орынбасарының құттықтау сөзінен кейін жаңа оқу жылының басталғанын жариялаған «алғашқы қоңырау» соғылды.

Мектеп директоры Гүлайым Байжикенова бірінші сынып оқушыларын заманауи жабдықтармен және техникалармен жарақталған сыныптармен таныстырды.

Құрылысы 2008 жылы басталған мектеп 900 балаға арналған. Құрылысына 2447,6 миллион теңге жұмсалған. Мектеп заманауи құралдармен жабдықталған. Мұнда 816 орындық мәжіліс залы, электронды абономент орнатылған кітапхана, интерактивті құралдармен жабдықталған 59 сынып бар. Сондай-ақ химия, биология пәндеріне арналған жеке зертханалар бар. Сыныптар интерактивті тақталар мен техникалық ультрамоноблогтармен жабдықталған.

Сондай-ақ екі бассейн, спорт, гимнастикалық және хореографиялық залдар, футбол алаңы, жүгіру жолы бар спорт алаңдарымен жабдықталған.

Оған қоса, бүгін облыста республикалық бюджеттің есебінен салынған тағы екі мектеп ашылды, олар: Жамбыл ауданының Қарғалы ауданындағы 500 орындық және Жаркент қаласындағы 450 орындық мектеп. Олардың құрылысына бюджеттен, сәйкесінше, 818,7 миллион және 509,7 миллион теңге бөлінді.

Ал жергілікті бюджеттің есебінен Кербұлақ ауданы Ақтөбе ауылында - 180 орындық, осы ауданның Аралтөбе ауылында - 180 орындық, Қарасай ауданы Қолащы ауылында- 300 орындық, Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылында - 300 орындық, Көксу ауданының Еңбекшіқазақ ауылында - 180 орындық мектеп ашылып отыр.