"Қысқарту қызметке кедергі келтіретін науқанға айналмауы тиіс" – республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 4 қараша, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Айқын» газетінің бүгінгі апталық нөмірінде «Қысқарту қызметке кедергі келтіретін науқанға айналмауы тиіс» деген мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, Елбасының 2010 жылдың 27 қыркүйегіндегі №1072 Жарлы­ғына сәйкес, республика бойынша мем­лекеттік қызметкерлер санын 15 пайызға қысқарту жүргізілуде. Жарлықта қай мемлекеттік ор­ганнан қанша адамның қысқар­тылатыны нақты көрсетілген. Оған сәйкес орталық атқарушы ор­ган­дардың аймақтық өкілдік­терін қос­қанда, қысқарту саны 15 па­йыз­дан аспауы қажет. Сөйтіп, бар­лық қысқартылатын қызмет­керлер саны 26213 адамды құрауы керек. Алайда кейбір мем­лекеттік органдарда адамдар саны тым көп қысқартуға ұшырайтын түрі бар. Мәселен, Статистика агенттігінің облыстық және ау­дан­­­дық бөлімдерін қосқанда, бар­­лығы 3676 адамды құраса, агент­­тіктің жауапты хатшысының 2010 жыл­дың 30 қыркүйегіндегі бұйрығына сәйкес, штат лимиті 2165 адам бо­лып белгіленген. Нә­ти­­­жесінде 1511 адам қысқарты­луы қажет бо­лып отыр. Бұл, әрине, 15 пайыздан бірнеше есе ар­­­тық.

Сондай-ақ «Айқын аптаның» бүгінгі санындағы «Ұлы құрылтай. Ұлттық жоспар» деген тақырыппен мақала берілді. «Халықаралық эксперттердің өздері «Қазақстанда эт­ностық тілдерді оқытудың ТМД-да­ғы ең дамыған жүйесі құрылған де­ген байлам жасап отыр. Бізде ассирийліктер, ирандар, ноғайлар, дұн­ғандар сияқты саны аз ұлыстар үшін де төл тілдері мен мәде­ниет­терін дамытуға барлық мүмкіндіктер жа­салған. ЮНЕСКО-ның тілдер ат­ла­сының соңғы мәліметтері бойын­ша, дүниежүзіндегі қолданыстағы 7 мың тілдің 2 мың 511-і жойылу қаупі алдында тұрған жағдайда қа­зақ­тардың мұнысы игі іс, қайы­рым­ды қадамдар екендігі даусыз. ЕҚЫҰ құрылымдарының 2005 - 2006 жылдары Қазақстандағы тіл­дік саясатты зерделеу қоры­тын­дылары бойынша, 2006 жылғы 12 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы ко­мис­сарының офисінде Қазақстандағы тіл саясаты барлық посткеңестік кеңіс­тіктегі ең әділі деп жария­лан­ды», делінген мақалады.

***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, бұрынғы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев «ұялы телефондардың негізгі бөлігінде қазақша шрифтпен смс (қысқа хабар) жолдау мүмкіндіктерін қарастырамын», деп уәде еткелі екі жыл өтті. Ұялы телефон қазір жұрттың басым бөлігінде бар. Сонымен қоса күн сайын қазақстандықтар смс-сервисті бірнеше рет пайдаланады. Неге біз мәтінді тергенде ана тілімізді бүлдіріп, ағылшын немесе орыс тіліне жүгінеміз. Бәсекеге қабілетті мемлекет кез-келген мәселені өзінің ана тілінде жүргізеді. Сондықтан да ұялы байланыс операторларын смс-ті қазақша жолдауға болатын бағдарламамен қамтамасыз етуге міндеттеу керек. Бұл жайында «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Мамандар азайып, бастықтар көбейіп барады» атты мақаладағы «Қазақша «смс» қашан болады?, деген тақырыпшадан оқи аласыздар.

Сондай-ақ аталмыш басылымның дәстүрлі «Алашты алаңдатқан бір сауал» атты айдары асында «Дарынды жастардың шетелге кетуіне қалай тосқауыл қоюға болады?» деген сауал тасталған. Бұл сұрақа жауап берген заң ғылымының докторы, профессор Арықбай Ағыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда дарынды жастардың барлығы жаппай шетелге кетіп жатыр деуге болмайды. Аздаған деректер бар. Бірақ қазірден бастап алдын алмаса тағы болмайды. Әйтпесе жастар арасында қызығушылық арта түсіп, ертеңгі күні тізгіндей алмай қалуымыз ғажап емес. Десек те шетелге кешегі күні жігерлене кеткен жастарымыз опық жеп қалып жатыр. Жастардың осы мәселені де ескере жүргендері абзал. Сондай-ақ ғалымның пікірінше, шетелге құмар жастарды райынан қайтару үшін қолданыстағы заңдарға толықтырулар енгізу керек.


***

«Астана ақшамы»
басылымының жазуынша, бүгінде елімізде дене шынықтыру сабағы «екінші сорттағы» пән сияқты қарастырылады. Бұл пәнге бірен-саран спорт десе ішкен асын жерге қоятындар ынтықпаса, қалғандары аса құлшынып, тартыла қоймайды. Әлемнің ірі ареналарында өтіп жатқан спорттық бәсекелерде қазақтың көк байрағы желбіреп, қоржынға алтынды көбірек салу үшін қазақ жастарын мектепте жүрген кездерінен бастап, спортқа баули берген дұрыс. Екіншіден міндетті түрде спортшы болмаса да салауатты өмір салтын ұстану үшін әрбір дене шынықтыру пәнінің мұғалімі спорттың тек доп қуалап, шаршы алаңды бір-екі айналып жүгіріп өтумен шектелмейтінін ұғындыра білуі керек. Бұл мәселе жөнінде білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санындағы «Дене шынықтыру пәніне көңіліміз толып жүр ме?» деген мақалаға зер салыңыз.

***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі нөмірінде «Готовы прийти на помощь» деген тақырыппен мақала берілді. Басылымның жазуынша,желтоқсанда елордада өтетін ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне дайындық жұмыстары елімізде барынша қарқынды әрі кешенді түрде жүргізілуде. Дайындық шараларының ең маңыздыларының бірі - азаматтарға медициналық көмек көрсету. Аталмыш міндетті талапқа сай жүзеге асыру үшін елорданың денсаулық сақтау ұйымдарының барлығы жұмылған жұдырықтай болып дайын отыр. Ал Денсаулық сақтау министрлігінде осы уақытта Саммитке арнайы дайындық жөніндегі штаб құрылған.