«Қысқы спортта қазақ баласы неге аз?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 қаңтар, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Ақтөбе облысына екі күндік жұмыс сапарымен Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков келді. Министр алдымен Алға ауданындағы «АкТеп» ЖШС-не атбасын бұрып, серіктестіктің жаңа жылдың алдында ғана пайдалануға берілген заманауи ет комбинатының жұмысымен танысты. Содан кейін Алға индустриялық-техникалық колледжінде ұйымдастырылған ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдері көрмесінде болып, өңірде қолға алынған инвестициялық жобалармен танысты.

А.Мамытбековтың қатысуымен облыста мал шаруашылығы аймақаралық ет кооперациясын құру және оны дамытуға арналған көшпелі кеңес өтті. Оған көршілес Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері Архимед Мұхамбетов пен Нұрлан Ноғаев, «Inalca Eurasia» компаниясының вице президенті Андрей Вакулин, инвесторлар, сондай-ақ, облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілері қатысты.

Кеңесті кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамыту, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен еліміздің бес өңірінде бастау алған шағын ет-сүт өндіру және өңдеу фермаларын ашу бойынша қанатқақты жобаларды жүзеге асырудың облыстағы қадамы және «Бәйтерек» компаниясымен, ауыл шаруашылығын қолдау қорымен, «Алмекс» компаниясымен және Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Жол картасы-2020» бағдарламасымен жұмыс істеудің барысына тоқталды. Осы бағдарламалар бойынша ауылда кәсіпкерлік нысандарын құруға қазірдің өзінде 40-қа жуық өтініш түскенін тілге тиек ете келіп, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін облысқа 3,9 миллиард теңге қаржы қажет екенін атап өтті.

Алқалы жиында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков сөз алып, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 61-қадамын жүзеге асыру үшін Үкімет тарапынан ет өндірісін дамыту мен өңдеуге стратегиялық инвесторларды тарту бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Биыл экспортқа 12 мың тонна ірі қара еті шығарылатынын, одан кейінгі жылдары бұл көрсеткішті 30 мың тоннаға жеткізу көзделіп отырғанын мәлім етті. Осы жайында «Ет экспортының әлеуеті арттырылмақ» деген мақаладан толық оқи аласыздар.

Бас басылымда «Мал иелеріне өтемақы төленеді» атты мақала берілген. Исатай ауданындағы екі кен орны аралығында газ құбыры үшін қазылған жыраға жеке иеліктегі малдардың құлап, қырылғанына орай аудандық әкімдік ресми мәлімдеме таратты. Онда төменде анықталған деректер жария етілді.

«Мұнай компаниясының тапсырысы бойынша ілеспе газ құбырын салу жұмыстары жүргізілген. Осы жұмыстар үшін ұзындығы 13 шақырым шұңқыр қазылған. Бұл жұмысты «Монолит Инвест Компани» ЖШС орындаған. Желтоқсан айының соңы мен қаңтар айының бастапқы күндеріндегі жауған қалың қар мен борасын шұқырларды толтырып бітеп тастаған. Осы себепті далада жүрген малдар қардан байқалмайтын шұқырларға түсіп өлген. Аудан әкімдігі бұл оқиғаға байланысты шұғыл мамандардан, құқық қорғау органдары өкілдерінен арнайы топ құрып, мәселені жан-жақты қарау және өлген малдардың иелерін анықтау жұмыстарын жүргізді. Акт жасалды. Нәтижесінде 39 жылқы, 1 түйе малының өлекселері табылды. Малдың түрі, түсі, таңбасына қарай иелері анықталды. 13 қаңтарда мердігер мекеме - «Монолит Инвест Компани» ЖШС-нің бас директоры Бибінұр Юсуповамен аудан әкімдігінде кездесу өткізіліп, қалыптасқан жағдайға байланысты алынатын шаралар келісілді. Компания мал иелеріне (17 адам) 5,8 миллион теңге өтемақы төлеуді мойнына алды», делінген Исатай аудандық әкімдігінің ресми мәлімдемесінде.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моджтаба Дамирчилу журналистерге арнап брифинг өткізді. Ол Дүниежүзілік атом энергетикасы жөніндегі агенттік Тегеранның ядролық бағдарламаға қатысты барлық шарттарды орындағанын мәлімдегеннен кейін, АҚШ пен Еуропалық одақ Иранға қойған санкциясын тоқтатқанын тілге тиек етті.

- Біз маңызды ақпаратқа ие болып отырмыз. Әлем ешкімге қажет емес дағдарыстың тоқтағанына куә болды. Иран бейбіт заманда өмір сүргенді қалайды. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің басшылары оң шешім шығарғаннан соң, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі осы тақырыпқа қатысты мүдделі тараптармен біріккен мәлімдеме жасады, - деді Моджтаба Дамирчилу.

Оның айтуынша, Иранның ядролық қызметін жалғастыра беретіндігі келісімінің негізгі тұсы болып табылады. Күдік пен күмәнді сейілту мақсатында бақылау тетіктері іске қосылады және барлық санкциялар алынып тасталады.

- Бұл тарихи оқиға келіссөздердің нәтижелі болатындығын көрсетті. Сыйластық пен өзара келісім аса күрделі мәселелерді шешетіндігіне дәлел болды. Келісімнің нәтижесі Иран халқына, өңірге және әлем қауымдастығына оң әсерін тигізеді деп үміттенемін,- деді Елші.

Сөз арасында Моджтаба Дамирчилу бұл мәселенің оңтайлы орайластырылуына атсалысқан елдердің арасында Қазақстан болғанын атап көрсетті. Осы жайында «Қарым-қатынас тереңдей түседі» атты мақаладан оқи аласыздар.

Бұл басылымда «Шешілмейтін мәселе жоқ» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталов филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке және көпке ортақ мәселелер бойынша қабылдады.

«Бұл жолғы қоғамдық қабылдау дәстүрлі және заманауи жаңа үлгіде ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қабылдауға екі адам тікелей келіп, өздерін толғандырып отырған жағдайларды төрағаға жайып салса, тағы үшеуі шалғайдағы ауылдарда отырып, ғаламтор арқылы «skype» бағдарламасымен байланысқа шықты. Бір қуанарлығы, өңір жұртшылығын жеке бастарының немесе отбасыларының мәселелерімен бірге мектеп, кешенді тұрғын үй, егіндік және шабындық жердің суармалы каналдары сынды қалың бұқараның көкейінде жүрген жағдайлар да толғандырады екен»,-деп жазады мақала авторы.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында еліміздегі қысқы спорт түрінің дамуы мәселесіне арналған мақала жарияланды.

«Биыл ел тәуелсіздігін алғанына 25 жыл толады. Ширек ғасырдың ішінде спортшыларымыз бұған дейін 6 рет Қысқы және 5 рет Жазғы олимпиада ойындарында бақ сынапты. Шын мәнінде, қысқы спорт қазақ баласына қол болмай тұр. Халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүрген спортшыларымызды саусақпен санап шығуға болады. Бұған дейін Жазғы Олимпиадалардан жүлдесіз қайтып көрмеген ұл-қыздарымыз Ақ Олимпиаданың шыңына шықпақ түгілі қатысудың өзі мұң болып отыр. Осы орайда шаңғы спорты, мәнерлеп сырғанау, шаңғымен тұғырдан секіру, конькимен жүгіру, биатлон сияқты спорт түрлерін қаракөздеріміздің арасында дамытуға мүмкіндік болмады ма деген орынды сұрақ туындайтыны ақиқат. Егеменді ел қоржынына алғашқы алтынды бұдан 22 жыл бұрын, яғни 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Ақ Олимпиадада атақты шаңғышымыз Владимир Смирнов салып берді. Содан бері қысқы ойындардан алтын алып, Туымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды әуелеткен спортшыларды көрмедік»,-деп жазады басылым. Осы түйткілді мәселе «Қысқы спортта қазақ баласы неге аз?» атты көлемді мақалада егжей-тегжейлі жазылған.