Қытай 2010 жылы экономикалық өсу қарқынын 8 пайыз деңгейінде сақтап қалмақ

АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат - Қытай Халық Республикасының Үкіметі 2010 жылы экономикалық өсудің қарқынын 8 пайыз деңгейінде сақтап қалмақ.

ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябао жұма күні басталған Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының кезекті сессиясында осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «РИА «Новости» агенттігі.

2009 жылдың қорытындысы бойынша Қытай экономикасының өсу қарқыны 8,7 пайызға жетті, дегенмен ел экономистері ағымдағы жылға тым жоғары мақсаттар қоюдың қажеттілігі жоқ деп санайды.

«Жоспарланып отырған 8 пайыздық көрсеткіш былтырғы деңгейден шамалы төмендеу», деп атап көрсетті Вэнь Цзябао сессияның ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Бұл мақсаттың «экономиканың белгілі бір өсу қарқынын» сақтау қажеттілігі негізінде белгіленіп отырғанын айтқан премьер, ол үшін «экономикалық модельді трансформациялау мен экономика құрылымын үйлестіруді, экономикалық дамудың сапасы мен тіимділігін арттыруды ынталандыруға барынша күш-жігер салынуы» керек екенін айтты. Вэнь Цзябоның бағалауынша, биылғы жыл - «халықаралық қаржы дағдарысымен әрі қарай арпалысудың түйінді жылы болмақ».

Биылғы сессияның жұмысы наурыздың 14-іне дейін жалғасады.