өзекті ақпаратты оқырман қауымға түрлі дерек көздері таратқан мәліметтер негізінде хабардар етуді жөн санадық.
Қытайдағы тұңғыш қазақ фильмі Шыңжаңда 1953 жылы «Қасен-Жәмила» атты қойылыммен сәтті басталған. Бұл фильм сол тұста қазақ жұрты үшін кереметтей ләззат алатын туынды ретінде жоғары бағаланған. Сонымен жалғас ертеректе түсірілген «Тәңіртаудың қызыл гүлі», «Айгүл», «Жайлаудағы мылтық даусы» қатарлы фильмдердің алар орны өз алдына бір төбе. 80 жылдардан бері түсірілген «Жетім қыздың махаббатты», «Қызбейіт», «Сержан», «Сахарадағы Дәлеш», «Жусанды дала», «Бөрі соқпақты боз дала», «Айсырға» фильмдерін атауға болады. Ал осы салада ұзақ уақыт еңбек еткен Қытайдың мемлекеттік дәрежедегі қазақ актерлерінен Мүтәліп Әбдірахманұлы, Пәтиха Мәлікқызы, Мақсат Кәдірханұлы, Жанар Сағатқызы, Дәлелхан Қадырұлы қатарлы біраз адамдарды да айта кеткеніміз орынды.
Енді Қытай қазақтарының мәдени өміріндегі тың жаңалық ретінде аталып, көрерменін қуантып жатқан «Гүлбике» фильміне келер болсақ, бізді құлағдар еткен алғашқы ақпаратты Қытайдағы «Шыңжаң газеті», «Халық газеті» және «Қытай радиосы» сайты жазып таратты. Осы ақпарат көздерінің хабарлауынша, қаңтардың 22-сі күні аталмыш фильмнің Бейжіңде тұңғыш премьерасы өткен. Қойылымды тамашалауға Қазақстанның Қытайдағы елшісі Икрам Адырбеков келіп қатысқан. Той мәртебесін биіктете түскен қазақ елшісі өзімен бірге Елшіліктің 60-тан астам қызметкері мен Бейжіңде оқып жатқан қазақстандық жастарымызды қоса ерте барғандықтан, фильмнің осы тұсаукесері қазағы аз ортада көп қазақтың басын қосқан айтулы шараға ұласты. И. Адырбеков қойылымнан кейін тілшілерге берген сұхбатында «Гүлбике» фильмін Қытай қазақтарының мәдениетін, салт-санасын, айтыс мәдениетінің өрелілігін айғақтайтын бірегей туынды ретінде бағалайтындығын және алдағы күндерде бұл фильмнің Қазақ елінде көрсетілуіне өз көмегін жасайтындығын мәлім еткен.
Біз фильм жайындағы толық ақпаратты Қытайдың baidu.com (бәйду іздеу сайты) сайтының жаңалықтар қорынан ұшыраттық. «Гүлбике» фильмін Шыңжаңның Үрімжі қаласындағы мемлекеттік «Тянь-шань» кино студиясы мен «Хуашиа» кино тарату жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп жасаған екен. Алғашқы түсірілім жұмыстары 2009 жылы мамырдың 8-інде Қытайдың Іле аймағының Текес ауданындағы Қаражон жайлауында басталған. Фильмнің шырайын ашқан көркем дала табиғаты Алтай, Іле, Тарбағатай сынды қазақ аймақтарының көрінісі көз тартатын әсем жерлерінде түсіріліп, көктемнің, жаздың, қыстың көріністері қамтылған. «Гүлбике» фильміне арқау болған уақиға желісі қазақ ұлтының ақындар айтысына деген құрметін және айтыс өнерінің баурағыштық қасиетін ашып көрсету. Бұл фильмде ақын қыздың осы өнерді бойына сіңіре жүріп есею барысы баяндалады. Сонымен бірге Қытайдағы қазақтар мекен еткен өлкенің тарихи-мәдени жарасымды өмір салтын, қазақ ұлтының думанға толы тіршілік ортасын, шынайы сезімін бейнелеп, халықтық ән-билер кеңінен дәріптеледі. Фильмнің режиссері «Тянь-шань» кино студиясының үздік режиссері Шеризат есімді ұйғыр азаматы. режиссердің осыған дейін де жасаған фильмдері мемлекеттік және халықаралық сыйлықтарды жеңіп алған. Басты рөлдерде қытай қазақтарының арасынан шыққан белгілі кино актер Пәтиха Мәлікқызы, «Шыңғысхан» фильмінде ұлы қағанның үзеңгілестерінің бірінің кейпін сомдаған Дәлелхан Қадырұлы және Роза, Әлімжан, Дабыл қатарлы жас актерлермен бірге 5 жастағы Жәния есімді кішкентай қыз Гүлбикенің балалық шағын ойнайды. Ал фильмге жұмсалған жалпы қаражат көлемі 9 миллион юаньді құарған.
Қытайда кино өндірісінің сапалық деңгейінің көтерілуі соңғы 20 жыл шамасындағы еңбектің нәтижесімен байланысты. Жылына 700-ден астам киноны өндіріске шығаратын Қытай мемлекеті қазірге дейін хансу ұлтының түгелге жуық тарихи тұлғаларын, елдік маңызға ие тарихи оқиғалар мен классикалық романдар желісін экран тілінде қайта жаңғыртып, көрерменге жеткізіп үлгірген. Қытай кино өндірісінің жуық жылдардан бергі жаңалығы басқа ұлттар өмірінен сыр шертетін туындыларға басымдылық таныта бастағаны. Бұған бір мысал жоғарыда айтылған «Көрікті мекеннен» кейін түсірілген осы «Гүлбике» фильмі.
Сөз соңында айтарымыз, қанша жерден жаһандану кеңістігінде өмір сүріп жатырмыз деген күннің өзінде, ұлттық болмысымыздың түп тамырынан, дәстүрлі мәдениетімізден қол үзбеу керектігі айдан анық нәрсе. Сол себепті де қазақи кестелі, өз ұлтымыздың рухына сайма-сай туындылардың көптеп түсірілуі қоғамда сұраныс тудырмай қалмайды.