«Қытай мен қазақ халқы достығының тамыры тереңде жатыр. Жаңа тарихи кезеңде екі мемлекет өз мүдделеріне толықтай жауап бере алатын жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытып жатыр. Бұл бүкіл Орталық Азия аймағында бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауына септігін тигізеді», - деді Чжан Вэй.
Сонымен қатар ол керуеннің соңғы аялдамасы - Тараз қаласы екендігін жеткізді.
«Қазақстан - Ұлы Жібек жолы бойындағы алғашқы және маңызды аялдама. Биыл Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде атап өтілетіні белгілі. Сондықтан, керуен 8 мыңнан астам шақырымды құрайтын ұзақ та ауыр жолды жолды басып өтіп, өзінің соңғы нүктесі - Тараз қаласына келіп, қытай халқының қазақ халқына деген достық сезімі мен құттықтауын жеткізеді. Шыдамдылықтың, батылдықтың, табандылықтың және мақсаткерліктің үлгісін танытқан бұл керуен - Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуі тұжырымдамасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асуына жаңа серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ, бұл ҚХР-дың құрылғанына 66 жыл толуына және Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай жасалған тамаша сыйлық! 2000 жылдан астам тарихы бар Ұлы Жібек жолы бүгін жаңа рухани күшке ие болды», - деді Чжан Вэй.
Айта кетелік, «Қытай-Қазақстан» достық және ынтымақтастық керуені қазір Абай даңғылының бойымен батысқа қарай жүріп барады. Қаладан шыққан соң керуен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ауылы - Алматы облысының Қарасай ауданында орналасқан Үшқоңыр (бұрынғы Шамалған) елді мекеніне барып аялдайды. Одан әрі көне Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі орталықтардың бірі болған - Тараз қаласына қарай аттанады. Жоспар бойынша 7-ші қазанға дейін келіп жетуі тиіс. Өйткені, 8-ші қазаннан бастап, Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған кең көлемді мерекелік шаралар басталады. Керуен әдеттегідей күніне 25 шақырымнан жүріп отырады.