Қытай ұлттық валютасының айырбас бағамының реформасын жалғастырады

БЕЙЖІҢ. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының кезекті сессиясының қорытындысы бойынша жексенбі,

наурыздың 14-інде Бейжіңде Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябаоның қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Үкімет басшысының айтуынша, Қытай ұлттық валютасы - юаньның (ресми атауы - жэньминьби) айырбас бағамын реформалауды жалғастырады, сонымен бірге оның тұрақтылығын қолдау шараларын жүргізе береді. «Жаһандық дағдарыс кезеңінде біз юаньның тұрақты бағамын сақтап қалдық, бұл әлемдік экономиканы қайта көтеруге көмектесті», деп атап көрсетті Вэнь Цзябао өз сөзінде.

Дегенмен, Қытай премьерінің айтуынша, валюта саясаты мәселесінде Қытайға «қысым жасаудың қажеті жоқ», себебі бұл - «юаньның айырбас бағамының реформасына оң әсерін тигізе қоймайды».

Вэнь Цзябао сөз сөзінде сондай-ақ әлемдік экономика үшін ең қиын кезеңде - 2008 жылдың шілде айы мен 2009 жылдың ақпан айы аралығында қытайдың ұлттық валютасы 14,5 пайызға қымбаттағанын атап көрсетті. 2009 жылы Қытайдың экспорт және импорт көлемі 16 және 11 пайызға қысқарып, сәйкесінше, елдің сауда-саттық теңгерімінің белсенді сальдосы 102 миллиард АҚШ долларына кеміді.