Ховд аймағында «Қазақ халқының мәдени мұрасы» күндері өтті – «Kaznews»
Ховд аймағында Моңғолияның Парламент депутаты Ш.Адьшаның қолдауымен Ховд аймағы әкімдігі және Ховд сұмының әкімдігі тарапынан «Қазақ халқының мәдени мұрасы» күндері ұйымдастырылды.
Бұл туралы апта соңында Моңғолияның «Kaznews» ақпараттық порталы хабарлады.
Тамыздың 9-10 күндері Ховд сұмынында өткен аталмыш шараның ашылуына Ховд аймағының әкімі, Батыс өңірлік кеңесінің басшысы Е.Болормаа қатысқан.
Моңғолиялық басылымның дерегінше, Ховд аймағы көп ұлтты азаматтар тұратын ерекше өлке. Іс-шараға орай қазақ азаматтарды құттықтап, ұйымдастыруға қолдау білдіргендерге сертификат табыс етілді.
Айта кетейік, Ховд аймағында 90700-ден астам халық тұрады. Олардың 11700-ге жуығы, яғни 13 пайызын қазақтар құрайды екен.
«Қазақ халқы ежелден өзінің қайталанбас мұрасын, мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін сақтап келеді. Ұйымдастырушылар «Қазақ халқының мәдени мұрасы» күндігі іс-шарасының материалдық және материалдық емес мәдени мұраны, бірегей мәдениетті сақтау, тарату және дамытуда маңызы зор болатынын атап өтті», деп жазады моңғолиялық басылым.
Шараға көршілес Баян-Өлгий аймағынан, Қазақстан Республикасынан арнайы ат басын тіреген көптеген қонақтар қатысты. Ұйымдастырушылар бұл күндері қазақ халқының ерекшеліктерін көрсететін қойылымдар мен байқаулар ұйымдастырды.
Сонымен қатар осы аптада «Kaznews»-те «Доктор, профессор Қауымдас Әшімұлының жаңа кітабы жарық көрді» деген ақпарт жарияланды.
Доктор, профессор Қауымдас Әшімұлының жаңа кітабы «Китаб» баспасында жарық көрген.
Моңғолиялық басылымның дерегінше, Моңғолияның инженер-консалтингшісі, доктор, профессор Қауымдас Әшімұлының жаңа шыққан кітабы «Сирек жер элементтері-2» деп аталады.
Қауымдас Әшімұлы – Моңғолиядағы сирек жер элементтері, олардың ашылуы, пайдаланылуы, ресурстары, өндірісі мен технологиясы бойынша көп жылдар бойы зерттеулер жүргізген сирек ғалымдардың бірі.
Ол өзінің «Құрамында сирек жер элементтері бар кенді байыту әдісі» еңбегі бойынша 1992 жылы Моңғол Халық Республикасының жаңа өнертапқыш авторы атанған.
Бұл жолғы жарық көрген туындыға зерттеу нәтижелері бұрын соңды жарияланған кітап, газеттер мен журналдардағы мақалалар мен сұхбаттардан басқа, шетелдік технологиялармен байытылған ауқымды және ұзақ мерзімді зерттеу мақалалары кіреді.
Қазақ баласы туралы Қытайда түсірілген фильм прокатқа шықты - CNR
9 тамызда Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі ұйымдастыруымен «Тяньшань фильм» киностудиясы түсірген «Қамшы» балалар фильмі ресми түрде прокатқа шықты.
Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы хабарлады.
Айта кетейік, «Қамшы» фильмінде қазақтың жас баласы Аңсар өз арманын жүзеге асыру үшін атқа мінуі туралы баяндалады. Сонымен бірге фильмде Алтайдың әсем табиғаты да көрсетілген.
Бұл фильмде қазақтың атқа міну мәдениеті мен түрлі этностардың бір-біріне көмектесуі өзек етілген.
«CNR»-дің дерегінше, режиссер осы кинода көркем дала табиғатының көріністерін алу арқылы бір жылдың төрт маусымында түрленіп тұратын Алтай аймағының таңғажайып көркем көріністерін көрсеткен. Фильмде кішкентай Аңсардың өміріндегі қиындықтары мен арман-мұраты баяндалған. Сол арқылы Аңсардың ат бәйгесінде бас жүлдені алып, өзінің аға-бауырларымен қалай тату-тәтті өмір сүріп, әке-шешесінің сүйіспеншілігін түсінеді. Бас кейіпкердің жақсы достар арасындағы уәдеден айнымауы, көптің көмегінде мейірге бөленіп есейіп, ер жетуі бейнеленеді.
«Бұл фильмге көптеген әуесқой әртістер қатысқан. Әсіресе, кішкентай әртістердің бірнешеуі Алтай, Іле аймағындағы қарапайым оқушылар. Олардың кіршіксіз көңілімен сомдаған ойындары киноға қарапайым әрі жатық суреттеулерді қосты», - дейді киноның режиссерлері Дун Шинуын мен Шапағат Мұрат.
Аталған фильм Қытайдың бірнеше мемлекеттік кинофестивалінде жүлделі орындардан көрініп, ел ішінде жасалған үздік кинолардың қатарына енген.
Шілдеде жаңа энергетикалық көліктердің сатылымы 31,6%-ға өсті – «Халық» газеті
Осы шілдеде Қытайда жаңа энергетикалық көліктердің өндірісі мен сатылымы 805 000 және 780 000 бірлікті құрап, сәйкесінше 30,6% және 31,6%-ға өсіп, нарықтағы үлесі 32,7%-ға жеткенін көрсетеді, деп хабарлайды Қытайдың «Халық» газеті басылымы.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, шілдеде ішкі нарықта жаңа энергетикалық автомобильдердің сатылымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26%-ға өсті. Ал экспорты 101 000 құрап, өткен айдағыдан 29,5%-ға және өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 87%-ға өскен.
Баян-Өлгий аймағында тоғызқұмалақтан VI Азия чемпионаты өтуде – «Kaznews»
2023 жылғы 4-12 тамыз аралығында Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында тоғызқұмалақтан VI Азия чемпионаты өтуде, деп хабарлайды Моңғолияның «Kaznews» ақпараттық порталы.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, жарысқа 9 елдің, атап айтқанда Моңғолия, Қазақстан, Қырғызстан, Бангладеш, Филиппин, Ресей Федерациясының Алтай және Саха Республикалары, Өзбекстан, Түркия, Түрікменстан қатарлы елдердің 200-ден астам спортшысы қатысуда.
Бұл халықаралық бәсекені Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясы мен Моңғолия Тоғызқұмалақ Федерациясы бірлесіп өткізуде.
Сондай-ақ жарысқа ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Самұрық-Қазына қоры мен Спорты дамыту қоры демеушілік қолдау көрсеткен.
Тамдының бесбармағы - «ӨзА»
Бесбармақ кепесі – көпшілік жақсы көретін ұлттық тағамдардың бірі. Бұл тағам, әсіресе Науаи аймағында көп дайындалады, деп хабарлады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.
Бұл ақпаратпен бірге «Бесбармақ» дайындаумен айналысып жүрген қазақ әйелдерінің суреттері қоса жарияланған.
Өзбекстандық баслымның келтірген мәліметіне сүйенсек, жергілікті халық мұнда қонақ құрметіне мал сойып, бесбармақпен сыйлау дәстүрге айналған. Бұл тағамның ерекше дәмі оны дайындау құпиясына байланысты. Яғни, бұл тағамға кептірілген, тұздалған қой еті – қазанға асылады.
«Сонымен қатар түйе, өгіз еті, жылқы қазысы да пайдаланылады. Негізінен ет пен қамырдан тұратын бесбармақ тартылса, қонаққа қойдың басы беріледі. Бұл - құрметтің белгісі. Бұл қамырдан жасалған тағам қолмен жейтіндіктен «Бесбармақ» деп аталды», деп жазады өзбекстандық БАҚ.
Анкара төрінде Абай әндері шарықтады – «TRT»
2023 жылы 10 тамыз күні қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 178 жыл толуына орай Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Анкара қаласының Кечиөрен муниципалитеті, «Көк ту» Қазақ мәдениеті қоғамының ұйымдастыруымен «Абай әлемі» атты рухани-тағылымдық іс-шара өтті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.
Аталған ақпарат көзінің дерегіне сүйенсек, қазақ және түрік зиялылары, студенттер, жергілікті тұрғындар және Қазақстандық азаматтардың қатысуымен Абай ескерткішінің алдында өткен шарада жастар Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерін шырқап, қара сөздері мен өлеңдерін оқыды.
«Анкара, Стамбул, Анталия сынды түрік қалаларында бой көтерген Абай ескерткіштері бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастың жоғары деңгейінің айқын көрінісі бола бермек», деп түйіндейді бұл ақпаратты түркиялық басылым.
Қазақстан өз тауарын экспорттау үшін Иран мен Парсы шығанағы бағытын пайдалануды көздеп отыр – «Parstoday»
Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау үшін Иран арқылы халықараға тікелей жол ашуды көздеп отыр.
Бұл туралы осы аптада ирандық «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлады.
«Parstoday» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Каспий теңізіндегі Қазақстанның Құрық айлағы мен Иранның Амирабад айлағы және Парсы шығанағындағы Бандар-Аббас айлағы арқылы жаңа бағыт ашылады. Бұл бағыт БАӘ, Үндістан, Пәкістан, Қиыр Шығыс, Африканың шығыс жағалауларына жүк жеткізу уақытын айтарлықтай қысқартады.
Айта кету керек, сондай-ақ Қазақстан үшін осы жол арқылы Еуроодаққа тауар экспорттау мүмкіндігі пайда болады.
Бейбіт Атамқұлов Өзбекстандағы ең ірі мұражайлардың біріне барды - «ӨзА»
Осы аптада Қазақстан елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстандағы И.В.Савицкий мұражайындағы өнер туындылармен танысты, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.
Өзбекстандық басылымның дерегінше, 2023 жыл 8 тамызда Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов Нөкіс қаласындағы И.В.Савицкий атындағы Мемлекеттік өнер мұражайына барған.
Бейбіт Атамқұлов мұражайдағы орыс авангардының және жергілікті суретшілердің туындылары, сондай-ақ Қарақалпақстан мен Ежелгі Хорезм халық-қолданбалы өнерімен танысып, музейдегі естеліктер кітапшасына жазба қалдырған.
«И.В.Савицкий атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы Өзбекстандағы ең ірі мұражайлардың бірі болып табылады. Мұражай коллекциясы орыс авангардының коллекциялары арасында маңыздылығы мен көлемі бойынша әлемдегі екінші, сондай-ақ Азия аймағындағы ең жақсы өнер коллекциясы ретінде танылған», деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.