Сондықтан қазақ бар жерде, қазақ күресі де қатар жүретіні дау тудырмайды. Алайда шетелде тұрып жатқан көптеген қандастарымыз бүгінгі таңда төл күресімізді төріне оздыра алмай отырған жайы бар.
Жасыратыны жоқ, кейбір елдерде тұрып жатқан бауырластарымыз арасында қазақ күресі түгілі қазақ тілін ұмытып қалғандары да жетерлік. Бірақ қазақ жұртынан қанша жырақ жүргенімен, түймедей ғана іс тындырса да, түгелімен ұлты үшін істейтін ұлтжанды қандастарымыз да жоқ емес. Міне, осындай азаматтарымыздың игілікті істері қашанда көңілімізге демеу, жанымызға жебеу болып келеді. Сол азаматтардың бірі - Қытайда тұратын қандасымыз «Жұңгоша-қазақша күрес бірлескен қоғамы» төрағасының орынбасары Нұрлан Дәулетқанұлы.
Ол бүгінгі таңда Қытайдағы қандастарымыз арасында кенжелеп қалған төл спортымыз қазақ күресінің қайта өркендеуіне өз үлесін қосып, ауыл, аудан, аймақ көлемінде әр деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырып қана қоймай, Қазақстаннан арнайы мамандар шақыртып, ондағы тәрбиеленушілерге төл күресіміздің айла-тәсілдерін тереңдеп түсінуге жол ашып отыр.
Өткен аптада Нұрлан Дәулетқанұлын Астанаға келіп жүрген жерінен жолықтырып, Қытайда қазақ күресінің қалай дамып жатқаны жайында сұхбаттасқан едік.
- Нұрлан Дәулетқанұлы , сізді Қытайда төл күресіміз - қазақ күресін дамытуға өз үлесін қосып жүрген ұлтжанды азаматтардың бірі деп естіп жатырмыз. Әңгімемізді бастамас бұрын, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз?
- Өзге елде жүрсек те, өз халқымыз үшін тер төгіп жүрген қарапайым қазақтың баласымыз. Қытайдағы қазақтар негізінен Іле, Алтай, Тарбағатай деп аталатын үлкен үш аймаққа қоныстанған ғой. Мен сол аймақтардың ішіндегі Іле аймағына қарасты Күнес ауданының тумасымын. Бала кезден спорт әлеміне қызығып, соның ішінде еркін және төл күресіміз қазақ күресімен айналыстым. Кейін, денсаулығыма байланысты спорттан кеттім. Алайда өзім спортты қойсам да, спортқа деген құмарлығым болар, осы сыйқырлы әлемнен алыстай алмадым. Ақыры, қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын төл күресімізді жандандырып, қазақ күресінің өркендеуіне өз үлесімді қосайын деген мақсатпен Қытайда ұлттық спортымыздан әр түрлі жарыстарды өткізуге, ұйымдастыруға бел шеше кірісіп кеттім.
- Не үшін қазақ күресін таңдадыңыз? Неге өзге Олимпиада ойындарына кіретін күрес түрлерін қолға алып, қазақ өрендерін Олимпиада шыңына шығармасқа?
- Олимпиада ойындарына кірген спорт түрлері онсыз да дамыған спорт түрлеріне жатады. Ал қазақ күресін сол спорт түрлерінің қатарына қосуға бар қазақ атсалысуы керек деп ойлаймын. Бүгінгі таңда қазақ елінде қазақ күресі өте жоғары деңгейде дамып келеді. Қазір әлем, Азия біріншіліктерін былай қойып, жыл сайын өтетін «Қазақстан Барысы» турнирінің өзін қазір бүкіл ел тани бастады. Міне, бұл қазақ күресінің беделі арта түскенін аңғартады. Ал Қытайда қазақ күресіне осыған дейін аса мән берілген жоқ. Бұл Қытайда қазақ палуандары жоқ деген сөз емес. Ол жақта да Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаров, Бейбіт Ыстыбаев сияқты нар тұлғалы палуандар жетерлік. Бірақ сол палуандардың рөлін сәулелендіретін орта жоқ. Қазақстандағы сияқты апта сайын, ай сайын жыл сайын ірі жарыстар өте бермейді. Сондықтан талай мықты азаматтарымыз анда-мұнда болатын той-томалақта қазақ күресін естеріне бір алады. Ал кез келген дүние үнемі қолданыста болмаса, өзінің қасиетін жояды. Спорт та сол сияқты. Кез-келген спорт түрі тоқыраса, сол спорттың әдіс-тәсілі, өзіне тән ережелері, болымысы ұмытыла бастайды. Ал даму үстіндегі спорт түрі, дамыған үстіне дами түсетіні белгілі. Қазақстанда қазақ күресі дамып, ережелері белгілі халықаралық талаптарға сай толығып, кемелденіп жатса, Қытайда керісінше, ұмытыла бастаған. Тіпті, қазіргі жастар қазақ күресі туралы естігендері болмаса, қандай күрес екенін білмейтіндері де жеткілікті. Сондықтан төл ойынымыз - қазақ күресін дамытуды қолға алдым.
- Ал қазір қазақ күресінің ережелерін, айла-тәсілдерін ол жақтағы палуандарға қалай үйретіп жатсыздар?
- Құдайға шүкір, қазір Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы өте жақсы. Екі ел басшыларының достық саясатының арқасында осылай бір-бірімізге емін-еркін келіп, кетіп жүрміз. Спорттың өзі достықтың символы емес пе? Біз әркез келген сайын осындағы мамандардан Қазақстандағы қазақ күресінен өткен жарыстардың кескіндерін алып, сондағы ережелермен танысып, осындағы палуандардың айла-тәсілдеріне қарап, соған қарай жұмыс жасаймыз. Өзге де оқулықтар алып, кем-кетіктерімізді толықтырып тұрамыз.
- Қазір Қытайда сіздің бастамаңызбен қандай жарыстар өтіп жатыр?
- Мен бұл бастаманы қолға алғалы екі ірі жарыс өтті. Әрине, кез-келген ауқымды істі ұйымдастыру бір ғана адамның қолынан келе бермейді. Екі жарысқа да көптеген ұлтжанды азаматтар көптеп көмегін тигізді. Жергілікті әкімдіктер де шараны ұйымдастыруда ұсынысымызды қолдап, өз үлестерін қосты. Алғашқы жарысымызды 2013 жылы Шынжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласында өткіздік. Онда жарысқа Қытайдағы қандастармыз қоныстанған барлық аймақтардан ең үздік деген балуандардың басын қостық. Бұл Шынжаң қазақтары тарихындағы төл күресімізден өткен ең алғашқы ірі бәсекелердің бірі болды. Бұл жарысты ұйымдастыруда қаржылық жағын негізінен өз қалтамнан шығардым. Осы жылы желтоқсан айында тұңғыш рет өзім туған Күнес ауданынан бір қатар ұлтжанды азаматтар бірлесе отырып, «Жұңгоша-қазақша күрес бірлескен қоғамы» деген үлкен қоғам құрдық. Мұндағы мақсатымыз - қазақ күресіне жұрт назарын аударып, қаракөз бауырларымыздың салауатты өмір салтын ұстанып, сау денелі болып өсуіне өзіндік үлес қосу. Ал екінші рет жарысымызды өткен жылы желтоқсанның 1 күні Іле аймағы Күнес ауданында өткіздік.
- Осы өткізген жарыстарыңыздан не ұттыңыз? Мұндай жарыстарды өткізу Қытайда қазақ күресінің дамуына өзіндік үлесін қоса ала ма?
- Әрине, бастаған ісіміз оң нәтиже бере бастады десем, артық айтқаным емес. Бірінші жарысқа қарағанда, екінші жарыс өзіндік ерекшеліктерімен есте қалды. Ештеңеден ұтылғамыз жоқ, ұтқанымыз көп болды. Соның бірі - екінші жарысымызға ата жұртымыздан арнай қонақтар шақырдық. Олардың ішінде палуандар да, төрешілер де бапкерлер де болды, палуандар бақ сынады. Төрешілер сол жарысқа қазылық жасады. Ал бұрын палуандарымыз күрестің айла-тәсілдерін кескінге қарап үйренсе, бұл жолы арнайы келген қазақстандық білікті бапкерлердің өзімен жұмыс жасап, шеберліктерін шыңдай түсті. Екінші бір ұтқанымыз - бұрын қазақ күресін ешбір аудан, аймақ орталықтары өздері біліп, мұндай жарыстар өткізе бермейтін. Осы екінші жарыстан кейін «үшінші жарысты бізге беріңдер, біздің аудан, біздің аймақ өткізсін» деген сұраушылардың қатары көбейді. Міне, бұл қазақ күресінің Қытайдағы қазақтар арасында кеңінен етек ала бастағаны деген сөз. Тіпті, жекелеген азаматтар арасынан да демеушілік жасап, қазақ күресіне қолдау көрсеткен және көрсеткісі келетін жомарт жандар табылды. Бұйырса, алдағы уақытта жарысымызды бір жерде ғана емес, қазақтар қоныстанған барлық аудандарда өткізуді жоспарлап отырмыз.
- Ал Қазақстандағы өтетін жарыстарға ол жақтан палуандар әкеп қатыстыру жоспарларыңызда жоқ па?
- Әрине, бар. Бұл жолы Астанаға келгендегі мақсатымның бірі осы. Қазақстанда қазақ күресі өте қарқынды дамып келеді. Біздің үйренеріміз өте көп. Сондықтан тәжірибе алмастыру үшін Дүниежүзі қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев мырзамен кездесіп, Қытайдағы қазақтар арасында қазақ күресін дамытуға байланысты ақыл кеңесін алып, өз ұсыныстарымды ортаға салуға келгем. Серік ағамызбен кездестім. Ойға алып келген жоба-жоспарларымды кедергісіз шешіп берді. Бастаған ісімізге жоғары баға берді.
- Нақтылап айта кетсеңіз, қандай жоспарларыңыз жүзеге асатын болды?
- Қытайдағы қандастарымызға қазақ күресінен білікті бапкерлер жетіспейді. Бүгінгі қазақ елінде халықаралық талаптарға сай жетілдірілген қазақ күресінің ережелері мен әдіс-тәсілдерін толық меңгерген бапкер де, палуан да тапшы. Осы олқылықтың орынын толтыру мақсатында Серік Төкеев мырзаға Қытайдан бір-екі бапкер, бір-екі төреші және 7-8 палуанды осы жақта арнайы тәрбиелеп, тәжірибе алмастырсақ деген ұсыныспен келгем. Ол кісі бірден қуана-қуана келісті. Тіпті, әкелетін адамдарды жатақ, тамақ және жаттығу залымен қоса, тікелей өз қамқорлығына алатын болды. Бұл алыстан арман арқалап келген біз сияқты азаматтардың қанатына қуат бітірері анық. Қатты разы болып кетіп барамын. Осындай ел деп келгенде еңбегіңді бағалап, маңдайыңнан сыйпайтын ағаларымыз болғанына Аллаға шүкір.
- Әңгімеміздің басында күрестің екі түрімен айналысқаныңызды, кейін жарақатыңызға байланысты спорттан шегінгеніңізді айттыңыз. Спорттағы бағындырған биіктеріңіз туралы айта кетсеңіз...
- Өз басым кереметтей жетістіктерге қол жеткізе алмадым. Сондықтан, мен жетпеген биікке артымыздан ерген інілеріміз жетсін деп осындай жолды таңдадым. Бірінші спортты 1994 жылы еркін күрестен бастадым. 1998 жылдан бастап, Шыңжаң палуандар командасының құрамында өнер көрсеттім. 2000-2005 жылдар аралығында аралығында Қытайдың мемлекеттік жастар құрамасында өнер көрсеттім. Осы құрамада жүріп, жаттығуда ауыр жарақат алып, спорттан шегіндім. Ал Қытайда, мұндай мемлекеттік командаға кіру белгілі деңгейге жеткен спортшыға ғана берілетін мүмкіндік. Қытайдың өз ішінде біраз жетістікті бағындырдым. Әлем, Олимпиада жүлдегері болмаған соң, барлығының атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Ал қазақ күресімен 2009 жылдан бастап айналыстым. Осы жылы Қазақстанда қазақ күресінен 5-ші кезекті Азия ойындары өтті. Сонда 3-ші орынды жеңіп алып қайтқаным бар.
- Әңгімеңізге рахмет!
Күнсұлтан Отарбаев