Қытайда осыдан 9 күн бұрын су басып қалған шахтадан 114 кенші құтқарылды, тағы 39 адам жер астында қалып отыр

АСТАНА. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат - Қытайдың солтүстігінде су басып қалған көмір шахтасынан 114 кенші аман-есен шығарып алынды, бірақ жер астында тағы 39 жұмысшы қалып отыр,

деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

Төтенше оқиға осыдан 9 күн бұрын болған еді және қытай өкіметі кеншілердің аман қалуын «таңғажайып» оқиға деп атап отыр. «Бұл Қытайдың кен өнеркәсібіндегі құтқару операциялары тарихындағы таңғажайып оқиға» , - деп мәлім етті Қытайдың Мемлекеттік еңбек қауіпсіздігі басқармасының бастысы Ло Линь мырза.

«Құтқарушылар жер астында қалып қойған 39 шахтерді іздестіруде. Құтқару жұмыстары өте қиын өтуде», дейді оқиға орын алған Шаньси провинциясының губернаторы Ван Цзюнь.

Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, құтқарылған кеншілердің өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ.