Соңғы оқиға бүгін таңертең Қытайдың Шаньдун провинциясындағы Вейфан қаласында орын алды: белгісіз қылмыскер бастауыш мектептің даярлық сыныбының оқушыларына қолына балға алып жүгірген, деп хабарлайды «Синьхуа» агенттігі.
Қанішер бес баланы жаралап үлгерген. Кейін ол өзінің және екі бүлдіршіннің үстіне бензин құйып, от қойған. Мектеп мұғалімдері балалардың өмірін аман алып қалған. Зардап шеккен балалардың барлығы қазір ауруханада жатыр, дәрігерлердің айтуынша, олардың өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ.
Полиция бұл оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр. Мұндай оқиғалардың көбейіп кетуі немен байланысты екенін қытай полициясы әзірге айта алмай отыр.
Естеріңізге сала кетейік, осының алдында 47 жастағы ер азамат Тайсин қаласындағы балабақшаға басып кіріп, 28 баланы, күзетшіні және екі тәрбиешіні пышақтаған болатын. 4 жасар бес бала қазір ауруханада ауыр жағдайда жатыр. Ал одан бір күн бұрын Гуандун провинциясындағы бастауыш мектепте осындай оқиға орын алған болатын. Онда жүйкесі жұқарған мұғалім балаларға пышақ алып жүгірген. Ол 16 оқушы мен бір мұғалімді жаралаған.