ОРАЛ. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Бұл қызықты жайға әуелі Тасқала ауданының жол полициясы қызметкерлері Ж.Сабырғалиев пен М.Құрманов тап болды.
Олар «Орал-Саратов» күре жолының 70-шақырымында велосипед мінген адамды тоқтатады.
Сұрастыра келсе, ол 22 жастағы қытайлық саяхатшы Чу-Чинчан екен. Ол осыдан алты ай бұрын Шанхайдан велосипедпен шығып, Моңғолия арқылы Қазақстанға жеткен. Оның мақсаты жер бетін ақшасыз аралап, олардың тарихымен танысу екен.
Ол әзірге ешқандай кедергіге тап болмаған. Шаршаған уақытында кез келген жерге палаткасын құрып жата кетеді екен.
Чу енді Мәскеуге жол тартып, одан әрі Германия мен Жапония арқылы қайтадан Қытайға түспек. Бірақ мұның бәрін қанша уақытта аралап шығатыны белгісіз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).