***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, ТМД байқаушылар миссиясы штабының мүшесі Евгений Козяк ТМД байқаушылары Қазақстанның барлық өңірлерінде жұмыс істейтіндігін хабардар етті. «ТМД байқаушылары миссиясы 30 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Президенті сайлауын байқау бойынша өз жұмысына кірісті, - деді ол. - Біздің штаб Астана қаласында жұмыс істейді. Ертеңнен бастап өңірлердегі байқау жұмыстарымызды бастаймыз. Атап айтқанда, Ақмола облысына және Қазақстанның басқа да өңірлеріне барамыз». Оның айтуынша, кезектен тыс президенттік сайлауды ТМД миссиясынан 300-ден астам байқаушы бақылайтын болады. «Біздің миссиямызды жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, 300-ден астам байқаушымыз аккредиттелуі тиіс. Орталық сайлау комиссиясының бүгінгі отырысында біздің бір топ байқаушыларымыз аккредиттелді. Бүгінде аккредиттелген байқаушыларымыздың саны 245 адамға жетті», - деді Е.Козяк. Сондай-ақ ол ТМД байқаушылары еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс істейтінін атап өтті. «Дауыс беру күні біздің миссиямыздың өкілдері елдің барлық өңірлерінде жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта біз учаскелік сайлау комиссияларының дайындығын бақылағымыз келеді», - деді ол осы жөнінде. Бұл жайында «ТМД байқаушылары белсенділік танытуда» деген материалда жарияланды.
Бас басылымда «Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейте түспек» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев пен Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің қатысуымен астаналық кәсіпкерлердің конференциясы болып өтті. Басқосу барысында қатысушылар бірқатар мәселелер төңірегінде ой өрбітті. Конференция барысында индустрияландыру бағдарламасы шеңберіндегі жобаларды дамыту, отандық өнімдерді жарнамалау, сонымен қатар кәсіпкерлердің басқа да көкейкесті мәселелері талқыланды. Шара аясында кәсіпкерлікті жүргізу мен дамытуда кездесетін әкімшілік кедергілер қатарындағы мәселелер анықталды. Атап айтқанда, Астана қаласында сыртқы жарнамалық нысандарды орналастыру барысында туындайтын кедергілер белгілі болды. Осы мәселе төңірегінде кәсіпкерлер палатасы көрнекі жарнаманы елордада орналастырудың арнайы ережелері мен мүмкіндіктерін жолға қою барысында бизнес-кауымдастықтың пікірін ескеру қажеттігін атап көрсетті. Сонымен бірге Астана қаласында бөлшек саудаға арналған сауда нысандарын ашу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Сұранысқа лайық заманауи тұрғыда кәсіпкерлер палатасы мен Астана қаласы әкімдігі арасындағы келісім құжаты бойынша инвестициялық ұсыныстарды жолға қою қарастырылды. Елордада алдағы уақытта қазақ және орыс театрларының құрылысы басталмақ. Оған Сарайшық пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында 8,33 га жер телімі, Қалдаяқов пен Нәжімеденов көшелерінің қиылысында 9,6 га жер телімі бөлінген. Сонымен бірге екі жер асты паркингтерінің құрылысын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстан жерді ғарыштан суретке түсіруге мүмкіндік беретін спутниктерін дер уақытында ұшырып үлгеріпті. «Өйткені көк сеңгіріндегі дәл осындай ғарыштық аппараттарға қол жеткізуге ұмтылған солтүстік көршіміз Батыстың «санкциялық соққысына» ұшырап, дағдарып қалған көрінеді. Нәтижесінде, Талғат Мұсабаевтың айтуынша, Ресейдің күні қазір бізге қарап отырса керек», - деп жазылған « Қазақстанның «ғарыштық өнімі» сұранысқа ие» атты мақалада.
Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында қалаулылар «2009 жылғы 6 қазандағы Қазақстан Үкіметі мен Француз үкіметі арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін және ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру мен пайдалану шарттары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы» ратификациялады.
Түсіндіре кетсек, Жерді зондтайтын екінші «KazGeo-Sat - 2» спутнигі өткен жылдың ортасында, 20 маусымда Орынбордағы ресейлік «Ясный» космодромынан ғарышқа жол тартқан болатын. Ал бірінші аппарат - «KazGeoSat - 1» сол жылдың сәуірінде француздық Куру ғарыш айлағынан орбитаға шығарылды. Бұған қоса, Қазақстанда Жер серіктерін басқару кешенінен және ғарыштан мәліметтерді қабылдап, өңдеуге арналған мақсатты кешеннен тұратын «Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесі» құрылды. Ол «жердегі жағдайлар жөнінде жедел мониторингтік ақпаратқа ие болудағы Қазақстанның Тәуелсіздігін қамтамасыз етуге» тиіс. Оның мәліметтері ауыл шаруашылығы, экология, жер қойнауын пайдалану, геодезия және картография, қорғаныс және қауіпсіздік салаларында пайдаланылады, төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
Осы басылымда «Қыз алып қаштың, заңды белден бастың» деген мақала берілген. Бүгінде әр қазақ дәстүрін тәрк етпеуді, бабасынан мирас болып қалған әдет-ғұрыпты ұстауды жөн санайды. Бұл ұрпақ тәрбиесіне, елдіктің нық бекуіне үлкен септігін тигізері сөзсіз. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, кей ырым-нанымдар қазақтар арасынан өздігінен ысырылып жатыр. Заман талабы қажет етсе керек, оған бірлі-жарым жандардан басқа ешкім қарсы шығып жатқан жоқ. Ойланып қарасаң, орынды. Ал енді кей дәстүріміз, әсіресе, қыз алып қашу, заманы мен адамына қарамастан, іске асуын тоқтатар емес. Әсіресе, Қазақстанның оңтүстік облыстары отбасы болудың осындай үлгісіне құштар-ақ. Ел арасындағы қыз алып қашып сотталыпты деген бірлі-жарым қауесет болмаса, бұл тәсілге жүгініп үйленгендердің 90 пайызы өзгеге үлгі боларлықтай ғұмыр кешуде. Көп жағдайда алып қашып үйлену екі тараптың да алдын ала келісімімен өрбиді. Әлгі 90 пайыз бақытты ғұмыр кешіп жүрген отбасының басым бөлігі келісіммен отастық дегенге саяды. Бұған басты себеп - жігіт жағының жағдайы қолдан алуға мүмкіндігі жетпейтіндігінен. Сондықтан жігіт қызды келістіріп, өз үйіне келін етіп түсіреді», - деп жазады мақала авторы.
Қызды алып қашты дегенді естісімен, артынан қуғыншылар іздеп келіп, қызды қайтаруын талап етеді. Бұл уақытта қыз баланың үйіне кешірім сұрауға әдетте ұлдың аға-жеңгесі қалың малын түгендеп алып барады. Қыздың өз еркімен келгеніне көз жеткізіп, қуғыншы еліне қайтады. Артынша құдалық өткізіліп, той жасалады. Міне, негізгі, ақылға қонымды қыз алып қашу ғұрпы осылай. Бұл - дала заңымен бекіген процесс. Ал енді әлгі алып қашудан кейін отаспай қалған 10 пайыз дәл осы дала заңын өз икеміне ауыстырып, яғни жігіт тарапы ұнатқан қызын оның келісіміне жүгінбей алып қашудан пайда болады.
Сондай-ақ осы басылымда «Қазір таңғалмайтын болдық. Жер-жаһанға назар бөлсек, күнде қызықты бір оқиға орын алып жатады. Үйренетін де, жиренетін де, нәрсе көп. Соның бірі жақында Үндістанда орын алды. Елдің Уттар-Прадеш штатының бір тұрғыны жыланға үйленетінін айтып, жер жүзіне жар салды. 27 жастағы жігітті не түлен түртті? Қыз біткен құрып қалды ма? Жануардан жылылық іздегендердің ақыл-есі дұрыс па?» делінген «Жыланға үйленген жүгермек немесе біз кімнің киносын көріп жүрміз?» атты мақалада. Өкініштісі, біз де үнді сериалдарын көріп, жан рақатына бөленіп жүрміз. Қазір әлеуметтік желілерде «Келін» телесериалындағы Анандиге ұқсап, түрлі-түсті матаға оранып, жансыз қуыршаққа сиынып, түрлі әрекет істеп жүрген қазақтар көбейіп кетті. Итке, сиырға, жан-жануарлар мен хайуанаттарға үйленіп жатқан үнділердің фильмін біз қазір ұмытпай көреміз... Жиырма бірінші ғасыр адамзаттың өркениетке жеткен ең жаңашыл кезеңі болып есептеледі десек те, бірақ надандық пен қараңғылық адамның санасын әлі де тұмшалап келеді. Пенде өзінің ойы мен бойын қандайда бір зиянды ағымнан азат етпесе, өсу де, даму да болмайды. «Үнді телесериалдарын көрген қазақ қазір кинодан көргенін қайталап жатыр. Қуыршаққа табынады. «Келін» бізге керемет пе? Отандық телесериалдар қайтсе оңалады?», деп жазады мақала авторы.
***
«Казахстанская правда» газеті «Нулевая терпимость к кабельным «пиратам»!» атты мақаласында телеарналардың адамдарға ықпалы мемлекет тарапынан қадағалануы тиіс екені жазылған. Бұл тұрғыда ұлттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән беру керектігі де атап өтілген. Белгілі болғандай, бірқатар өңірлік кабельді операторлар ешбір негізссіз ҚР-да тіркелмеген шетелдік каналдардан хабар таратып отырған көрінеді. Атап айтқанда, олар осы қадамдары арқылы заңсыз қызмет көрсетуде.