***
«Ел экономикасын дамытудың бір тетігі сыртқы нарықтарға шығу жолдарын ашу керектігі екені мәлім. Осыған орай Қазақстан ел ішіндегі және көрші елдердегі терминал-сервис инфрақұрлымдарды тиісті деңгейде дамытуға мүдделі. Бірінші кезекте көліктік-логистикалық қызметті тиімді пайдаланудың агенттік желісін құру маңызды болып отыр. Мұнымен бірге, теңізге шығуға мүмкіндігі бар елдердің терминалдарын жалға алуды немесе өз терминалын салуды көздеп отыр»,- деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Осы орайда, Қытайдың Ляньюнган портында терминал инфрақұрылымын жасау, Оңтүстік-Шығыс Азиядан ағылатын тауарды шоғырландыру үшін аса қажет. Бұл тұрғыда Қазақстанды қызықтырып тұрғаны, Ляньюнган Қытай теміржолдарын Шанхай, Тяньцзинь, Циндао порттарымен, ал теңіз желілері бойынша Оңтүстік Кореяның Пусан, Жапония елінің Осака порттарымен байланыстырады. Демек, бұл жолдар Қазақстанға жаңа нарықтардың есігін ашады. Сондай-ақ, Ляньюнган порты «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізі жобасы бойынша Санкт-Петербургке жалғанбақ. Сөйтіп, өз кезегінде Еуропамен болатын тауар айналымын жылдам қамтамасыз етпек. Осы жайында толығырақ «Сыртқы нарыққа шығудың мүмкіндіктері» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, «Қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру және гендерлік теңдік жөніндегі әйелдер бастамасы» коалициясы құрылып жатқанын айтады Қазақстанның әйелдер ұйымдары. Өйткені көп жағдайда нәзік жандардың құқықтары қорғалмайды, қыз балалар күш қолдану, жыныстық, психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылықтан зардап шегуде. «Мәселен, күштеп ерте некелестіру кейде қыз балалардың өз-өзіне қол салып, өмірмен қош айтысуына түрткі болып жатады. ЮНИСЕФ балалар қорының мәліметінше, Қазақстан 15 пен 19 аралығындағы қыздардың суицидке шалдығу көрсеткіші жағынан ТМД, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінен бірінші орынға шығып отыр. Бұл кезекте БҰҰ шешімі бойынша 2012 жылы 11 қазанға белгіленген Халықаралық қыздар күні қарсаңында мамандар қыздар құқығын қорғау жөнінде мәселе көтерді»,-деп жазады мақала авторы. Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Қыздар құқығын қорғайтын коалиция» деген мақаланы оқып шығыңыз.
Осы басылымда «Қола дәуіріндегі қазан» атты мақала жарияланды. Шығыс Қазақстан өлкелік-археологиялық музейі бұдан үш мың жыл бұрынғы қазақ жеріндегі мәдениеттен хабар беретін тағы бір тарихи жәдігермен толықты. Зайсан ауданының тұрғыны тауып алған ескі қазан қола дәуірінде жасалып, қолданылған болып шықты. Зайсан көлінің маңайынан археологиялық тарихи заттар көптеп табылады. Бұл жолы су астынан шыққан көне қазанның бұдан 3000 жыл бұрын жасалғаны анықталып отыр. Облыстық өлкелік-археологиялық музейдің ғылыми қызметкері Галина Кущтың айтуынша, қазан біздің дәуірімізге дейін шамамен сегізінші ғасырда жасалған. Сол заманнан қалған осындай заттардың осымен үшіншісі Қазақстаннан табылып отыр. Бұл қазан бүкіл еліміз үшін өте бағалы, сирек кездесетін тарихи зат болып табылады.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Түбіртектер қашан қазақшаланады?» деген мақала басылды. «Сіз бен біз - тұтынушымыз. Тұтынушының қолына сауда жасаған жерінде арнайы түбіртек берілетіні белгілі. Көп мән бермейді екенбіз, ал сол түбіртектегі жазулардың барлығы орыс тілінде. Супермаркетке кірсеңіз де, банкке барсаңыз да, кеңсе тауарларын сататын дүкенге кірсеңіз де, тіпті асханадан тамақтансаңыз да қолыңызға берілетін түбіртектер бірыңғай ресми тілде. Неліктен бұлай? Неге түбіртектер мемлекеттік тілде жазылмайды? Әлде қазақша жазсақ, көп жұрттар түсінбейді деген пікірден арыла алмай келеміз бе? Мұндай көзқараспен өмір сүретін болсақ, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын қалай кеңейтеміз?»,-деп жазады басылым.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Песнь об электрокулагере» деген материал шықты. Алматылық белгілі конструктор Таир Балбаев қазақстандық алғашқы электрокарды құрастыру жобасын жүзеге асыруда. Болашақ электрокардың тұрқы шыны талшықтардан жасалмақ. Оның сөзіне қарағанда, көліктер тек тапсырыс бойынша ғана шығарылады, яғни жылына 15-20 дана ғана.
Бұл электрокарлардың құны 80-100 мың АҚШ доллары шамасында болады деп күтілуде.