Кинология - әскери қызметтің маңызды салаларының бірі. Қылмыскердің ізіне түсіп, көп ұзатпай құрықтау үшін иісшіл иттердің пайдасы орасан. Тек 2018 жылдың өзінде Қостанай облысындағы екі жүзге жуық қылмысты ашуға осы иттердің пайдасы тиіп отыр. Жалпы, кинология орталығы Қостанай облыстық полиция департаментінде 2002 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Қазір бұл орталықта төрт аяқты 27 тәртіп сақшысы бар. Кинология қызметінің инспекторы, аға лейтенант Сергей Гапоновтың айтуынша, облыста мұндай маңызды қызметте 73 ит жүр.
«Күшік кезінде Алматыдан әкелеміз, сосын біздің тәртіп сақшылар өздері баптайды. Мұндағы әрбір сарбазға 2 иттен бекітілген. Неміс тұқымы, лабродор сияқты із есуге қабілетті үй жануарларын аламыз. Әрқайсысының күтімі әр түрлі. Бір ит күніне шамамен 400 грамм ет, 700 грамм жарма жейді. Сәйкесінше, олардың қызметтерді сан қилы. Өйткені, бір ит бірнеше тапсырманы орындай алмайды. Сондықтан, олар із кезуші, есірткі іздеуші, жарылғыш заттар іздеуші, шабуылдаушы иттер болып бөлінеді. Ит иісті ажыратып, оны шатастырмау үшін түрлі жаттығулар жасалады. Жалпы иттің иісті ажырату қабілеті өте күшті және тәжірибеден өтіп шыңдалғандары ешқашан шатаспайды. Одорология әдісін қолданғанда иттердің иісті ажырату дәлдігіне көз жеткізіп жүрміз», - дейді тәжірибелі маман.
Сондай батыр төбеттердің бірі - «Зюйт». Ол күні кеше полиция қызметкері А.Өмірзақовқа Қостанай қаласындағы Чайкина көшесінде 1 615,94 грамм көлемінде героины бар күдіктіні ұстауға көмектесті. Мамандар итті тұқымына байланысты әр бағытқа баулиды. Мәселен, есірткі іздеу жұмыстарына негізінен спаниель тұқымындағы иттер қолданылады. Өйткені тұрқы шағын болғандықтан бұндай иттер көлік іші немесе өзге қуыстардағы заттарды алып шығуға икемді келеді. Ал оларды асырап, баптау үшін де көп қаражат кетеді. Иттерге полиэтилен пакеттерге салынған құрамында май, ақуыз, кальций секілді дәрумендері бар дайын тамақ шетелден әкелінеді. Бұған қоса түрлі жұқпалы аурулардан сақтау үшін ветеринар дәрігерлер уақытында екпе салады. Тіпті жарақат алып немесе ауырып қалған иттерге ота жасалады. Олар тәуір болғаннан кейін қызметіне қайта кіріседі.
«Ақылды жануарлардың жетістігі жайлы айта беруге әбден болады. Иттердің ерліктері ел аузында. Мысалы, 2014 жылы облыс орталығындағы «Любимая Ева» дүкеніне қаруланған қарақшалар басып кіріп, ақша әкеткен болатын. Иісшіл иттердің көмегімен тәртіп сақшылары қылмыскерлердің «ізін суытпай» дереу қолға түсірді. Негізі, кейбір иттерге жейде кигізіліп, веб-камера түйреледі. Оларды қоғамдық орындарға алып шығып, күдіктінің ізін кесуге баулимыз. Содан соң олар өз бетінше аңдуға кіріседі. Иттің бағыты бейнекамера арқылы қадағаланады. Осылайша, күдікті туралы кез келген мәлімет техниктердің компьютерінен көрініп тұрады», - дейді кинолог.
Сергей Гапоновтың сөзінше, аталмыш орталықтағы иттер үздік қызметі үшін ынталандырылып та отырады. Кейбіріне арнайы марапаттар беріледі. Мәселен, «Рекс» атты төбет Садовый ауылындағы қару ұрлығын ашуға көмектескені үшін сондай құрметтке ие болған.