10:44, 27 Наурыз 2009
Қызылорда облысының үздік аудармашысы анықталды
ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №1 ғимаратында облыстық 'Үздік аудармашы' байқауы болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Байқау тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен жетінші рет өткізілді. Мақсаты ? мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, аудармашылардың кәсіби біліктілігін арттыру, олардың іс жүргізудегі тәжірибесін сараптау, аударма мен мемлекеттік тілде дайындалған құжаттардың сапасын арттыру болып табылады. Аудармашылар біліктілігін университеттің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасылов бастаған тіл мамандары сарапқа салды. 26 талапкер ресми құжаттарды аудару, көркем аударма, жаңа терминдер және ілеспе аударма бойынша сынға түсті. Бас жүлдені Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық басқармасының кеңесшісі Алтынай Қуандық жеңіп алды. Бірінші орынға Жалағаш ауданы №201 орта мектеп мұғалімі Асылбек Мінайдаров лайық деп танылса, екінші орынға Балалар құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Жұлдыз Нұрмақашова, үшінші орынға облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім бастығы Құрманкүл Датқабекова ие болды. Бас жүлде иегері Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.