11:11, 02 Сәуір 2009
Қызылорданың орталығындағы жаңа су арнасы іске қосылатын күн жақын
ҚЫЗЫЛОРДА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) – Кеше облыстық су шаруашылығы мемлекеттік- коммуналдық кәсіпорнының директоры Болат Арыстанбаев пен 'Дәнекер' құрылыс компаниясының директоры Әбдімәжит Жансақалов 'Жібек жолы' су арнасының құрылыс барысы туралы журналистерге арнап брифинг өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оң жаға магистральдық арнасынан бастау алатын бетондалған су жолы құрылысы жыл басында басталды. Бүгінде ұзындығы 4600 метр болатын жаңа су жүйесінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мұнда "Дәнекер" құрылыс компаниясы мен қосымша мердігерлер ? "Иман", "АТК-07", "Восток", "Жаңарту" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің 250-дей жұмысшысы мен 100-ден аса техникасы жұмылдырылған. Қала халқының аяқсу тапшылығы зардабын тартып келе жатқанына біршама уақыт болды. Тұрғындар шарасыздықтан үй іргесіндегі бақшалықтарын ауызсумен суарады. Бұл жаз айларында сорғының су айдау қысымның төмендеуіне, жоғары қабаттағы пәтерлерге су көтерілмеуіне әкеп соғады. Жаңа арна іске қосылғанда, осы тәріздес түйткілдер кезең-кезеңімен шешілмек. Кәсіпорын басшысының айтуына қарағанда, арна 5 шағын аудан тұрғындарын, орта есеппен 21 мың үйді аяқсумен қамтамасыз етуге қабілетті. Аяқсуға төленетін төлем 6 айға 1000 теңгені құрайды, яғни ауызсуға қарағанда бірнеше есе арзан. Жалпы қаланы аяқсумен қамтамасыз ету жұмыстары 3 кезеңге бөлініп атқарылады. Бірінші кезеңде құны 416 млн. теңге тұратын осы "Жібек жолы" арнасы салынса, екінші кезеңде 233 млн. теңге қаржыға Бөкейхан көшесіндегі арна күрделі жөндеуден өтеді. Ал үшінші кезеңде қала көшелеріне бетондалған арықтар жүргізіледі. Бүгінде қала әкімдігі бұл жұмыстарға 120 млн. теңге қаражат бөлді. Құрылыс компаниясы басшысының айтуынша, қазіргі уақытта барлық жұмыстың 90 пайызы орындалды. Су арнасы бойынан 8 жерден жаяу жүргіншілер өтетін көпірлер, мүгедектер арбамен жүруге арналаған пандустар салынып бітуге таяу. Сәуір айының 10-ы күні жаңа су жүйесі қала тұрғындарының игілігіне пайдалануына беріледі.