Қызың кетті Қырымға... - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 31 шілде, бейсенбi күнгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Жуырда әлеуметтік желілердің бірінде сыртта білім алған қыздардың шетелдіктерге тұрмысқа шығуының жиілеп бара жатқаны, елге қайтпай, сонда қалып қоятындығы туралы пікірталас өрбіді, деп жазады « Айқын » газеті бүгінгі санындағы « Қызың кетті Қ ырымға ...» атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, соңғы жылдары ағылшын тілін меңгерген қыздардың ағылшын азаматтарына, қытай тілін білетіндердің қытайлықтарға тұрмысқа шығуы әдетке айналғаны жасырын емес. «Қыздарымыздың қай мемлекеттерде білім аламын десе де, еркі бар. Қазақ қызының «жеті жұрттың тілін білуіне» қарсылығымыз жоқ. Алайда салты басқа, дәстүрі бөлек өзге ұлт өкілдерімен некелесіп, тұрмыс құруға бейім тұратын қыздарымыз өз қағынан неге жерінді?! Бұл - мәселенің бір жағы. Екінші бір тұсы, шет елдерде білім алуға кеткен қыздардың көпшілігі мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының түлектері емес пе екен деген ой қылаңдайды. Лондонда, Канадада, не болмаса, өзге мемлекеттерде білім алып, дипломы қолға тиген соң, қызмет тауып, сол елдерде қалып қоятындардың кейбірі мемлекеттің қаржысымен білім алған жоқ па деп ойлайсың», - деп жазады автор.

Осыдан екі жыл бұрын ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутат Жабал Ерғалиев қазақ қыздарын шетелге оқуға жіберуді шектеу мәселесін көтерген еді. Жабал Ерғалиевтың депутаттық сауал көтеруіне сеп болған АҚШ-тан ес-түссіз күйде елге жеткізілген Айнұр Ахметованың қайтыс болуы және шетелдерде жүріп, әртүрлі әрекеттерге ұрынған қазақ қыздарының тағдыры болса керек.

«Қазақ қызы білім алуы тиіс. Білімді, оқыған қазақ қызы қазақ қоғамына да қажет. Бірақ ол ең алдымен ұрпақ жалғастыратын, ұлттың келешегін жалғайтын Ана екендіктерін ұмытпаса екен дейміз» деген ой түйілген мақалада.

«Қашаған» келесі жылы да «қара алтынын» бермейтін болды. Бірақ Қазақстанға осы істемей тұрған кен орнынан да кіріс түсуде екен, деп жазады осы басылым « Қашаған "қара алтынын » бермейтін болды » атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин алдағы тамыз айында елімізде бензин бағасының қымбаттамайтындығын да мәлім етті. Бірақ ЖЖМ құнының одан арғы айларда көтерілмейтіндігіне кепілдік бермеді. «Қашаған» кен орнында мұнайдың өндірілмеуіне байланысты оны игеруші компаниялар Қазақстанға тоқсан сайын 30 миллион доллар (қазіргі валюта бағамы бойынша 5 миллиард 500 миллион теңгедей) төлеуде.

«Дегенмен консорциум онымен де құтылмайды. «30 миллион аз ба, көп пе?» деп ұзақ талқылауға болады, бірақ бұл ендігі бекітілген келісім бағасы. Ол бүгінде төленуде. Жыл сайын 120 миллион доллар. «Қашаған» коммерциялық өндіруге жеткенде тағы 250 миллион доллар ақша төлейді. Мұның сыртында оларға экологиялық айыппұлдар салынады. Одан басқа, құбырларды сатып алу, тасып әкелу, орнату, кешеннің өзін жұмыс жағдайында ұстап тұру, оны іске қосылуға даярлау секілді қызметтер де мердігерлерге артылып отырған үлкен шығын», - деді Ұ.Қарабалин.

Журналистер «Қашаған» жобасының Қазақстанның мұнайымен өтелетін шығыстарының неге еселеп шарықтап көтеріліп бара жатқандығын сұрады. «Қашағанның» қымбаттауын шынында, көп жылдардан бері бақылап келеміз,-деп мойындады министр.-Мұның себептері де бар: біз ол туралы келісімге 1998 жылы қол қойдық, бәрі сол кездегі бағалармен жоспарланған. Жыл өте, көптеген нәрселер қымбаттады. Бұған кен орнын игерудің біршама баяу қарқынмен жүргізілуі де ықпал етуде. Қазіргі кезде жобаны басқару жүйесін қайта құрылымдау жүруде. Тіпті мердігерлердің өздері бұрын болған жүйені тиімсіз және қымбат деп таныды. Сондықтан көптеген шығыстарды қысқарту бойынша түбегейлі жұмыстар атқарылуда».

«Жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстарының және өндірісті қайта жандандырудың сценарийі бойынша екі нұсқа түзілді. Оптимистік сценарий іске асса, «Қашаған» кен орнындағы мұнай өндіру 2016 жылдың І-ші жартысында бастау алады. Ал екінші сценарийге сәйкес, оны тек 2016 жылдың ІІ жартысында ғана күтуге болады. Бірақ мәліметтер әлі нақтыланатын болады» деді Ұзақбай Қарабалин.

***

« Егемен Қазақстанның » жазуынша, Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңеске Премьер-Министр К.Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин және Президенттің көмекшісі Е.Орынбаев қатысты.

Кеңеске қатысушылар биылғы 7 айдағы елдің әлеумет­тік-экономикалық даму қорытындыларын, Қазақстанның әлем­дегі дамыған 30 мемлекеттің қата­рына кіруін қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың жүзеге асы­рылу барысын, сондай-ақ, алдағы кезеңге арналған басымдығы бар міндеттерді қарады.

Нұрсұлтан Назарбаев экономика мен әлеуметтік саланың негізгі мәселелеріне арналған кеңейтілген Үкімет отырысын өткізу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, Украинадағы ішкі саяси ахуалдың және сонымен байланысты халықаралық оқиғалардың отандық экономиканың дамуына ықпал ету ықтималдығының түрлі аспектілері талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді. Мақала « Басымдыққа ие міндеттер бағдары » деген тақырыппен берілген.

Қазақстан теміржолдары желісінің қалыптасуы 1904 жылы алғашқы Орынбор - Ташкент трансқазақстандық магистралінің солтүстік бөлігі бойынша пойыздар қозғалысының ашылуынан басталды, деп жазады Егемен Қазақстан » бүгінгі санындағы « Қазақстанның болат жол магистральдарына - 110 жыл » атты мақаласында. Басылымның жазуынша, салынған желі солтүстік батыстағы Ресей шекарасынан оңтүстіктегі Өзбекстанмен шекараға дейін 1668 шақырымға созылған алғашқы трансқазақстандық магистраль болды.

Жылдар биігінен қарасаң, болат магистральдардың алғашқы құры­лысшыларының еңбек ерлігін тереңірек сезінесің, олар қуатты мехникаландыру құралдарынсыз құрылыс жұмыстарының орасан зор көлемін орындады. Құрылыс басына материалдарды, суды және адамдарды тасымалдау үшін көлік-арбалар қолданылды. Кейбір кезеңдерде құрылысқа 50 мыңға жуық адам қатысты.

«Теміржол желісі бойында Ақтөбе, Орал, Түркістан, Қызылорда, Арал және т.б. қалалар мен өнеркәсіп орталықтары бой көтерді» дей келе мақалада Қазақстанның темір жолының даму дылдары кезең-кезеңімен егжей-тегжейлі жазылған.

Мақала авторы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин талдауын қорытындылай келе, "Елбасы қойған стратегиялық мақсаттарға сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ішкі коммуникациялар мен логистикалық тізбектерді тиімді қамтамасыз ету, еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін іске асыру арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, дамудың жоғары динамикасын сақтайды деп сендіргім келеді», - дейді.

***

« Казахстанская правда » газетінің жазуынша, АҚШ пен Ұлыбритания ғалымдары құс жұмыртқасының қабығы күн сәулесінен қорғайтынын дәлелдеп шығарған. Қабықтың түсі мен қалыңдығы қоршаған ортаның өзгеруіне байланысты ішіндегі ұрықты қорғау үшін өзгеріп отырады. Ұясына күн сәулесі тура түсетін құстардың жұмыртқалары біршама барандау болады да, күн сәулесін аз өткізеді.

«Ултракүлгін сәуле өте көп аз болса, ұрық дамымай қалады, өте көп болса, ұрыққа зиян келеді. Ал қабық осының бәрін реттеп тұр», - дейді ғалым Стивен Португал (Steven Portugal).