ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасы жариялаған Жалпыұлттық аза тұту күніне орай батысқазақстандық тұрғындар ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінің алдында Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік әрекет кезінде қаза болған ерлердің суреттері мен қалампыр гүл шоқтарын қойды.
Бұған қоғамдық белсенділер бастамашы болған.
Еске сала кетейік, Ақтөбе қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655-әскери бөліміне 5 маусым күні қарулы топ шабуыл жасаған кезде үш бірдей әскери қызметкер ерлікпен қаза болған еді. Соның бірі әскери бөлімде келісімшартпен қызмет еткен кіші сержант Берікжан Қалиев кеше туған жері БҚО-ның Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылында жерленді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).