ОРАЛ. ҚазАқпарат - 10 қазан күні сағат 16.10-да Тасқала ауданы Тасқала ауылындағы аудандық аурухананың «103» операторына белгісіз ер адам қоңырау шалып, «Бүгін сіздерде үлкен жарылыс болады», - деп хабарлаған.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы және БҚО ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары кезінде аталған аудандағы Атамекен ауылының 42 жасар тұрғыны анықталып, қолға түсті. Қазіргі уақытта ол қамауда отыр.
Айта кетейік, лаңкестік актісі туралы жалған хабарлама бергені үшін (ҚР ҚК-нің 273-бабы) 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 2015 жылдан бастап аталған қылмыс қатаңдатылып, бұрынғы айыппұл және бас бостандығына шектеу қою жазалары жойылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).