«Ең алдымен, жаңа әліпбидің жасалуы қоғамның зор қолдауына ие. Меніңше, халқымыздың басым бөлігі латын әліпбиіне көшуді қолдап отыр. Екіншіден, мемлекеттілігіміз өркендеп, шекарамыз бекітілгеннен кейін ұлттық әліпбиіміз де болуы керек. Елбасы өз сөзінде айтып кеткеніндей, жалпы түркі елдерінде Түркияда, Әзербайжайда, Өзбекстанда әліпбиін бекіткен кезде қоғамдық пікірді ескеріп, көптің талқысына салу Қазақстандағыдай көлемде болмаған. Бұл тұрғыда қоғамдық пікір барынша ескеріліп отыр», - дейді Құндызай Ерімбетова.
Оның айтуынша, әліпбиді негіздейтін мамандар. Тіл мамандары тың қадамды тарихи аспектіде зерттеп, бір ғана тіл институты латын графикасын зерделеу жұмысымен 15 жыл бойы айналысып келе жатыр.
«Тәжірибелік тұрғыда көрсету үшін бекітілмеген болса да латын графикасында мақалалардың бір нұсқалары газет-журналдар арқылы халыққа ұсынылды. Бұған қоса 1929-1940 жылдардағы халқымыздың өзіндік тәжірибесі барын да ұмытпаған абзал. Билік қоғамдық пікірмен санаспайтын болса, онда күні кеше Парламентте ұсынылған бірінші нұсқасы қолданысқа енетін еді. Күні кеше де әліпбидің соңғы нұсқасын халыққа кеңінен таныстыру жұмысы тапсырылды. Негізінен «бір әріп - бір дыбыс» дегенді негізге алғаны да қоғамдық пікірдің әсері. Соңғы шығарылған нұсқа адамдардың көңілінен шығып жатыр деп ойлаймын. Бірақ, қоғам тарапынан ұсыныстар әлі бар», - дейді ол.
Құндызай Ерімбетова өз сөзінде жалпыхалықтық қолдауға ие болған латын әліпбиіне көшу жұмысы заман талабы, заңды құбылыс екенін айтады.
«Отыра берсек, ЭКСПО-ны өткізбес едік, Қазақстан-2050 Страгетиясын да жасамас едік. Жаңа әліпби мемлекеттің туы мен елтаңбасы секілді, ғасырдан ғасырға өтеді. Ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда әліпбиімізді тезірек бекітуіміз керек», - деп түйді Құндызай Ерімбетова.