***
«Тәуелсіздіктің басты бір тірегі - мемлекеттік тіл. 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған бұл даму стратегиясында да мемлекеттік тілге жеткілікті орын берілген. Әсіресе, Елбасының 2025 жылы Қазақстан латын әліпбиіне көшеді деп қадап айтуы көпшіліктің көңілінен шығып отыр», - деп жазады «Егемен Қазақстанда» Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы «Латынға көшу - санадағы сілкініс» атты мақаласында.
Автор Жолдау жолдарынан Елбасының «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс қағидатты мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз» деген сөздерін келтіре отырып, «Елбасымыз латын әліпбиінің ел өмірінде алатын орнын нақтылаумен бірге, әліпби ауыстырудың межесін де белгілеп берді», - дейді.
«Сонау 1967 жылы Канаданың Монреаль қаласында өткен ЭКСПО-67 көрмесіне КСРО делегациясының құрамында бір топ қазақстандық та барыпты. Олардың арасында ғалымдар мен инженерлер, әртүрлі саланың мамандарына қоса өнер адамдары, жазушылар да болыпты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Канадада өткен ЭКСПО-67 көрмесіне қазақтар да барған» деген мақалада. «Мен бұл әңгімені Таған деген кісіден естіп едім. Ал оған көп жылдар басшылық қызметтер атқарған, мұнайшы маман Саламат Шалабаев дейтін ақсақал айтыпты. Енді ойлап қарасақ бұл да тарихымыздың елеулі бір парағы екен», - дейді мақала авторы Әшірбек Амангелді.
Автордың жазуынша, ЭКСПО-67 көрмесіне қазақстандықтарды сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Сабыр Ниязбеков бастап барған. Оған әлемнің 62 мемлекетінен делегациялар қатысып, өз елдерінің жетістіктерін көрсеткен. Оның ішінде Кеңес Одағының павильоны ерекше көзге түсіп, жұртшылықтың назарын аударған. Бұл дүние екі лагерьге бөлініп, бәсекелесіп тұрған тұста КСРО-ның абыройын асырып, мерейін тасытқан.
***
Қазақстанда дәрігерлердің құқығы тым көп бұзылады екен. Соңғы төрт жылда елімізде 284 медицина қызметкерінің үстінен сотқа шағым түсіріліп, процестер кезінде бірде-біреуі ақтала алмапты. Осындай оқиғалардан соң бір топ ақ халаттылар таяуда «Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау» деген ұйым құрып, әріптестерін арашалауға кірісіпті.
«Айқын» газетінде осы қоғамдық бірлестіктің президенті, медицина ғылымдарының докторы Нұрлыбек Үдербаевпен болған әңгімеде аталған тақырып төңірегінде біраз мәселе айталған. «Қазақстан заңдары дәрігердің науқас алдындағы жауапкершілігі үшін айрықша міндет жүктейді. Бәлкім, содан шығар, кейде түсіндіруге келмейтін түрлі себеп болса да, адамдар заң орындарына шағым түсіріп, ақ халаттыларды қудалап жатады. Тіптен кейбір жағдайларда дәрігер кінәсіздігіне қарамай жазаланады да. Ол өзін басшылықтың да, соттың да алдында ақтап алуға қауқарсыз. Өйткені басым бөлігінің кәсіби білімі терең болғанымен, құқықтық сауаты жетпейтіні шындық», - дей келе, Н. Үдербаев мәселені толық тарқатып айтады.
Ащыөзек жотасының етегінде сағымға көміліп көне қорған жатыр... Сыры беймәлім. Қай ғасырда, қай ел тұрғызды, белгісіз. Қорған десе қайласы мен күрегін ала жүгіретін археологтар бұл жерге ат ізін салмаған. Бәлки естімеген де болар... Сонау ес білген бала шағымда сағымға оранып, бар құпиясын жасырып жатушы еді. Әлі де сол қалпы. Тек жел мен жаңбыр кемірген қорғанның қабырғалары үгіліп, жерге сіңіп барады. Кезінде көтеріліп, күншілік жерге көз салар төрт мұнарасы да құлаған, төрт жақтан кіріп шығуға қолайлы төрт қақпасы да опырылып, дөңбешікке айналған. Апыр-ау, көштен бөлініп қалған тайлақтай жапан далада қарауытқан бұл не қылған қорған? Кім тұрғызды? Суыртпақтап тартар тарихы қайсы? Тек көне дүниеден сыр шертетін тарихи кітаптарды парақтап, өзіңше жорамалдайсың? Басқа жол жоқ. Ащыөзек жотасының етегінде сағымға көміліп көне қорған жатыр... Сыры беймәлім...Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Найманқала» бұл қай қала?» деген мақалада жазылған.