Лайықты еңбек ұлттық бағдарламасы жұмысшыға абыройлы және өнімді еңбек ету мүмкіндігін беруге бағытталған - А.Сарбасов

ТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстан еңбекке қабілетті кез келген азаматына жұмыс тауып берумен қатар оның еркіндікте, теңдікте, әлеуметтік кепілдік пен адам абыройын құрметтеуге жағдай жасалған ортада жұмыс істеуіне көңіл бөліп келеді. Ағымдағы жылғы Елбасы Н.Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауында да бұл мәселеге зор көңіл бөлініп, арнайы бағдарлама да қолға алынған болатын.

Сонымен қатар еліміз Халықаралық еңбек ұйымымен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыс істеуде. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі жоғарыда аталған ұйыммен арадағы жұмыстардың бағыт-бағдарын білу мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Ахмади Сарбасовты әңгімеге тартқан болатын.

- Ахмади Әділұлы, біздің еліміз Халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастық желісі бойынша қандай жұмыстар жүргізуде?

- Қазақстан 1993 жылдан бері Халықаралық еңбек ұйымының мүшесі әрі еңбек саласындағы негізгі құқықтарға қатысты ұстанымдарды ХЕҰ жарғысына сәйкес сақтауға, әрекеттесуге және өмірде жүзеге асыруға міндеттеме алған. Елімізде халықты еңбекпен, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша ХЕҰ-ның маңызды тұжырымдамасы ратификациялаған да болатын. Бұл ұйыммен ынтымақтаса жұмыс істеген жылдар ішінде еңбек қауіпсіздігі жүйесін жетілдіру, еркектер мен әйелдердің жұмыспен қамтылу мүмкіндігін кеңейту, әлеуметтік сұхбаттастықты нығайтуға және әлеуметтік әріптестік негізінде ұжымдық келіссөздер жүйесін дамыту бойынша бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мыңжылдықтың даму мақсаттарына қол жеткізуде Даму мақсатында көмек көрсету жөніндегі БҰҰ-ның Негіздемелік бағдарламасын және жұмыс орындары туралы ХЕҰ-ның Жаһандық пактісінің ережелерін жүзеге асыру үшін Қазақстанда 2010-2012 жылдарға арналған Лайықты еңбек бағдарламасы әзірленді.

- Осы бағдарлама туралы тарқатып айтып берсеңіз.- Бағдарламаның үш бағыты, атап айтқанда, халықаралық стандарттарға сәйкес еңбек қатынастары саласындағы мәселелерді реттеу, еркектер мен әйелдердің еңбекпен тиімді қамтылуына және әлеуметтік қорғалуына жәрдемдесу, үшжақты ынтымақтастықты және әлеуметтік диалогты одан әрі дамыту бойынша алға қойылған мақсаттар мен нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті басты индикаторлар, іс-әрекет шаралары және стратегиясы нақты құрылған.

Бірінші басымдықты жүзеге асыру барысында негізгі күш-жігер халықаралық стандарттарға сәйкес еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғау және гендерлік теңдік саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіруге бағытталады. Еркектер мен әйелдердің еңбекпен тиімді қамтылуы көзделген екінші басымдықты жүзеге асыру аясында Жұмыс орындары туралы Жаһандық пактіні ілгерілету, жұмыспен қамту саясатын және әлеуметтік қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін, сондай-ақ еңбекті қорғауды басқару жүйесі мен көші-қон заңнамасын жетілдіру бойынша іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

Ал үшжақты ынтымақтастықты және әлеуметтік диалогты одан әрі дамыту атты үшінші басымдықты жүзеге асырудағы негізгі іс-шаралар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жоғарылатуға, балалар еңбегінің ең ауыр формаларын түп-тамырымен жою саласындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталады. Сонымен қатар негізгі жоспарланған шаралар ХЕҰ-ның 9-конвенциясы үшін жағдайды сараптауға және зерделеуге бағытталған.

- Біздің ұлттық заңнамамыз ХЕҰ конвенциясына қаншалықты сәйкес келеді?

- Бұл ретте қазірдің өзінде-ақ ХЕҰ-ның қатысуымен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгертулер әзірленгенін атап өткен орынды. Заңнаманы жақсарту және еңбек инспекцияларының іс жүзіндегі қызметтерін ХЕҰ аудитінің ұсыныстарына сәйкес келтіру бойынша бірлескен жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін реформалауда ХЕҰ тарабынан эксперттік көмек көрсетілуі жоспарлануда.

- Мемлекет басшысының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа әдістері жайында айтылған. Бұл әдістер Ұлттық бағдарламада көзделген бе?

- Жоғарыда атап өткенімдей, еркектер мен әйелдердің еңбекпен тиімді қамтылуы негізделген екінші басымдықты жүзеге асыру аясында жоспарланған негізгі шараларда жұмыспен қамту саясатын жетілдіру көзделеді. Бәсекеге қабілетті ұлттық сәйкестікті дамыту және жаһандану тұрғысында бұл шаралар өзін-өзі еңбекпен қамтыған халықтың құрылымы мен жағдайын, халықтың мақсатты топтарын, оның ішінде әйелдер мен жастарды шағын несиелендіру тетіктерін жетілдіру туралы зерттеулер жүргізуге бағытталатын болады. Кәсіпкерлік білімге қол жетімділік мүмкіндіктерін кеңейту, жастарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аудара отырып, оларды оқыту және гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша кешенді түрлі міндеттерге бағытталған жаңа тәсілдер ұсынылған.

- ХЕҰ еліміздегі еңбек заңнамасын жетілдіру жұмыстарына қандай қолдау көрсетуде?

- Бірінші кезекте, ұйымдардағы еңбекті қорғау және қауіпсіздігі бойынша ішкі бақылау, еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу және кәсіпорындардағы қауіпсіздік жөніндегі комитеттерді ұйымдастыру мәселелерінде ҚР Еңбек кодексін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізу аясында консультативтік көмек көрсетеді.

Әлеуметтік қамтамасыз ету, жалақы өтеу коэффициенттері мәселелерінде техникалық сараптама жүргізу және кеңес беру, сонымен қатар аралық күнкөріс минимумын анықтау әдістемесін жетілдіру мәселелері бойынша техникалық кеңес беру қарастырылады. Жаңа міндеттерді орындау үшін еңбекті қорғау бойынша жұмысшылардан өкілдер дайындауға көмек беру мақсатында Еңбекті қорғау жөніндегі ұлттық институтқа консультативтік қолдау білдіреді.

Еңбекті қорғауды басқару жүйесінде еңбек саласындағы АҚТҚ/ЖҚТБ-тің алдын алу мәселелерін енгізу бойынша жұмыстарда жүргізілуде. Үшжақты әріптестер ХЕҰ-мен ынтымақтастықта ХЕҰ-ның «АҚТҚ/ЖҚТБ және еңбек саласы» практикалық ережелер жиынтығының принциптері негізінде жұмыс орындарындағы АҚТҚ/ЖҚТБ-ның алдын алу бойынша қызметтерді реттеу тетіктерін іс-жүзінде әзірлеп, қолданатын болады. Әлеуметтік әріптестермен үшінші басымдықты жүзеге асыруда ХЕҰ-ның № 87, 98 және 135-ші конвенцияларын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар, сонымен қатар еңбек дауларын реттеу саласындағы сараптамалық көмек беру жалғасатын болады.

- Лайықты еңбек ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру аясында тағы қандай шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр?

- Әлеуметтік әріптестер ұйымдарының әлеуетін дамытуға бағытталған, оның ішінде 2008 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен республикалық жұмысшылар бірлестігі және республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасында қол қойылған 2009-2011 жылдарға арналған бас келісімді жүзеге асыруға жәрдемдесу мақсатында нақты іс-шаралар қабылданатын болады. Бұл келісімде ХЕҰ-ның конвенциясына және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы БҰҰ-ның жаһандық келісіміне сәйкес келетін ереже қолданылған. Әлеуметтік әріптестерге ХЕҰ-ның №182-ші Конвенциясын және балалар еңбегінің ең ауыр формаларын түп-тамырымен жою жұмыстарындағы бірлескен жоспар бойынша жұмыстар жалғасады. Ұсыныстар еңбек саласындағы пандемияға жан-жақты қарсы тұру, яғни негізгі құқықтары мен еркіндікпен, гендерлік теңдікпен, әлеуметтік диалогты нығайтумен, жұмыс орындарындағы пандемияға қатысты тәуекелдердің алдын алумен, еңбекті қорғаудың жүйелі және первентивті мәселелерімен байланысты негізгі ұстанымдарды қамтитын ұлттық саясаты қалыптастыру мүмкіндігін кеңейтеді.

Осылайша Лайықты еңбек бағдарламасын жүзеге асыру аясында әлеуметтік әріптестермен және ХЕҰ-мен сындарлы ынтымақтасу еркіндік, теңдік, әлеуметтік кепілдік және адам абыройын құрметтеу жағдайында лайықты және өнімді еңбек ету мүмкіндігін жұмысшыларға құру нәтижесіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

- Сұбатыңызға рахмет!