Лимфа түйіні қай жағдайда қауіпті — дәрігермен сұхбат

АСТАНА. KAZINFORM — Лимфома кез келген жаста кездеседі. Оның жиі байқалатын белгілерінің бірі — лимфа түйінінің ұлғаюы. Дегенмен ауру кейде сырттан байқалатын түйінсіз де өрбуі мүмкін.

Фото: Ұлттық ғылыми онкология орталығы

15 қыркүйек — Дүниежүзілік лимфома туралы ақпараттандыру күні. Осыған орай Kazinform тілшісі Ұлттық ғылыми онкология орталығы Лимфопролиферативті аурулар бөлімінің дәрігері Ақбота Тұрсынмен лимфоманың белгілері, оны анықтау жолдары мен қазіргі емдеу мүмкіндіктері туралы әңгімелесті.

— Ақбота Бейбітқызы, алдымен лимфома деген қандай ауру, оның неден пайда болуы мүмкін екенін қарапайым тілмен түсіндіріп өтіңізші. Оның нақты бір себебі бар ма?

— Лимфома — лимфа жүйесіндегі қатерлі ісік ауруларының үлкен тобы. Жалпы ол екі үлкен топқа бөлінеді: ходжкин лимфомасы және ходжкиндік емес лимфомалар. Бұл дерт белгілі бір жас тобымен шектелмейді, ол кез келген жаста анықталуы мүмкін. Мәселен, қазіргі таңда Ходжкин лимфомасы жастар арасында да жиі кездеседі. Ал Ходжкиндік емес лимфоманың көп түрі жас ұлғайған сайын жиі пайда болады. Сондықтан адамның жасы аурудың бар-жоғын анықтайтын өлшем емес. Бұл жерде лимфоманың нақты қай түрі екені маңызды.

Ал, лимфома неден пайда болады деген сауалға келсек, көп жағдайда адамдардың неліктен лимфомамен ауырғанын нақты бір себеппен түсіндіру қиын. Оның дамуына ықпал етуі мүмкін факторлар бар. Мысалы, белгілі бір вирустық инфекциялар мен аутоиммундық аурулар әсер етуі мүмкін. Бірақ жағдайда нақты бір адамға «сізде лимфома дәл осы себептен пайда болды» деп айту көп мүмкін емес. Сондықтан дұрыс тамақтанатын, спортпен айналысатын, зиянды әдеттері жоқ адамда да лимфома дамуы мүмкін.

Фото: Freepik

— Лимфоманың бір белгісі — лимфа түйінінің ұлғаюы. Бірақ суық тигенде немесе тамақ ауырғанда да түйін ұлғайып жатады. Қай кезде дәрігерге көрінген жөн? Лимфома міндетті түрде түйіннің ұлғаюымен байқала ма?

— Суық тигенде, тамақ ауырғанда немесе басқа жұқпалы ауру кезінде лимфа түйіні уақытша ұлғаюы мүмкін. Әдетте адам жазылғаннан кейін түйін де біртіндеп кішірейеді. Кейде бұған екі-үш апта уақыт кетеді. Егер бірнеше апта өтсе де түйін кішіреймей, керісінше үлкейе берсе немесе жаңа түйіндер пайда болса, дәрігерге көрінген жөн. Ауырмайтын, қатты немесе қолмен ұстағанда қозғалмайтын түйіндерге де мән беру керек. Дегенмен оның неден ұлғайғанын сырттай қарап анықтау мүмкін емес. Оған инфекция, аутоиммундық ауру немесе басқа жағдайлар да себеп болуы мүмкін.

Лимфома міндетті түрде түйіннің ұлғаюымен байқалмайды. Кейбір түрлері сүйек кемігін немесе ішкі ағзаларды зақымдауы мүмкін. Мұндайда адамның дене қызуы еш себепсіз ұзақ уақыт көтерілуі, түнде қатты терлеуі немесе салмағы себепсіз азаюы мүмкін. Түнгі тершеңдік дегенде жай ғана ыстықтап терлеуді айтып отырған жоқпыз. Кейде адам түнде қатты терлегені соншалық, тіпті киімі мен төсек-орнын ауыстыруға тура келеді. Бұл белгілер ұзақ уақыт сақталса немесе әлденеше рет қайталанса, дәрігерге көрініп, себебін анықтаған дұрыс.

— Осындай белгілермен дәрігерге барған адамды әрі қарай қалай тексереді? Мәселен, қан талдауы қалыпты шықса, «лимфома жоқ» деп санауға бола ма? Биопсиядан қорқатындар да бар. Оның ауруды таратып жіберуі мүмкін деген түсінік қаншалықты рас?

— Тек қан талдауына қарап лимфоманы толық жоққа шығара алмаймыз. Алдымен жалпы және биохимиялық қан талдаулары жасалып, ультрадыбыстық зерттеу жүргізіледі. Қажет болса, позитрондық-эмиссиялық және компьютерлік томография, яғни ПЭТ/КТ жасалады. Бұл зерттеу аурудың қай жерлерге таралғанын анықтауға көмектеседі. Нақты диагноз қою үшін өзгерген лимфа түйінінен немесе зақымдалған ағзадан биопсия алынады. Алынған материал гистологиялық және иммуногистохимиялық зерттеуден өтеді. Соның негізінде лимфоманың бар-жоғы және оның нақты түрі анықталады.

Биопсиядан қорқатын науқастар да кездеседі. Халық арасында «ісікті қозғаса, тарап кетеді» деген түсінік бар. Бірақ оның ғылыми негізі жоқ. Медициналық талаптарға сай жасалған биопсия аурудың таралуына себеп болмайды. Керісінше, нақты диагноз қойып, дұрыс ем таңдау үшін қажет.

— «Лимфома» деген диагнозды естіген адамды ең алдымен «бұл ауру емделе ме?» деген сұрақ мазалайтыны анық. Қазіргі медицинада лимфоманы емдеудің қандай мүмкіндіктері бар? Ал алғашқы ем нәтиже бермесе немесе ауру қайта оралса ше?

— Лимфома диагнозы үміт жоқ деген сөз емес. Қазір оның көптеген түрін тиімді емдеуге болады. Мәселен, Ходжкин лимфомасы бар науқастардың басым бөлігінде ұзақ мерзімді толық ремиссияға қол жеткізуге болады.

Ем әр науқасқа жеке таңдалады. Ол үшін алдымен лимфоманың нақты түрі мен аурудың қаншалықты таралғаны анықталады. Науқастың жасы, жалпы жағдайы және аурудың биологиялық ерекшеліктері де ескеріледі. Сондықтан екі адамға бірдей «лимфома» диагнозы қойылғанымен, олардың емі мен болжамы әртүрлі болуы мүмкін. Қазір лимфоманы емдеуде химиотерапиямен қатар моноклоналды антиденелер, таргеттік препараттар, антидене-дәрілік конъюгаттар және жасушалық терапия қолданылады. Кей жағдайда сәулелік терапия қажет болуы мүмкін. Көрсетілім болса, гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау да жүргізіледі. Емнің нәтижесін аралық зерттеулер арқылы бағалап отырамыз. Мәселен, ПЭТ/КТ арқылы ісіктің емге қаншалықты жауап бергенін анықтауға болады. Соған қарай емді жалғастыру немесе басқа емдеу әдісіне көшу туралы шешім қабылданады. Егер алғашқы ем күткен нәтиже бермесе немесе ауру қайта оралса, басқа емдеу әдістері қарастырылады. Мұндайда екінші және одан кейінгі желідегі ем қолданылуы мүмкін. Көрсетілім болса, жоғары дозалы химиотерапия жүргізіліп, аутологиялық гемопоэздік дің жасушалары трансплантацияланады.

Ауру қайта оралса да, емдеуді жалғастыруға болады. Ары қарайғы ем әр науқастың жағдайына қарай жеке таңдалады.

Фото: Freepik

— Лимфоманың кей белгілері күнделікті кездесетін жағдайларға ұқсайды. Тәжірибеңізде науқастар кейін «мұны бұрыннан байқап жүр едім» деп айтатын кездер бола ма? Көбіне қандай белгілерге мән бермей жүреді?

— Иә, мұндай жағдайлар кездеседі. Кейбір науқастар мойнындағы немесе қолтығындағы ауырмайтын түйінді бірнеше ай байқап жүрсе де, «өзі кетеді» деп, дәрігерге бармайды. Түнгі тершеңдікті бөлменің ыстықтығынан көреді, салмақ жоғалтуды күйзеліспен немесе жұмыстың көптігімен байланыстырады, ал әлсіздікті шаршауға жориды. Осылайша дәрігерге қаралуды кейінге қалдырып жүруі мүмкін.

— Ал балаларда ше? Баланың лимфа түйіні ұлғайса, ата-ана қай кезде дәрігерге көрсетуі керек?

— Балаларда лимфа түйіндері жиі ұлғаяды. Көп жағдайда бұл инфекцияға байланысты болады. Сондықтан түйін байқалды екен деп бірден қатерлі аурудан күдіктенудің қажеті жоқ.

Алайда түйін біртіндеп үлкейсе, қатайса, қозғалмаса немесе бірнеше жерден қатар байқалса, баланы дәрігерге көрсеткен жөн. Дене қызуы себепсіз ұзақ уақыт көтерілсе, түнде қатты терлесе немесе себепсіз салмақ жоғалтса, тексеруді кейінге қалдырмаған дұрыс.

— Уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рақмет!